Түркістан облысы: Созақ ауданында «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы іске асырылып жатыр

Мемлекет басшысының жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша берілген тапсырманы орындау шеңберінде “Amanat” партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасы қаржы сарапшыларының қатысуымен Созақ ауданында іске асырылуда.

Осы ретте, бүгін аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов қаржылық сауаттылығын арттырған бірқатар азаматтарға сертификат табыс етіп, білім беру жобасына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бүгінге дейін жоба аясында 704 адам қатысып, сертификат алды. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушыларға сарапшы Шалқар Айхожаев өз отбасының бюджетін оңтайландыру;

— Тиімді несие алу мен депозиттер ашуды үйрену;

— Банкроттыққа тапсырудың критерилері;

— Қайтарымсыз мемлекеттік грант пен «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы;

— Алаяқтарға алданбау мен қаржы пирамидаларының құрсауына түспеу жолдарын кеңінен түсіндіріп, ақпараттар берілді.

«Қарызсыз Қоғам» жобасы әрбір қазақстандық үшін үміт пен мүмкіндіктерді кеңейтудің символы болып табылады. Қауымдастық рухынан шабыттанып, «Аманат» партиясының көзқарасын басшылыққа ала отырып, қарыздар қысымынан зардап шегетіндерге қажетті қолдау көрсетеді.

 «Қарызсыз қоғам» жобасында қаржылық дағдарыстарды шешуге көмектесіп қана қоймай, олардың негізгі себептерін түсінуге, білімді кеңейтуге және қоғамның тұрақтылығын арттыруға тырысады.Әрбір семинар, кеңес беру және табысты тәжірибе арқылы мамандар қорқыныш пен белгісіздікті сенімділік пен қаржылық тәуелсіздікке айналдыру арқылы қоғамымыздың іргетасын нығайтады.

Ұжымдық күш-жігердің арқасында мамандар болашаққа ұмтылады, онда әрбір қазақстандық қаржылық сауаттылықтың берік дағдыларына ие болып, экономикалық ортаның күрделілігіне сенімді түрде навигация жасай алады.

«Біздің миссиямыз — әрбір азаматқа қаржылық тәуелсіздікке жету үшін қажетті білім мен ресурстарды беру. Біз оларды қарыздардан босатуға, белсенді білім беруге және терең жанашырлыққа негізделген қолдау арқылы экономикалық еркіндік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге тырысамыз. Жоба қаржылық сауаттылықты арттыруды жақтайды, мұны тек маңызды дағды ғана емес, сонымен бірге әр адамның негізгі құқығы деп санайды.

Осы бағыттағы әрбір қадам — Қазақстан үшін анағұрлым гүлденген болашаққа жасалған қадам. Біз бірге қорқынышты тұрақтылыққа, қиындықтарды мүмкіндіктерге айналдырамыз және қарызсыз өмір сүру арманын барлығына шынайы етеміз» — дейді жоба ұйымдастырушылары.

«Қарызсыз Қоғам» жобасының мақсаты — Қазақстанның 750 000 азаматы үшін қаржылық тәуелсіздік пен қарыздан құтылуды қамтамасыз ету. Жоба елдегі қаржылық сауаттылық деңгейін 30% — ға арттыруға, жыл сайын 500-ден астам білім беру семинарлары мен консультациялар өткізуге, сондай-ақ жобаны іске асыру кезеңіндегі бастапқы деңгейімен салыстырғанда бағдарламаға қатысушылар арасында тұтынушылық қарыздардың жалпы көлемін 20%-ға төмендетуге ұмтылады.

Биыл 23 сәуірде Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы талқыланған-ды.

Аталмыш жоба былтыр мамыр айында Қазақстанның 8 өңірінде басталды. Ол азаматтарға білікті қаржылық және құқықтық көмек көрсетуді, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды, азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесуді көздейді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Қазіргі таңда жоба барлық облыстарда, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. Жұмысқа 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы қосылды. 

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері 43 мыңнан астам адам оқудан өткен. Олардың 81%-ы — ауылдар мен ауылдық округтердің тұрғындары. Жобаға қатысушылар сарапшылардың дәрістерінен бөлек enbek.kz порталында тіркелу мен жеке кәсіпкерді ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін құру бойынша кеңестер алуда. 

«Біз қазақстандықтар арасындағы проблемалық несиелердің үлесін азайтуға әрі халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеуге тырысамыз. Бұл ең маңызды әлеуметтік мәселе және осы ретте партия шетте қала алмайды. Қазір біз оның салдарымен күресіп жатырмыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектептерде, колледждерде және ЖОО-да оқыту қажет деп санаймыз. Осылайша, қоғамдағы қаржылық мәдениет деңгейінің үлесін айтарлықтай арттыра аламыз», —  деп атап өтті өз сөзінде Эльдар Жұмағазиев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов «Қарызсыз қоғам» жобасына азаматтарды көбірек тарту үшін жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың назарын жергілікті жерлерде ақпараттық жұмысты күшейту қажеттілігіне назар аударды.

Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, қаржылық сауаттылық бойынша әдістеме мен оқу-практикалық материалдарды әзірлеудің маңыздылығына тоқталды. 

«Біз 513 мың адамның арасында сауалнама жүргіздік. Олардың ішінде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар бар. Білім беру процесіне қатысушылар арасында қаржылық сауаттылықты оқытудың ұйымдастырылуы мен нысаны туралы бірыңғай түсінік жоқ. Мұғалімдердің 80%-ы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында сауаттылықты оқытуға арналған оқулықтар мен әдебиеттердің жоқтығын айтады. Оқушылардың 60%-ы пәнге қызығушылық танытқанымен, оның форматы әрі материалдардың ұсынылуы ұнамайтынын көрсеткен», — деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары  Жомарт Қарамбаев мұғалімдерге қаржылық сауаттылық бойынша да сабақ беру үшін біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, «Narxoz» университетінде биылдан бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қаржылық сауаттылық» курсы әзірленген. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады, олардың басым бөлігін бірінші курс студенттері құрайды.  

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров халық арасында «Қарызсыз қоғам» туралы түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

«Жобаның пайдасын бәрі түсінеді. Оны сапалы жүзеге асыру – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Барлық жауапты ведомстволар оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу мен жобаны насихаттауға белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ ауылдардың, шағын және моноқалалардың тұрғындарын кәсіпкерлік қызметке тарту үшін қолдау көрсету құралдарын кеңейту қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар», — деді Премьер-Министрдің орынбасары. 

Нұрлан Байбазаров орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жобаны іске асыру туралы халықты ақпараттандыру жұмысын күшейтуді, жобаға қатысушыларды барынша тарту қажеттігін әрі оқушылар мен студенттер үшін қаржылық сауаттылықты арттыру курсын тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. 

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «AMANAT» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының маңыздылығын атап өтіп, оны елдің барлық өңірлерінде кеңейтудің қажеттілігін айтты.

«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, дұрыс тұтыну мәдениетін қалыптастыру, азаматтарға банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша проблемалық берешектерді реттеуге көмектесу, қаржылық жоспарлау және бюджет басқару бойынша кеңес беру.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Мәжіліс Төрағасы «AMANAT» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам/Общество без долгов» білім беру жобасын кеңейтудің Жол картасын бекітіп, жобаны кеңейту бойынша мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, 12 тамыздан бастап осы жобаның тағы бір бағыты – ел бойынша 7500 педагогты (мектеп мұғалімдері, колледж және ЖОО оқытушыларын) оқыту басталды.

Жобаның осы бағытының мақсаты – оқушылар мен студенттердің өздері мен жақындарына қаржылық жауапкершілік, жинақтау және жоспарлау мәдениетін қалыптастыру, ал бұл -болашақ қарызсыз қоғамның негізі!

Биыл 1 наурызда «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасының аралық қорытындысын шығарды. Биыл қаңтар-ақпан айларында ел аумағындағы 15 мың отандасымыз қаржылық сауатын арттырып, оқыту курсынан өтті. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқан 100-ден астам әйел бүгін Алғыс айту күні және алдағы 8 наурыз мерекесі қарсаңында Астанада арнайы бас қосып, қарыздан құтылудың, отбасы табысын арттырудың тәжірибесін бөлісті.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов Президент ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастыру қажет.

«Өздеріңіз білетіндей, партия «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр», — деді ол.

2024 жылы еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба аясында 750 мың адам қамтылады.

«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді. Жобаға қатысушылардың 75%-ы – әйелдер. Оның жартысынан көбі – көпбалалы аналар. Партия оларға жағдайды жақсартудың жаңа құралын ұсынды. Атап айтқанда, оқудан өткен әйелдер жеке кәсібін бастау үшін қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдық сатып ала алады. Бастама шеңберінде жыл соңына дейін 3500 әйелді қамту жоспарға алынған.

«Бұл ретте, біз бүгінгі кездесуге қатысып отырған кәсіпкер әйелдердің тәжірибесіне сүйенгіміз келеді. Сіздердің міндеттеріңіз – жоба тәлімгерлерімен бірлесіп, әйелдерді оқыту және оларды тұрақты табыс табатын деңгейге жеткізу. Олар өздеріңізге қарап бой түзейді. Сіздер үлгі болуларыңыз керек. Бұл – «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырудың жаңа кезеңі», — деді Ерлан Қошанов.

Бұдан соң, «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылар сөз алды. Мәселен, Түркістан облысынан келген төрт баланың анасы Айнұр Есенова алғашында «Қарызсыз қоғам» жобасына сенімсіздікпен қараған, алайда, оқыту курсы аяқталғаннан кейін, ол отбасылық бюджетті дұрыс басқаруды үйреніп қана қоймай, табысты арттырудың жолын тапқан.

«Ауылдастарымнан сүт жинап, одан кұрт-май жасап сатамын. Қазір үй тұрғызып жатырмыз. Құрылыс жұмысы әлі аяқталған жоқ. Есесіне, жаңа терезе мен батарея алуға қажет қаражат таптым. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен 4,2 миллион теңге несие алып, оған 8 бас мал сатып алдым. Ай сайын 250 мың теңге көлемінде тұрақты табыс тауып отырмын», — деді ол.

Айта кетейік, биыл жобаны жүзеге асыруға 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган қатысып отыр. Жобаға қатысуға ниет білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқыту курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Сонымен, халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жарты жылдағы аралық нәтижелерін жариялады. Бүгінге дейін 54 мыңнан астам адам білім алған. Сондай-ақ банкроттық рәсімдеу, алаяқтық фактілерін анықтау, бизнес-жоспар жазу, жұмысқа орналасу бойынша көш бастап тұрған облыстар анықталды.

Биыл Президенттің «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту туралы тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық 20 өңірінде, оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында халықты қаржылық сауатқа жаппай оқыту ұйымдастырылды. Қатысушылар түске дейін дәріс тыңдап, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке консультациялар алады.

Биылғы қаржылық сауат курстары 5 ақпанда басталды, жоба басталғалы 11 лек өтіп, республика бойынша 54 442 қатысушы білім алды. Әсіресе, қатысушылардың басым бөлігі Түркістан облысында (4450 қатысушы), Шымкент қаласында (3990), Алматы облысында (3746), Алматы қаласында (3547) және Жамбыл облысында (3318) байқалады.

Әзірге ең аз көрсеткіш Ұлытау облысына (1036), Солтүстік Қазақстан (1503), Маңғыстау (1620) және Батыс Қазақстан облысына (2158) тиесілі. Бұған өңірлердегі халық саны, көктемгі су тасқыны жағдайы, қаржылық менторлардың сапарлау мерзімі әсер етті.

Биылғы жоба қатысушыларының 81% немесе 44 мыңнан астамы – аудандар мен ауылдық округтердің тұрғындары, қала тұрғындары 10 мыңның айналасында. Сондай-ақ әйелдер жобаның 78% құрайды.

«Елімізде қарызын 90 күннен асырып алған 2 млн-ға жуық адам бар. Бұл Қазақстан халқының 10 пайызы, экономикалық белсенді тұрғындардың 20 пайызын құрайды. Біз мүмкіндігінше осы адамдардың жартысын экономикаға қайтарғымыз келеді. Оған қоса, қаржылық сауат негіздерін мектеп қабырғасынан бастап оқытуды көздеп отырмыз. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп, оқушыларға, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне оқу құралдары әзірленеді. Жоба ауқымын кеңейту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде 750 мың адамды оқыту жоспарлануда, оның ішінде 100 мың студент пен 550 мың оқушы бар», — дейді «Қарызсыз қоғам» идеясының авторы, AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Қатысушылардың 72,8% несие құрсауында және қарыз төлеуде қиындыққа ұшырағанын жазған. Қарыз саны бойынша олардың 27,7%-ында біреу, 23,9% – екі несие, 10,4% – үш несие және 10,8%-ында үш несиеден көп қарызы бар. Несие төлемі 90 күннен кешіккендер үлесі – 15% болса, мүлдем қарызы жоқ қатысушылар – 27% құраған.

Оқу барысында жобаның қаржы сарапшылары мен заңгерлері 14 мыңнан астам кеңес берген. Қарызды реттеу бойынша кеңестер Қарағанды (298), Астана (182), Алматы қаласында (132) жиі берілген. Жұмысқа орналастыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр, мұнда 12 қатысушы, Павлодарда – 7 адам, ШҚО-да 7 адам тұрақты жұмыс тапқан.

Алаяқтық фактілері Алматы облысында (27) жиі тіркелген, сондай-ақ Ақтөбе (20), Түркістан (18), Абай (16), ШҚО (16), Павлодар (15) облыстарындағы қатысушылар зардап шеккен.

Банкроттық рәсімдеу бойынша Алматы (29) және Алматы облысы (26) алда тұр. Түркістан (26), Ақтөбе (19), ШҚО (16) бұл көмекті салыстырмалы түрде көбірек алған. Бұл ретте Ұлытау қатысушылары бірде-бір банкроттық жарияламаған. Абай (1), Қостанай (1), Солтүстік Қазақстан (2) облыстарында да банкроттық саусақпен санарлық.

Бизнес-жоспар әзірлеуде Абай облысы қабілетті болып шықты, мұнда 128 адам жаңа іс бастау үшін жоспар жасаған. Одан кейін үздік үштікте Түркістан (112), Алматы (110) облыстары орналасқан. Ал антирекорд – Ұлытау (6), Маңғыстау (8), Батыс Қазақстан (8) облыстарында.

Мәселен, түркістандық Ақбота Қыстауова декреттегі жалғызбасты ана және мүгедектігі бар әкесіне қамқорлық жасайды. Жұмысы болмағандықтан, 41 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. Ақбота – «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы өз өмірін түбегейлі өзгерткендердің бірі.

«Ауылда қаржылық сауат туралы тегін курс өтетінін естіп, бірден жазылдым. Онда табыс көздерін іздеу, бизнес-жоспар жазу, мемлекеттік қолдау түрлері мен депозитте қаражат жинау жолдарын үйрендік. Үйдегі жалғыз асыраушы болғандықтан, пайызы көп кредит алып, бизнес бастау мен үшін өте қауіпті. Осылайша, ешкінің сүті денсаулыққа өте пайдалы екенін оқып, «Кәмшат» ауыл әйелдерінің бизнес бастамалары қорына құжат тапсырдым. 300 мың теңге грант сомасын жеңіп алып, Альпі ешкілерін, май шайқағыш, сепаратор, тоңазытқыш сатып алдым. Қазір қаржылық жағдайымыз анағұрлым жақсарды. Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын түрлі оқыту бағдарламалары мен гранттар бар. Бұл үлкен мүмкіндік», — дейді А. Қыстауова. 

Аталған статистикалық мәліметтерден байқағанымыздай, барлық өтініштер қандай да бір қарызға байланысты мәселелерден басталады. Сондай-ақ құқықтық көмек көрсетудің ең көп тараған түрі – берешекті қайта құрылымдау мәселелері болды. Онда ай сайынғы төлемді оңтайлы сомаға ауыстырып, жаңа кесте құру, несие шартының талаптарын өзгерту, кредиттік каникул рәсімдеу жұмыстары жүргізілген.

Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің соңғы деректерінше, экономикалық белсенді халықтың 85%-ында несие бар, өткен жылы бұл көрсеткіш 77% болған еді. Ал студенттердің 80%-ында несие бар. Соңғы үш жылда тұтынушылық несие сегментінде өсім байқалады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin