Түркістан облысы: Денсаулық сақтау саласында қажетті мамандықтар бойынша оқыту мәселесі  өзекті

Бүгін Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері, басқарма қызметкерлері, сала мамандары қатысты. Жиынды Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізіп отырды.

Денсаулық сақтау саласының түрлі бағыттарына жауапты басшыларының баяндамалары мен есептері тыңдалды. Кемшіліктер мен проблемалар ашық айтылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бас дәрігерлер мен сала жетекшілеріне халықтың денсаулығын сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді, жүйелеуді тапсырды.

– Ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелер кейбір аудандарда жиі қайталануда. Оның сыры мен себебі неде? Басқарма тарапынан жіті талдау жасалып, мамандар себебін анықтауы қажет. Екіншіден, көрсеткіші төмен медицина мекемелерін білікті мамандармен қамтуға көңіл бөлінсін. Қажетті мамандықтар бойынша оқыту мәселесі де өзекті. Зерделеу нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар беріңіздер. 2024 жылы денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Бүгін штаттан тыс бас мамандардың баяндамалары тыңдалды. Мәселелер аз емес. Медициналық ұйымдар халыққа сапалы қызмет көрсетсін. Әсіресе, жекеменшік мекемелерге шағымдар бар. Жұмысты ширатыңыздар. Баяндамадағы туындаған мәселелерді шешу бойынша Денсаулық сақтау басқармасы іс-шара жоспарын құрып, тиісті жұмыс жүргізілсін, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде 245 бейінді дәрігерлерге тапшылық туындап отыр. Оның 100-ге жуығы құрылысы аяқталуға жоспарланған 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, ангиохирург, онколог, патологоанатом, радиолог, травматолог, реабилитолог, эндокринолог, дермотолог, ЧЛХ, гематолог, гастроэнтеролог және тағы басқа да мамандар бар.

Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылу үстінде. Өткен жылы 43 дәрігер шет елдерде біліктілігін арттырды. Атап айтсақ, Мәскеуде — 30, Санкт-Петербургте — 6, Стамбулда 7 неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы қосымша білім алып, тәжірибе жинады.

Өңірдегі тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлініп келеді. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлу жоспарланып отыр.

Мәжілісте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гинекологы Эльмира Қожахметова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттын тыс бас педиаторы Алтын Досанова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас онкологы Бауыржан Бертаев, Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Меруерт Боташева өздеріне бекітілген салалар бойынша есеп берді.

Ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиялық ауруларға ерте скрининг жүргізіп, алдын алу бағытындағы жұмыстар баяндалып, тиісті ұсыныстар берілді.

Баяндамада айтылған көрсеткіштері төмен әрі жұмысы нашар медициналық мекеме басшыларына ескерту беріліп, жұмысты ширату тапсырылды. Жұмысын дұрыс атқармаған және шикілікке жол берген медициналық мекемелердің басшыларына мемлекеттік тапсырыстарға қатыстырмау бойынша ұсыныс берілетіні ескертілді.

Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым және 130 жекеменшік мекеме, оның ішінде 36 емхана кіреді. Барлық медициналық мекемеге 2 миллион 60 мың адам тіркелген. Медициналық ұйымдарда 35 714,75 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы 5 айда облыс халқына 15307002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 307812 жедел жәрдем шақыртуы, 784 санавиация шақыртуы бойынша жұмыс жүргізілді. 5 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin