Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жылыжай шаруашылығын дамытып келеді

Түркістан облысы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырудан көш бастап тұр. Өзге мемлекеттік бағдарламалар мен бизнеске арналған жеңілдіктер де тиімді қолданылуда. Сарыағаш ауданында да жүйелі жұмыс жүріп жатқан жайы бар.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алып, қаржылай қолдау тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтардың кәсібімен танысты.

Алдымен аудан басшысы мемлекеттік грант алып, сүт өнімдерін саудалаумен айналысып жатқан Құркелес ауылдық округінің тұрғыны Құндыз Иргашеваның жұмысымен танысты. Көпбалалы ана сүт өнімдерін дамытуды мақсат тұтып, ағымдағы жылдың маусым айында мемлекеттік грант алып, асыл тұқымды түйе сатып алған. Бүгінде үй іргесінде шұбат сатып, кәсібін дөңгелетуде.

Содан соң, аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алған аталған ауылдық округ тұрғыны Фарид Рахманкуловтың жылыжай шаруашылығымен танысты. Танысу барысында жеке кәсіпкер аудан басшысына жылыжайдағы жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жұмыс барысын көзден кешірген Арман Абдуллаев жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

– Ауыл шаруашылық өнімдері – тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, қожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады. Бұл бағытта жұмыстарыңызды тоқтатпаңыздар, – деді аудан басшысы.

Айта кетсек, жеке кәсіпкер Ф. Рахманкулов өзінің шаруашылығындағы 1,70 гектар жер телімінде жылыжай тұрғызып, көкөніс өсірумен айналысуда. Қазіргі таңда қияр егіп, жылыжайдан жылына 2-3 өнім алып келеді.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша бірінші жартыжылдықта «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыз толтырып айтатын көрсеткіштер бар. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасына ағымдағы жылы өңірге республикалық бюджеттен 10,6 миллиард теңге қаражат бағытталып отыр. Жобаға 62 ауылдық округ және 62 кооператив қатысады. 6 бағыт қаржыландырылады.

Өсімдік шаруашылығы: болжамды қаржы 300 жоба, 2,3 миллиард теңге (21.6%),  450 жұмыс орны, 

Мал шаруашылығы: болжамды қаржы 272 жоба 2,1 миллиард теңге (19.6%), 272 жұмыс орны,

Құс шаруашылығы: болжамды қаржы 170 жоба, 1,3 миллиард теңге (12.2%), 170 жұмыс орны,

Балық шаруашылығы: болжамды қаржы 111 жоба, 0,8 миллиард теңге (8%),  111 жұмыс орны,

Кооперативтерді жабдықтау: болжамды қаржы 62 жоба, 1,8 миллиард теңге (17%)  248 жұмыс орны,

Өз кәсібін ашу: болжамды қаржы 300 жоба, 2,3 миллиард теңге (21,6%), 450 жұмыс орны.

Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде:

1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жұмыс орны құрылады;

АӘК алушылар саны 90 отбасы немесе 360 адамға қысқарады;

орташа жалақыны 125 % ұлғайту көзделуде.

Ағымдағы жылы бағдарлама электронды платформа арқылы жүзеге асырылатын болады.

Электронды платформа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне шағын бюджеттік кредиттер беру процестерін жаңғырту және оңтайландыру мақсатында әзірленді. Оның негізі несиелік өтінімдерді беру, қарау және басқару ашық және автоматтандырылған жүйеде қамтамасыз етіледі.

Жобаларды қаржыландыру тамыз айынан басталады.

Анықтама үшін айта өтейік, несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі — 2,5%.

Жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін — 9 230 000 теңгеге дейін (2,5 мың айлық есептік көрсеткіш).

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін — 29 536 000 теңгеге дейін (8 мың айлық есептік көрсеткіш).

Несиенің шекті мерзімі – 84-60 айға дейін (тараптардың келісімі бойынша анықталады).

Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін (тараптардың келісімі бойынша анықталады).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin