Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай Түркістан қаласында еске алу шарасы ұйымдастырылды

Бүкіл қазақ даласын улап келген Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай Түркістан қаласындағы Жеңіс саябағында Түркістан қаласы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесімен , Жастар ресурстық орталығы КММ және «мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-мен бірлесе отырып «Жеңіс» саябағында еске алу шарасын өткізіліп, қаза тапқан жандардың рухына тағзым жасалып гүл шоқтары қойылды.

Еске салсақ, Семей полигонында ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы 29 тамызда іске асырылды. Жалпы, сынақ жүргізілген 40 жылды адам денсаулығына, табиғатқа орасан зор залал келтірілді. Семейдегі ядролық әскери полигонның зардабын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Ал бүгін – осы полигонның жабылған күні. Қазақ жерін қырық жылдан аса уақыт уға бөктіріп, талайдың ғұмырын қиған, қаншама жанның жүрегіне жазылмас жара салған тажалды еске алу да оңай емес. Аймақта барлығы 456 жарылыс жасалды, оның 116-сы жер үстінде және ауада өтті. Бұл 1949-1962 жылдары болған жарылыстар еді. Ауа мен топырақ ластанды. Екінші кезеңде – 1963-1989 жылдары жарылыстар жер астына ауысты. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей ма­ңын­дағы радиациялық әсер аймағында тұра­тын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

Соңғы уақытта Семей полигонының қалай жабылғаны туралы ақпараттың ауқымы кеңейіп, полигонды «жапқан» адамдар саны көбейіп келеді. Бірақ баспасөз беттерінде полигонды жабу мәселесін алғаш көтерген адам – сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев делінген. Өйткені ол 1989 жылдың 20 ақпанында КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы М.Горбачевке құпия хат жолдап, «ядролық сынақтар туралы жұртшылыққа түрлі пікір таралып, тұрғындар арасында моральдық-психологиялық күйзеліс байқалады. Олардың осының бәрі сынақ тудырған кесел, дерттермен байланысты деуі де негізсіз емес» дей отырып, жарылыстарды тоқтатуды немесе оның қуатын кемітіп, жарылыс аралықтарын сиретуді, одан әрі жарылыстарды басқа бір қолайлы жақтарда өткізуді тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсыруын өтінеді. Алайда бұл хат туралы архивте ешқандай мәлімет сақталмаған.

Мәскеуге КСРО басшысына хат жазып, полигонды жапқан адам – Мұхамедғали Сужиков. 1958 жылы Семей облысының бірінші хатшысы болып тағайындалған Мұхамедғали Сужиков жарылыстарды өз көзімен көріп, оның зардабын Қазақ КСР Ғылым академиясының арнайы жасақтаған экспедиция басшысы С.Балмұхановтан естіп-біледі. Кейіннен ол КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бі­рінші хатшысы Н.Беляевке «О тяжелых последствиях испытаний атомного и термоядерного оружия на Семипалатинском полигоне» деген құпия хат жолдайды.

Бұл хатты кейінгі ізденушілер архивтерден таппаған, бірақ оның бар бол­ғаны академик С.Балмұханов пен М.Сужиковтың «Казахстанская правда» газетінде 1991 жылдың 20 шілдесінде жа­рия­ланған «Бомба для третьей мировой войны», «Ана тілі» тілі газетінде 2001 жылдың 23 тамызындағы «Почему я написал Хрущеву» деген сұхбатында расталады.

Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. Атаулы датаға 29 тамыздың таңдап алынуы да бекер емес. Полигонның жабылуыннан кейін адамзат үшін тарихи оқиға деген баға алды.

Бұл – мемлекет тарихының бір парағы, сол тарихи оқиғада өз қолтаңбаларын қал­дырған, сол кездегі Президент аппаратының жауапты қызметкерлері Василий Сухов, Пангерей Оспанов, Қайырбек Сүлейменов, Виктор Шкляр және мемлекеттік кеңесші Юрий Хитриннің есімдерін атағанымыз орынды. Бұл тарихи жұмыстың үлгі боларлық екінші жағы бар. Ол мемлекеттік қызметкерлердің, министрліктер және облыс басшыларының бастамашыл болуы, жауапкершілікті мойындарына алып, халыққа қажетті шешімдерді тез қабылдап отыру қажеттілігі еді.

Семей полигоны жабылғаннан кейін «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда №1787-ХII заң қабылданып, Үкімет қаулысы дайын­далды. Сол кезде радиациядан адам­­дардың қалай зардап шеккендерін анық­­тауда біраз қиындық туындағаны да рас. Өйткені облыста тұрғанмен де ядро­­лық жарылыстан адам зардап шек­пеуі мүмкін, сондықтан оның өлше­мін БЭР (биологиялық эквивалентті доза) көлемінде алу керек деген шешім қабыл­данды. Ал ең төмен радиациялық қауiптi аймақ – сол жерлердің бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 0,1-ден 7 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi болып бекітілді. Ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ – аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 35-тен 100 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi жатқызылды. Ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Семей облысының Абай, Бесқарағай және Жаңасемей аудандарының, Семей қала­сы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айна­бұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық ок­руг­терінің, Павлодар облысы Май ауданына қарасты Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елдi мекендерi жатады.

Заңда халықты әлеуметтiк жағы­нан қолдау қарастырылды. Атап айт­қанда, әйелдерге, балаларға және жас­өспірімдер мен олардың ата-аналарына берілетін қосымша жеңілдіктер мен өтемдер, әскери қызметшiлерге және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне берiлетiн жеңiлдiктер белгіленді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin