Созақ ауданында ұлттық домбыра күні аталып өтті

Бүгін аудан орталығында Ұлттық домбыра күні мерекесі аталып өтті. «Ту тұғыры» алаңында Созақтан шыққан 18 тұлғаның есімдері жазылған «Күй құдіреті» монументіне гүл шоқтары қойылып, күй өнері ұлықталды. Тағылымды шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шараға жиналған Құрметті қонақтар мен барша тұрғындарды Ұлттық домбыра күні мерекесімен құттықтады.

— Әрбір отбасының төрінен орын алған қазақтың қара домбырасы қай уақытта болмасын рухымызды асқақтатып, халқымыздың мәдениетін айшықтай білді. Күмбірлеген қара домбыраның үні қайсыбірімізді болмасын тебірентері анық. Сан ғасырлық тарихтан тылсым сырын шерткен қасиетті Теріскей өңірінде күй өнерін насихаттаған талай таланттар дүниеге келді. Ықылас Дүкенұлы, Сүгір Әліұлы, берідегі Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзулла Үрмізов, Ергентай Борсабаев сынды дарынд күйшілеріміз күмбірлете күй орындап, күйшілік мектептің бастау бұлағына айналды. Тек күй ғана емес, тарихи мәдениетіміздің ата шежіресі екені ақихи шындық. Бабадан қалған бағалы мұрамызды қастерлеп, келер ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз. Біз осындай игі бастамалар арқылы ұлттық дәстүріміз бен рухани құндылықтарды нығайтуда мол табыстарға жететініміз сөзсіз,-деді аудан басшысы.

Келер ұрпаққа берері мол тағылымды шара одан әрі С. Қожанов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейде дәстүрлі күй өнерін насихаттаушы Ергентай Борсабаевты еске алу кешімен жалғасты. Шараға еліміздің әр өңірінен арнайы келген белгілі ғалымдар мен Құрметті қонақтар күйші жайында елдің есінде қалған естеліктерге тоқталды. Музейге күйшінің 1965 жылы жасалған қара домбырасы мен тұрмыста қолданылған заттары, үш тілде басылған «Қазақ күйлері антологиясы» кітабы табысталып, арнайы экспозициялық бұрыш ашылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің қобызшысы Құндыз Қаламбаева өз өнерін ортаға салып, А.Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздары мен шәкірттері күмбірлете күй орындады. Созақтық таланттар Сәуле Аппазова мен Мархабат Бейсенова әсем ән орындап, шараға жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Ұлттық домбыра күні — 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді. Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы отандық БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған еді.

1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды. Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды.

Қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген.

«Домбыра» атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады.

Кей деректерге сүйенсек, «домбыра» сөзі көне шумерден аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.        

Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған. Тағы бір деректерде «домбыра» атауы «дом+бұра» деген сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөзі қазір «домығып, ісініп кету» мағынасында қолданылып жүр. Ал «бұра»  «күйге келтір» дегенге саяды.

Домбыра тарихы

Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» трактатында айтылды. Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.

Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп  жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді б. з. 5-6 ғасырына жатқызады. Алматы облысында «Майтөбе» жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.

Домбыра жайлы аңыз

Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр «е, бұл сайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.

Домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған. Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтың айтуынша, «Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: «Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер» — дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы «қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай?» — дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды».

Домбыра түрлері

Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған. Мәселен, ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі.

Домбыра, негізінен, екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді. Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар. Олардың бірсыпырасы: ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты, балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер.

Оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар.

Домбыра құрылысы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Қақпақ – бетқақпақ деп те айтылады. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшегі бар: тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік. Домбыра тиегі үш түрлі болады: шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек. Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра күйлері

Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің кұрылымына байланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді.

XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ  халқының 1000 әні» кітабында: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» дейді. Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.

Қазақ халқы домбыраны көне заманнан бері қуанышта да, қайғыда да бірдей қолданып келеді. Олар домбыраның сыңғырлаған үнімен халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Ал домбырада ойнау өнері мен күйлер ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып отырған.

Әрбір шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық өнерді ұлықтайды. Оны ұлтымыздың жаны дерсің. Халқымыз бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі дүниенің қадір-қасиетін құрметтей біледі. Әдетте домбырасы жоқ шаңырақты мұрасы жоқ үй ретінде бағаланады. Ғасырлар бойы сақталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген ұлттық құндылықтың тамыры тым тереңде жатыр. Домбыраның өзіне тән үні бар, сол қоңыр үнді нағыз шебер ғана өз нақышына келтіріп орындай алады.

Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз.

Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру біздің қолымыздан келеді

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin