Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жаңадан асфальт жабындысы төселіп жатқан көшелерді аралап, жұмыс барысын назарға алды.
Аралау барысында жолдың сапасын бақылады. Салаға жауапты мамандарға жасалып жатқан жұмыстарға тиянақтылықпен қарап, бақылауда ұстауды ескертті. Сондай-ақ келер жылға асфальт жабындысы төселетін көшелерді де осы сәттен нақтылап, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы аудан орталығының 5 шақырымға жуық ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, бірқатар көшелердің ажары арта түспек. Өткен жылы аудан бойынша 34,1 шақырымды құрайтын 29 көшеге асфальт жабындысы төселген. 22,4 шақырымды құрайтын 18 көше «Ауыл — Ел бесігі» бағадарламасы аясында 11,6 шақырымдық 11 көше жергілікті бюджеттен жүзеге асырылған. Нәтижесінде Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі жолдары 100% асфальт жолмен қамтылған.
Бұл бағытта жұмыстар ағымдағы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 34 көшесіне асфальт жабындысы төселмек.
Сондай-ақ ішкі көшелері сапалы жолмен қамтылған ауылдардың арасындағы облыстық маңызы бар күре жолдардың да жөндеу жұмыстары жалғасуда.
«КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейін — 83 шақырым, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі — 30 шақырым, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары осы жылы толық аяқталады.
Жалпы, аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы — облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы — елді мекендердің ішкі жолдары.
Атап өтерлігі, Түркістан облысы құрылғаннан бері 6 жыл ішінде облыстық және аудандық жолдар мен көшелерді жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 311,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 9544,6 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жол саласына қаралған қаржылардың басым бөлігі облыс орталығына баратын күре жолдардың жағдайын жақсартуға және туристік орындарға баратын жолдарды дамытуға бағытталды. Сондай-ақ шалғай аудандардағы ауылдарды аудан және облыс орталықтарымен байланыстыратын жолдарды жөндеуге басымдық берілді.
Атап айтсақ, ұзындығы 26 шақырым болатын «Түркістан қаласына Кентау қаласы жағынан кіребес жолды қайта құру» нысаны толық аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, тұрғындар Кентау-Түркістан бағытындағы күре жолға балама жолмен және Жамбыл облысы мен Созақ ауданынан Түркістан қаласына келетін қысқа жолмен қамтамасыз етілді. Төлеби және Сайрам аудандарындағы туристік орындарға баратын Шымкент-Көксәйек-Қасқасу, Біркөлік, Манкент-Көлкент бағыттарындағы жолдар жөндеуден өтті. Сауран ауданын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын Шорнақ, Майдантал, Жүйнек, Қарнақ елді мекендерінен өтетін 100 шақырымға жуық облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек, бүгінгі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақымдық жол қайта құрудан өтуде. Жоба 4 учаскеге бөлініп, жол 2 жолақтан, 4 жолаққа кеңейтілуде. Түлкібас ауданы бағытындағы Келтемашат, Састөбе, Шұқырбұлақ, Майтөбе бағытындағы 69,4 шақырымды құрайтын жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтті. Қазығұрт ауданындағы Қазығұрт-Тұрбат, Жігерген-Көкібел, Шарапхана-Жаңабазар, Айнатас-Қақпақ бағыттарындағы жолдарды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 64,5 шақырымдық күре жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін « Батыс Еуропа-Батыс Қытай » көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдағы асфальт жабындылары жаңартылды.
Сонымен қатар, облыстан алыста орналасқан, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Созақ аудандарындағы 300 шақырымнан аса күре жолдарды жөндеу қолға алынған.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызды құрады. 2024 жылдың соңында дейін бұл көрсеткішті 94 пайызға жеткізу көзделуде.
Түркістан облысы аумағындағы елді мекендердегі көшелерді жақсарту бағытында да жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта елді мекендердегі көшелердің жақсы жағдайдағы үлесі 70,2 пайызды құрап отыр. Өңірдегі жолдардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұр.
Ағымдағы жылдың қорытындысында 546,6 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, 2024 жылы облыс көлемінде 1 100,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Ал, жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
«Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 368,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Ал аудандық маңызы бар 97,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы — техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, басқарманың шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі жыл бойына облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға 39 бірлік арнайы техника бекітілген және 174 қызметкер жұмыс істейді», — деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, 2024 жылы көктемгі жауын салдарынан Сауран ауданында Бабайқорған-Кентау бағытындағы 2 көпірді су шайып, 1 көпір апатты жағдайға жеткен болатын. Басқарма тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, көпірлер толық пайдалануға берілген.
Қалай болғанда да, жол құрылысының сапасы — қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нормативтерін қатаң сақтап, сапасыз жұмыстардың (асфальтобетон жабыны қалыңдығының жетіспеуі, а/б ұшуы, шашылуы және тағы басқа) алдын алу мақсатында жол жабынына тұрақты түрде сараптамалар жүргізілуде. Тамыздың 7-сінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларын сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.
Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы — техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығының» тұрақты бақылауында. Кәсіпорынның ISO 17025 және ILAC стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған филиалдары бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Сапаны бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Жол құрылысы бойынша алынған сынамалар бірқатар кемшілікті анықтап берген. Бүгінде оларды жою үшін жұмыстар жүргізілуде. Анықталған ақаулар қалпына келтіріліп жатыр.
Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%. Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұзындығы 3380,5 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.
Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.
Жалпы, 2024 жылы Қазақстанда рекордты көлемде жол салынбақ. Үкімет тиісті шаралар кешенін қабылдаған. Дәлірегі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын іске асыру мақсатында Қазақстан Үкіметі көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі шаралар кешенін қабылдады.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылы жол-құрылыс жұмыстарының көлемі рекордты 12 мың шақырымға жетеді. Бұл – елімізде бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
«Оның 8 мың шақырымы еліміздің өңірлерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар жолдар. Қалған 4 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы, реконструкциясы және жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр», — деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстан жол құрылысында рекорд орнатты. Бүгінгі таңда Қазақстандағы жалпы автожолдардың ұзындығы – 95 мың шақырым. Оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады.
Жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – елімізде бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, ал 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі. Жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген.
Шамамен 2 мың шақырымды құрайтын төрт автожол жобасында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Ақтөбе – Қандыағаш» жолдары бар. Бұл жолдардың кейбір учаскелері жаздың ортасынан бастап пайдалануға беріле бастады және барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Көлік министрлігі Астана мен Алматы арасындағы негізгі бағыт — Орталық – Оңтүстік дәлізінің жол учаскелерін жоспарлы түрде іске қосуда. Мәселен, «Қарағанды – Балқаш» автомагистралі учаскесінде Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі төрт жолақты жолда қозғалыс ашылды.
Бұдан басқа, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жаңа төрт жолақты жолы кезең-кезеңімен іске қосылуда. Талдықорғанды Қызылағаш кентімен байланыстыратын 38 км жол ашылды.
Айта керу керек, Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды.
Инженерлер техникалық қадағалау жүргізіп, үнемі құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылайды.
Сондай-ақ министрлік Recycling қайталама шикізатты қайта өңдеу технологиясын пайдалана отырып, жол құрылымын күшейте отырып, оларды орташа жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асыруда. Салынғалы бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарға басымдық беріледі.
Биыл Қазақстан Даму Банкінің қаражаты есебінен 2,5 мың шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Келесі жылы қосымша 4,5 мың шақырымда жұмыстар жалғасатын болады. Аталған технология жоба құнын реконструкциямен салыстырғанда 7 есеге арзандатуға және екі есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді.
Автожол саласындағы кадр тапшылығын жүйелі түрде шешу үшін биыл білікті мамандарды даярлау мақсатымен 1 мыңға жуық мемлекеттік білу беру гранты бөлінді.
Үкіметтің баспасөз қызметі «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» сияқты ірі көлік күре жолдың құрылысын мысалға алып отыр.
«Түркістан облысында Шақпақ баба асуында туннель құрылысы аяқталды. Оның ұзындығы – 840 метр. Құрылыс аймақ үшін үлкен маңызға ие, өйткені асу «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің күрделі бөлігі болып саналады», — деп жазады Үкімет.
Көлік инфрақұрылымын дамытудағы тағы бір маңызды объект – Алматы облысындағы Шамалған стансасында автомобиль жолы өтпесінің салынуы. Өткелдің ашылуы автокөліктердің темір жолдардан қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен қатар, Қазақстанның шығысында ұзындығы 1 316 метр Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы аяқталуға жақын. Көпірдің өзінен бөлек, жоба жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын кірме жолдың құрылысын қамтиды, бұл Шығыс Қазақстан облысында көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 21 тіректі орнату және 20 металл аралықты монтаждау жұмыстары аяқталды.
«Бұл көпір өңір үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұрын шалғай аудандардың тұрғындары паром өткелін пайдалануға мәжбүр болған. Жаңа көпір жол жүру уақытын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», — деп жазады Үкімет.
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі жол инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясын одан әрі іске асырып жатыр. Мәселен, бұл бағдарламаға «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қарағанды – Жезқазған» сияқты перспективалы жобалар және Сарыағаш қаласын айналып өту құрылысы енгізілген. Барлық жоба бір мердігер ұйымның жолды жобалап, салуын және кейіннен күтіп ұстауын көздейтін ЕРСМ-келісімшарты бойынша іске асырылатын болады.
Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмысы басталды. Реконструкция жол төсемін жақсарту, жол жиектерін нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді жұмысты қамтиды. Бұл жоба ұзақ уақытқа созылған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді және осы магистраль бойынша қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.
Бұған қоса, автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде ҚДБ арқылы қаржыландырылатын, құрылымды күшейте отырып, жолдарды орташа жөндеудің ауқымды бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама 20 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген учаскелермен қоса, 2,5 мың шақырым республикалық жолдарды қамтиды.
Жобалар тізбесіне «Жезқазған – Петропавл», «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз», «Қарағанды – Аягөз – Боғас» және «Семей – Барнаул» жолдарын орташа жөндеуден өткізу енгізілген. Бұл жобаларды іске асыру алдағы жылдарға қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз ете отырып, бүкіл ел бойынша жолдардың жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Биыл қолға алынатын жаңа жобалар қатарында «Қызылорда – Жезқазған» (Ұлытау облысы бойынша), «Ақтөбе – Қызылорда» («Ақтөбе – Ұлғайсын», «Қызылорда – Сексеуіл» учаскелері), «Қарағанды – Жезқазған» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бар.
«Жаңа ауқымды жөндеу бағдарламасын жүзеге асыру негізінде алдағы 2 жыл ішінде отандық жолдардың жағдайы туралы теріс пікірлерді өзгертуге ниеттіміз. Аталған бағдарламаға сәйкес 20 жылға жуық жөндеу жұмыстарын көрмеген жолдарды орташа жөндеу жұмыстарымен қамтымақпыз. Негізгі міндет – жол негізін нығайтып, сапаны жақсарту. Бұл облысаралық байланысты айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, 4 облыстың аумағы арқылы өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолы орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» тасжолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автомобиль жолын жөндейміз. Республикалық маңызы бар жолдар да, облыстық маңызға ие күре жолдар да басты назарда», – деп атап өтті ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Енді ойымызды қорытындылайық. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың 2024 жылдың 8 айында атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы баяндамасынан ұққанымыз, «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін облыстық бюджеттен 547 миллион 67 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін 371 миллион 127 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, нәтижесінде аталған елді мекендердің көшелері 100% асфальт жабындысымен қамтылды.
Бүгінгі таңға ішкі жолдардың асфальт жабындысы 66 пайызды құраса, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде 69 пайыздан асады деп жоспарлануда.
2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 26,1 шақырымды құрайтын 25 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін облыстық бюджеттен 710 миллион 613 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталып шарт түзілді.
Қазіргі таңда асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 21,2 шақырымдық 18 көшеге қиыршық тас төсеу және асфальт жабындысын төсеу үшін 493 миллион 289 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталып шарт түзілді. Қазіргі таңда асфальт жабындысын және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.