Түркістан облысы: Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды

Бүгін Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері, басқарма қызметкерлері, сала мамандары қатысты. Жиынды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізіп отырды.

Денсаулық сақтау саласының түрлі бағыттарына жауапты басшыларының баяндамалары мен есептері тыңдалды. Кемшіліктер мен проблемалар ашық айтылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бас дәрігерлер мен сала жетекшілеріне халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді, жүйелеуді тапсырды.

– Ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелер кейбір аудандарда жиі қайталануда. Оның сыры мен себебі неде? Басқарма тарапынан жіті талдау жасалып, мамандар себебін анықтауы қажет. Екіншіден, көрсеткіші төмен медицина мекемелерін білікті мамандармен қамтуға көңіл бөлінсін. Қажетті мамандықтар бойынша оқыту мәселесі де өзекті. Зерделеу нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар беріңіздер. 2024 жылы денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Бүгін штаттан тыс бас мамандардың баяндамалары тыңдалды. Мәселелер аз емес. Медициналық ұйымдар халыққа сапалы қызмет көрсетсін. Әсіресе, жекеменшік мекемелерге шағымдар бар. Жұмысты ширатыңыздар. Баяндамадағы туындаған мәселелерді шешу бойынша Денсаулық сақтау басқармасы іс-шара жоспарын құрып, тиісті жұмыс жүргізілсін, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Мәжілісте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гинекологы Эльмира Қожахметова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттын тыс бас педиатры Алтын Досанова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы Бауыржан Бертаев, Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Меруерт Боташева өздеріне бекітілген салалар бойынша есеп берді.

Ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиялық ауруларға ерте скрининг жүргізіп, алдын алу бағытындағы жұмыстар баяндалып, тиісті ұсыныстар берілді.

Баяндамада айтылған көрсеткіштері төмен әрі жұмысы нашар медициналық мекеме басшыларына ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысын дұрыс атқармаған және шикілікке жол берген медициналық мекемелердің басшыларына мемлекеттік тапсырыстарға қатыстырмау бойынша ұсыныс берілетіні ескертілді.

Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 миллион 60 мың адам тіркелген. Медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 307812 жедел жәрдем шақыртуы, 784 санавиация шақыртуы бойынша жұмыс жүргізілді. 5 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген.

Айта өтейік, Үкіметтің қаулысымен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Маусымның 11-інде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатты министр Ақмарал Әлназарова ұсынды. 

Соңғы 5 жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды, медициналық жабдықтарды сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл ретте инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары 50% күйінде қалып отыр, жұмыс істеп тұрған нысандардың жартысы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Елімізде медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80 пайыздан асса, қызмет көрсету сапасы техниканы тозуы салдарынан төмендеп отыр, деп хабарлады министр. Денсаулық сақтау жүйесінің қосымша проблемалары аурухана төсек қорын тиімсыз пайдалану, дәрігерлер мен медбикелердің тапшылығы болып саналады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға кешенді көзқарас қажет екенін атап өтті. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, медициналық мекемелердің құрылысына арналған орындарды анықтау процесі ұзақ мерзімді болжамдар мен халықтың әртүрлі көмек түрлеріне қажеттіліктерін ескере отырып қайта қаралатын болады.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 2,5 мың денсаулық сақтау нысанын жаңғырту қажеттілігін анықтады. Бірінші кезең 11 440 төсек-орындық 34 негізгі жоба құрылысын қамтиды. Бұл жүйе құраушы медициналық мекемелер – атап айтқанда, ұлттық балалар онкологиясы және гематология орталығы, балалар кардиохирургиялық орталығы, өңірлердегі көпсалалы университеттік ауруханалар. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп нысандарды жаңғыртуды жалғастыру жоспарлануда.

 Премьер-Министр жобаларды іске асыру барысында құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды отандық өндірушілерді барынша тарту маңызды екенін атап өтті, бұл өңірлердің экономикасына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, халықаралық сапа стандарттары сақталуы керек. 

«JCI (Joint Commission International) халықаралық стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді, олардың қатарында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық орталығы және басқалары бар. Осы стандарттар бойынша аккредиттелу денсаулық сақтау сапасының “жоғары деңгейін” көрсетеді. Барлық денсаулық сақтау мекемелері осындай деңгейге ұмтылуы керек. Сондықтан негізгі объектілерді жобалау кезеңінен бастап JCI халықаралық стандартының талаптары ескеріліп көзделуі тиіс», — деп атап көрсетті Үкімет басшысы. 

Денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды тарту бойынша әлемдік тәжірибені қолдану қажеттілігі атап өтілді. Таяу болашақта медициналық нысандарды жарақтандыру мен басқарудағы мұндай әдіс инфрақұрылымды дамытудың басым шарасы болуға тиіс. Үкімет басшысы Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу облыстары әкімдерінің назарын осы мәселеге аударды – бұл өңірлер тартылған қаражат көлемі бойынша ең төмен көрсеткіштерді көрсетуде. Инвестициялардың басым бөлігі Астана мен Алматыға, сондай-ақ Түркістан және Атырау облыстарына тиесілі.

Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша денсаулық сақтау объектілерінің тозу дәрежесін 30%-ға дейін төмендету, жарақтандыруды 88%-ға дейін ұлғайту және нормативтерге сәйкес медицина кадрларымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ал шілденің 9-ында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның жұмысы және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарлары туралы баяндалды.

Президентке қазіргі уақытта болжамды өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 75 жастан асатыны жөнінде айтылды. Жыл басынан бері инфекциялық аурулардың 21 түрі бойынша, соның ішінде коронавируспен сырқаттану көрсеткіштері төмендеген. Вакцинациялау және профилактикалық іс-шараларды жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ақмарал Әлназарова министрліктің жұмысына қатысты Президент тапсырмаларының орындалуы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, медициналық қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып отыр. Алғашқы және стационарлық медициналық көмекті ұйымдастырудың тәсілдері қайта қаралуда. Сондай-ақ диагностикалық және емдеу стандарттары жаңартылып, саланың кадрлық әлеуеті нығайып келеді.

Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу жүйесінің тиімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, медициналық мекемелер жұмысының тиімділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бақылауды жақсарту үшін заманауи цифрлық технологиялар әзірленген. Олар қолданысқа енгізіліп жатыр.

Президентке жаңа медициналық нысандар салу және сала қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру мәселелері қамтылған Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы ақпарат берілді. Қабылданған осы тұжырымдама аясында денсаулық сақтау ұйымдарының оңтайлы және тиімді желісін құруға бағытталған 34 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар медициналық көмек көрсетудің мейілінше нәтижелі болуына назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесін сапалы түрде қайта құру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ салаға, оның ішінде дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде міндеттер жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin