Түркістан облысы: Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары бойынша рейд жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысында жазғы шомылу маусымы ашылғалы бері ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 2 670 патрульдеу және рейд жұмысы жүргізілген.

Сонымен қатар, өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 5 500-ге жуық тұрғын үйлерді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары атқарылған. Бұл жайында Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен брифингте мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, атқарылып жатқан ауқымды шараларға қарамастан жыл басынан облыста 37 адамның суға кету жағдайы тіркелді. Олардың ішінде 21-і кәмелет жасына толмаған балалар болып отыр. Балалардың суға батып, қайтыс болуының басты себебі – үлкендердің қарауынсыз қалуы және белгіленбеген жерлерде суға түсуі. Су айдындарының жанында балаларды қараусыз қалдыру – қауіпсіздік қағидаларын бұзу болып табылады» — деді басқарма бастығы.

Департамент тарапынан түсіндірме жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, мектептерде судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар мен ашық сабақтар өткізілген. Сонымен қатар, спикер әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру бойынша, 1500-ден астам бала қамтылғанын жеткізді.

Естеріңізде болса, 18 масымда су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралған-ды. Шомылу маусымы кезінде алдын алу шаралары туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді, сондай-ақ Ішкі істер, Оқу-ағарту және Көлік министрлері баяндама жасады.

Бүгінгі таңда жазғы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еліміз бойынша су айдындарында 42 құтқару бекеті жұмыс істейді. Келесі жылы Шалқар, Имантау көлдерінде, сондай-ақ Қосшы қаласында 3 модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар қайықтар мен құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп шомылуға және демалуға рұқсат етілген орындарды көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде еліміз бойынша осындай 708 орын жабдықталған, жағажайлардың орналасқан жері туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған. Судағы қауіпсіздікті бақылау, оның ішінде су айдындарының жағалауларында спирттік ішімдіктерді тұтыну фактілерінің жолын кесу жөніндегі профилактикалық іс-шаралар шеңберінде акваторияларға патруль жүргізіледі. Жыл басынан бері 26 мыңнан астам рейд ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылды.

Үкімет отырысы барысында су айдындарына жақын жерде ұйымдастырылған балалар демалысы мәселесіне ерекше назар аударылды. Мониторингтік топтар суға шығатын 31 қала сыртындағы лагерді және өз бассейндерімен жабдықталған 127 демалыс базасын тексерді. Статистикаға сәйкес, жыл сайын республиканың су айдындарында 200-300-ге жуық суға кететіндердің 100-ге жуығы — балалар. Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шараларын күшейтуді, оның ішінде жүргізіліп жатқан патрульдеу шарансын арттыруды тапсырды. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жағдайды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қабылдау да маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында құрбан болғандар саны 6%-ға қысқарды.

«Алматы және Павлодар қалаларында жүзіп бару шекарасын байқауға және суға батып бара жатқандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қашықтан мониторинг жасау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтті. Ақтөбе облысында суға батып бара жатқан адамға батырма арқылы көмек шақыру сигналын жіберуге мүмкіндік беретін интерактивті қалқыма жобасы әзірленді. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, пайдалануы тиіс. Жағажайларда бақылау камераларын орнату және тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет», — деп атап өткен Олжас Бектенов қоғамдық құтқарушыларды тарту бойынша жұмысты одан әрі жандандыру қажеттігін айтты.

Ірі су айдындарынан басқа арықтар мен суару каналдары да қауіп төндіретініне айрықша назар аударды Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Балалардың қайтыс болу жағдайлары негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Премьер-Министр әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы инженерлік құрылыстарды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар қалалық субұрқақтардың қауіпсіздігін тексеру маңызды.

Шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылау бойынша қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Ақауы бар су көлігін пайдалану көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 19 мыңнан астам кеме тіркелген, оның 90%-дан астамы — өздігінен жүретін кемелер.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндауынша, Оқу-ағарту министрлігі балалардың cудағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстарды атқарып жатыр.

«Мемлекеттік жалпы білім берудің міндетті стандарттары аясында балабақшаларда ойын, практикалық сабақтар өткізу, анимациялық роликтер көрсету арқылы судағы қауіпсіздік сабақтары өтсе, мектептерде 4 пән мазмұнында жалпы 38 сабақ қауіпсіздік тақырыбына арналған. Сонымен қатар биылғы оқу жылында мектептерде судағы қауіпсіздік тақырыбында 2327 сынып сағаттары ұйымдастырылды. Ал, жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде 1-11 сынып оқушыларына, сынып сағаттары аясында апта сайынғы қауіпсіздік сабақтары енгізіледі», — деді Оқу-ағарту министрі.

Бұдан бөлек биыл осы тақырыпта сыныптан тыс 1 852 интерактивті ашық сабақ және 1 162 оқу-жаттығу өткізілді.

Бүгінде білім беру ұйымдарында 10 476 қауіпсіздік бұрышы орнатылған, 2 800 «Жас құтқарушы» үйірмесі жұмыс істейді. 

Балалардың судағы қауіпсіздігі жаз мезгілінде ерекше өзекті болатыны белгілі. Сондықтан барлық өңірлерде тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктер өкілдерінің бірлескен мониторингтік топтары құрылды. 

«Мониторинг топтар су қоймаларының жанында орналасқан қала сыртындағы 31 лагер мен 127 бассейнді қауіпсіздік тұрғысынан зерделеді, оларға санитарлық бақылау күшейтілді. Жазғы демалысты ұйымдастырушыларға арналған балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында республикалық 3 семинар-кеңес өткізілді. Қауіпсіздік нұсқаулықтары, оның ішінде суға түсудегі қауіпсіздік дағдылары қамтылған «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» атты guidebook мектеп оқушыларына таратылды», — деді Ғани Бейсембаев.

Балалардың суға кету фактілерінің жыл сайын азайуына қарамастан жазатайым оқиғалардың 95%-ы суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алса, ал үштен бірінде ата-аналар балаларды қараусыз қалдырған.

Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға: суға шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған жерлердің тізбесін өзектендіру, онда құтқарушылар кезекшілігін ұйымдастырып, ескерту белгілерін орнату жұмыстарын күшейту қажет.

«Барлық қазақстандық ата-аналарды балаларын бақылаусыз және қараусыз қалдырмауға шақырамыз», — деп сөзін түйіндеді министр. 

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында жазғы өрт қауіпсіздігі бойынша да сөз қозғалды. Түркістан облысының аумағында 2024 жылдың басынан 205 өрт тіркелген. Өрт салдарынан 9 адам зардап шегіп, оның ішінде 4 адам қайтыс болған. Бұл жайында Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді. Сонымен қатар, «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірлескен жоспары бекітіліп, құрамында төтенше жағдайлар департаменті, полиция, орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы, табиғат қорғау мекемесінен облыстық деңгейде рейттік топ құрылған. Аталған топпен 34 рейд жүргізіліп, өрт қауіпсіздігін сақтамаған 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin