Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы: Туризм бағытын дамытуға ден қойған вьетнамдық инвестор Түркістан әуежайына қаржы салуға ниетті болып отыр

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Вьетнам елінен арнайы келген «Sovico Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде әріптестік орнату бағыттары жан-жақты талқыланды.

Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласының әлеуетіне тоқталып, туризм мен өңір экономикасын ілгерілетуге сеп беретін ұсыныстарға ашық екенін жеткізді.

– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Түркістанның тек елімізде ғана емес, Түркі мемлекеттері арасында ерекше орны бар. Жаңа дәуірі басталған шаһар күн санап қарыштап дамып жатыр. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Әлеуеті артты. Туризм орталығына айналып келеді. 2024 жыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы статусына ие болды. Өңірде туризм бағытын дамытуға ден қойылған. Әуежайдың да әлеуеті мен мүмкіндіктері көп. Біз өңірдің дамуын жандандыратын жобаларды қарап шығуға, тиімді жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«Sovico Group» авиация инфрақұрылымы жөніндегі директоры Фам Нгок Сау өз тарапынан жобаларды талқылап, әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде айтылған ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, нақтылау жұмыстары жүргізіледі.

Естеріңізде болса, биыл 23 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «SOVICO Group» компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездескен болатын.

Кездесуде «SOVICO Group» компаниясының Қазақстан экономикасындағы түрлі секторға әлеуетті инвестор ретінде қатысу перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысының пікірінше, «SOVICO Group» компаниясының «Qazaq Air» авиакомпаниясын сатып алуға ниет білдіруі вьетнамдық конгломераттың біздің өңірде азаматтық авиацияны дамытуға қатысты аса маңызды жоспары бар екенін көрсетеді.

Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстандағы бірнеше әуежайды басқаруға алу, сондай-ақ логистикалық қоймаларға инвестиция құю ісіне қызығушылық танытатынын жеткізді. «SOVICO» компаниялар тобының құрамына кіретін «Vietjet Air» авиакомпаниясы еліміз арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын әуе рейстерінің санын біртіндеп көбейтіп келеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Вьетнам мен Сингапур инвесторлары қатысатын үшжақты серіктестік құру ұсынылды. Аталған бастама авиация, тау-кен өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері, «ақылды қалалар» және активтерді басқару секілді түрлі салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге бағытталған.

Мемлекет басшысы компанияның әртараптандырылған бизнес жүргізуде тәжірибесі мол екенін ескеріп, өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «SOVICO» компаниялар тобына кіретін «Aviation Holdings Company» арасында «Qazaq Air» авиакомпаниясын сатып алу шарттарына қатысты міндет жүктейтін ұсынысқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды. Алдын ала жасалған уағдаластықтарға сәйкес инвестор 5 жыл ішінде Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельді кемінде 20 ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. Сатып алу-сату шартына қол қою және мәмілені аяқтау жұмыстары жақын арада іске асырылмақ.

Сонымен қатар Қазақстан-Сингапур бизнес форумы аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен «SOVICO Group» арасындағы Стратегиялық серіктестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен, вьетнамдық «Sovico Group» «Qazaq Air» әуе компаниясын шамамен 2 миллиард теңгеге сатып алуы мүмкін. Келісім қыркүйекте аяқталады. Бұл туралы жуырда ғана Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«Мәміле қыркүйектің аяғында аяқталады деп күтеміз… Мәмілені «Самұрық-Қазына» жүзеге асырып жатыр, менің ойымша, шамамен 2 миллиард теңге болады», – деді М.Қарабаев.

Министр келісімшарт негізінде вьетнамдық компания «Qazaq Air-дің» бүкіл қарызын төлейтінін атап өтті. Әуе компаниясының қазіргі қарызы 38 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар жаңадан 20 ұшақ қосуға міндеттеме алған.

«Бірақ инвестордың өзі нарыққа 50-ге дейін ұшақ шығаруды жоспарлап отыр, өйткені «SCAT» және «Air Astana» әуе компанияларының әрқайсысында 54 ұшақ бар, бұл бәсекелестік пен әуе билеттерінің бағасына әсер етеді», – деді министр.

Бұл ретте инвестор «Qazaq Air-дің» 38 миллиард теңге көлеміндегі қарызын толығымен жауып, сонымен қатар 20 жаңа ұшақ сатып алады.

2023 жылдың қарашасында Көлік министрі Марат Қарабаев Вьетнамның «VietJet Air» компаниясы «QazaqAir-ді» сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. Ол шетелдік компанияның «QazaqAir-ді» сатып алған жағдайда қосымша 50 жаңа ұшақ жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Айта кету керек, шарттарға сәйкес «Qazaq Air» компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 миллиард теңге қарызын өтеуге тиіс болған. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 миллион теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 миллиард теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 миллион теңгеден, 2033 жылы – 18,282 миллиард теңгеден жүріп жатыр. 

Мамыр айында Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры еншілес әуе компаниясы – «Qazaq Air-ді» вьетнамдық «Sovico Group-қа» сататынын хабарлады. Былтыр қор әуе компаниясын бірнеше рет аукционға шығарып, сата алмаған еді.

Тағы бір білетініміз, «SOVICO Group» компаниясы Қазақстанда сауда-логистика орталығын ашуға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапары барысында «SOVICO Group» басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунг пен «Petrovietnam» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгты қабылдап, кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Сонда «SOVICO» компаниялар тобына кіретін «VietJet Air» лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отырғаны айтылды.

«SOVICO Group» – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin