10 тамыз – Абай күніне орай Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық музейінде «Абайды таны, таңырқа!» тақырыбымен көрнекті абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, «Хәкім Абай» ғылыми зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбетовпен кездесу өтті. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, ұстаздар қауымы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов қатысып, аудан әкімінің сый—сияпатын жеткізді.
Жиынды музей басшысы Ниязалы Дүйсенбек ашып, Абай күнінің маңыздылығы мен өзектілігіне, кештің құрметті қонағының өмір жолына тоқталды. Абайтанудың білікті зертеушісі Жабал Алшынбекұлы Абай әлемінің қыр-сырын жіктеп, көптеген қызықты мағлұматтармен бөлісті.
Шара барысында «Жас туристер станциясының» әдеби үйірмелерінің шәкірттері Абай жырларынан шашу шашып, ән шырқады. Сондай-ақ «Абай әлемі» атты суретті көрме жасалып, қатысушылар назарына ұсынылды.
Сонымен қатар бүгін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толуына орай, «Қазақтың бас ақыны» атты көрме ұйымдастырылды. Бір аптаға жалғасатын көрмені музейге келушілер тамашалап, Абай әлеміне саяхат жасайды.
Көрме мақсаты – жастарға ақынның өмір жолындағы күресін, философиялық мәні зор қара сөздерін, өлеңдерін, әндерін, аудармаларын, жалпы рухани асыл-мұраларын насихаттау, Абай мұралары арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу, сонымен қатар, ақынның адамгершілік қасиеттерін үлгі ету.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің қаулысымен 2020 жылы 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Сол жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтті. Еліміздің мерекелік күнтізбесіне енген дәл осы күні әр өңірде шығармаларын насихаттайтын түрлі әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Абай күні қарсаңында Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы тамыз айының басында «Абайды оқы, орында» атты әдеби іс-шаралар онкүндігін бастаған болатын.
Алтыншы күнінде Облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, аудан, қалалардан келген 8-14 жас аралығындағы оқушылармен «Біз Абайды білеміз бе?» викториналық ойыны өтті. Ойынға балалар белсенді қатысып, Абай жайлы сұрақтарға жарысa жауап берді. Шара соңында балаларға кітапхананы таныстыру мақсатында экскурсия жүргізілді. Белсенді оқушыларға «Абайдың қара сөздері» жинағы және заманауи комикс кітаптар сыйға тартылды.
Онкүндік барысында кеңейтілген кітап көрмесі, әлеуметтік желілерде танымдық сауалнама, викториналық сұрақтар, сурет байқауы, қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айту сайысы сынды мазмұнды шаралар жоспарланған. Аталған іс-шара Абай ескерткішіне тағзым жасаумен қорытындыланбақ.
Ақыл мен ойдың асқар шыңына жеткен Абай атамыздың туған күні еліміздің барлық аймағында ерекше құрметпен аталып өтіледі. Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүрген ғалымдарымыздың бірі және бірегейі Мекемтас Мырзахметұлы.
Жасы 97-ге қадам басқан абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын Абай күніне орай арнайы құттықтап, сый-құрмет көрсетуге Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов барды.
Бар саналы ғұмырын Ұлы Абайдың іліміне арнаған Мекемтас Мырзахметұлы кандидаттық, докторлық ғылыми атақтарын Абай шығармаларын зерттеп қорғаған.
Қарт ғалымға сәлем беріп, ақ батасын алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары облыс аумағындағы идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы пікір білдіріп, ғылым мен руханият салаларында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды жеткізді.
Ұлттық болмыс пен салт-дәстүр, тарих пен мәдениет мәйегі жөнінде сөз қылған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы арнайы ат басын бұрып келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, хакім Абай туралы жазылған кітаптарын сыйға тартты.
Ал тамыздың 1-інде Абай күні қарсаңында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Онкүндіктің ашылу іс-шарасында сөз алған кітапхананың әдістемелік-инновациялық дамыту бөлімінің меңгерушісі Дана Байдәулетова атаулы күннің маңызына тоқталды.
Шара барысында Түркістан қалалық балалармен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының көркем сөз үйірмесіне қатысушылар Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ келушілерге арнайы жасақталған «Абай мұрасы – халық ұлағаты» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды. Әрі қарай жоспар бойынша күнделікті іс-шараларға ұласып, 10 тамызға дейін жалғасады. Онда кеңейтілген кітап көрмесі, әлеуметтік желілерде танымдық сауалнама, викториналық сұрақтар, сурет байқауы, қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айту сайысы сынды мазмұнды шаралар Абай ескерткішіне тағзым жасаумен қорытындыланбақ.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2020 жылы 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Сол жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтті. Еліміздің мерекелік күнтізбесіне енген дәл осы күні әр өңірде шығармаларын насихаттайтын түрлі әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Еске салайық, Абай Құнанбаев (1845-1904) – ақын–ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер.
Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау етеді. Терең философиялық ой мен азаматтық пафосқа толы оның өлеңдері езгі мен надандыққа қарсы күреске шақырады. Жаңа заман ақыны ретінде Абай қазақ әдебиетінде поэма жанрының орнығуына ықпал етті. Оның поэмаларының мазмұны (“Масғұд”, “Ескендір”) шығыс классикалық әдебиетінің мәнерімен Абайдың өзгеше ойлауымен құрылған көркемдік прозаның дамуына Абай қосқан үлес оның “Қара сөздерімен” бағаланады, бұл кітапта Абайдың қоғамдық-саяси көзқарасы айқын көрсетіліп, көптеген тарихи, педагогикалық және құқықтық мәселелер көтеріледі. Олардың айрықша ерекшелігі тілдің көркемдігі, мазмұн байлығы, философиялық тереңдігі. Ақынның азаматтық борыш, тұрмыс мәні туралы қасиетті ойлары жас ұрпаққа бағытталған.
Абайдың музыкалық мұрасы қазақтың ұлттық өнері тарихында ерекше орын алады. Абайдың әуендік таланты халықтық негізде дамып, ақынның рухани жан-дүниесі, әлемге көзқарасы оның лирикалық әндерінде айрықша көрсетілген. Абайдың “Көзімнің қарасы”, “Не іздейсің көңілім”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Татьянаның хаты” және т.б. әндері арқылы халықтық ән шығармашылығына жаңа ырғақ, ана тілді көркемдік-мәнді қолданудың жаңа қағидалары ендірілді. Абай халықтық музыка қорын ырғақтық ән өнерімен байыта отырып, жаңалық із салды.
Абай әндеріне М. Төлебаев, С. Мұхамеджанов, Ғ. Жұбанова, М. Қойшыбаев, Н. Тілендиев, Н. Меңдіғалиев сияқты композиторлар әндер мен романстар жазды.
Қазіргі Семей облысының Шыңғыс тауларында Қарқаралының аға сұлтаны Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туған.
Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай, деген 4 ұл туады.Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:
«Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас торғайым…»
Ана айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, “Ісің адал болса Өскенбайга бар, арам болса Ералыға бар” деген мәтел сөз қалған. Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай туады.
Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдің “Атадан алтау, анадан төртеу едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған “кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобага жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Қожа Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы “Приходская школаға” да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады.
Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Абай әке қасында болған жылдарда атқамінер би-болыстардың қулық-сұмдықтарын, қазақ даласына ыдырай бастаған феодрулық қатынастардың кереғар қайшылықтары кіріптар еткен әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын, аштық пен жалаңаштықты, патриапхалдық, кертартпа салт-сана, әдет-ғұрып зандарының залалдарынын айқын түсінді.
Патша үкіметінің отаршылық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің жергілікті би-болыстардың арамза әрекеттерін айнытпай танып, көкірегінде жиркеніш сезімі оянып, соларға қарсы күресуге бел буды, “елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын” деген тұжырымға бекіді. Осы мақсатпен болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады да, 1876-1978 жылдары Қоңыр-Көкше еліне болыс болады. Бұл жылдары Абай өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразасын тең ұстауға күш салды. Әлсізге зорлық көрсеткендерді, ұрлық жасағандарды қатты жазаға тартып, халық қамқорына айналды. Оның ел басқарудағы бұл бағыты халықты қалауынша езіп-жаншып жүрген шонжарлар тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады, үстінен оязға жалган арыз айтушылар көбейді. Соның бірі Үзікбай Бөрібаевтың “Таймақкөл деген жерімді тартып алды” деген жалған арызы бойынша көтерілген іс 10 жыл сүргінге созылып, ақыры Е. П. Михаэлистің көмегімен аяқсыз қалды. П. В. Маковецкий бұл істі 1884 жылы 27 тамызда жалған жала деп тауып, қысқартып тастады. Ақын үстінен жазылған “Абай барымта алды, ауыл шайып әйел қорлады” деген бір топ шонжар дұшпандарының арызы да нәтижесіз қалды.
Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Санкт-Петербургтен Семейге айдалып келген Михаэлиспен, 80-жылдарда орыс демократтары Н. И. Долгополов, А. А.Леонтьевпен танысады. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз. Бірақ Абай Құнанбаев орыс мәдениетімен, әдебиетіменен, демократтық көзқарастарымен осы кісілер арқылы деу ағат айтқандық болар еді. Бұл тұста М. О. Әузовтың “Ал, кейін орыс тілін біліп, орыстың ұлы мадениетін мол, терең тани бастаған Абай озгын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларын оқып, кең, терең тарбие алды. Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеументтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына жане ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік” деген тұжырымын келтірсек те жеткілікті. Абай осылайша Европаның Гете, Байрон сияқты ақындарын, Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сынды ғұламаларының туындыларын оқыды. Сөйтіп, Әуезовтың сөзімен айтқанда, “1884 жылдары, жасы қырыққа таман іліңенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болды.” Абай осы тұста, 1886 жылы досы Михаэлистің ұсынысымен Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды.
1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіп шығып, 1878 жылға дейін болыс болады. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жосындарын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданады. Абайдың көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ралам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады.
1885 жылдың мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Қарамола деген жерде Семейдің ген.-губернаторы Цеклинцкийдің басқаруымен Семей губернасиясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін” әзірлеу тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымында ежелден қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдің атақ-даңқын осынша көкке көтерген Қарамола съезінен кейін оның дұшпандары тіпті еліріп кетті. 1890 жылы Байғұлақ, Кұнту деген жуандардан бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады.
1891 жылдан бастап Абай басына ауыртпалық түсіп, бір-біріне ұласқан қайғы бұлты ашылмай қояды. Осы жылы ақынның сүйікті інісі Оспан жарық дүниеден өтеді. Одан кейін орысша әскери білімі бар, үлкен үміт күткен баласы Әбдірахманнан айырылады. Бұлардың қазасының ақын жанына қандай батқаны оның осы тақырыпқа арнаған топтама өлеңдерінен айқын көрінеді. Сөйтіп жүргенде соңғы тіренішіндей болған дарынды ақын баласы Мағауия да қайтыс болды. Осындай қабаттасқан қайғы қасіреттен күрт сынған Абай Мағауияның қазасынан кейін қырық күннен соң, өзі де дүние салады. Ақынның сүйегі Шыңғыстаудың ығындағы Жидебай мекенінде, інісі Оспанның жанына жерленеді. Бұл күнде ол арада қазақтың ұлы екі перзенті — Абай мен Шәкәрімге деген ұрпақтың өшпес махаббатының, ізгі құрметінің белгісіндей болып, сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған қос мұнаралы кешенді алып мазар тұр.
1891 жылы Оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындагы жанжалға, Абай өміріне қастандыққа әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа хатында барынша айғақты деректермен дәлелдеп береді. Абай өлең жазуды 10 жасында (“Кім екен деп келіп ем түйе қуған…”) бастаса, өз өлеңдеріне шығаруды шамамен 1880-1997 жылдар аралығында көбірек қолға алған. Өлеңдерін әркімдердің атымен таратып, Көкбай атынан бастырған ақын жазған өлеңдерін “жинауды” шәкірттеріне 1896 жылы ескерткен. Ал қара сөзбен жазылған ғақлия-өсиеттерін 1890-98 жылдар аралығында қолға алған. Абай 3 әйел алған. Байбішесі Ділдадан — Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Ізкаіл, Кенже деген 7 ұл, 3 қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.