Түркістан облысы: Сайрам ауданындағы сүт, жеміс, көкөніс өңдейтін кәсіпорындар заманауи құрылғылармен қамтылып, заманауи құрама жем өңдеу зауыты іске қосылады

Расында да, Түркістан облысында өндіріс орындарының саны артып келеді. Өңірдің еңбекқор халқы кіші, орта, отбасылық кәсіпті жандандыруға бет бұрған. Жергілікті кәсіпкерлер шет мемлекеттерден тәжірибе жинап, өндірісте үздік технологияларды пайдаланып жатыр. Инвесторлар тарту жұмыстары да қарқын алды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, біқатар нысанды аралады. Аудан әкімі Арман Сәбитов жүзеге асып жатқан жобаларды таныстырды.

Облыс әкімі Ақсукент ауылдық округі, Манкент ауылында салынып жатқан «Nurym Group» түйіршіктелген құрама жем зауытының құрылыс алаңында болып, жеке инвестордың жобасының қазіргі жай-күйін бақылады.

– Өңірде «Іс бастаймын, кәсібімді кеңейтемін» деген азаматтарға мүмкіндік көп. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу қажет. Әкімдіктен арнайы жер бөлу, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына қолдау болады. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағдарламалар да бар. Зауыт, фабрикалар ашпасақ, халыққа жақсы жұмыс орындарын ұсынбасақ, өңір экономикасы көтерілмейді, – деген Дархан Амангелдіұлы жоба құрылтайшысы Сырым Ертаевпен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында пікір алмасты. Жаңа бастамаларды жүзеге асыру маңызды екенін айтты.

«NURYM GROUP» ЖШС ауыл шаруашылығы жылқы, ірі қара, ұсақ малдарға арналған құрама жем шығарумен айналысуды көздеп отыр. Зауыттың құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Кәсіп иесі биыл қазан айында нысан құрылысын аяқтап, өндіріс орнын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары 60%-ға орындалған.

Түркия елімен жүргізілген келіссөздер негізінде қондырғылар маусым айында толық жеткізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарымен қатар қондырғыларды монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Зауыттың барлық кезеңдеріндегі жұмыстар автоматтандырылған жүйелер және заманауи жабдықтардың көмегімен жүргізіледі.

Зауыт сағатына – 20 тонна, жылына 2000 тонна өнім шығаруға қауқарлы болмақ. Бұл жұмыстар жеке кәсіпкер есебінен жүргізілуде. 7,25 гектар аумақта орналасқан кәсіпорынның жоба құны – 2000,0 млн теңге. Мұнда 12 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылады.

Жалпы, Сайрам ауданында Түркістан облысының бірқатар өндіріс орны шоғырланған. Ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды бұдан бөлек «TAYIBA» сүт өңдеу зауытының жай-күйімен танысты.

Бұл зауыт бастапқыда үй жанындағы шағын цех ретінде ашылып, сүттен 5 түрлі ғана өнім шығарып жүрген. Кейін кәсіпорын иесі цехты кеңейтуді қолға алған. Ақсукент ауыл округіндегі кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, биыл шілде айында іске қосылған. 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын бұрын күніне 10 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарған. Бүгінде әлеуеті көтерілді. Сұраныс болса, тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Қазіргі таңда мұнда сүт өнімдерінің 10-12 түрін шығарылуда. Айран түрлері мен қаймаққа, құртқа сары май және өзге де өнім түрлері қосылған. Өндірістегі барлық құрылғылар мен құрал-жабдықтар Ресей, Қытай және Түркия мемлекетінен жеткізілген. Шикізат жергілікті шаруалар және фермерлерден және аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Өндірістің барлық кезеңдері автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтардың көмегімен бақыланады. Өндірісте сүтті қайнатып, өңдейтін вакуумдық цифрландырылған құрылғы қойылған. Өнімдер мұздатқыш камераларда сақталады.

Өңір басшысы осындай зауыттар мен цехтарды көбейтіп, ауылдарды осы зауыттарға шикізат жеткізуге мамандандыру қажет екенін айтты.

– «Ауыл аманаты» және өзге де қолдау тетіктері бар. Тұрғындарға түсіндіріп, көмектескен жөн. Сүтті, етті, көкөніс пен жемісті терең өңдейтін зауыттар көп болса, өңірдің өндірістік әлеуеті көтеріледі. Екіншіден, аулы тұрғындары да өз өнімдерін тиімді бағада өткізе алады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға терең өңдеуге бейімделген кәсіпорындар ашуға басымдық беруді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы «GLOBUS PLUS» ЖШС ауыл шаруашылығы көкөніс өңдеу цехымен танысты. Бұл кәсіпорын кәсіпкердің жеке қаржысы және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кеңейтілген. Жоба құны – 500 миллион теңге. Қуаттылығы тәулігіне 20,0 тонна болатын өндіріс орнында 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы көкөніс пен жеміс-жидек консервілерінің түр-түрін шығарады. Шикізат көршілес елдерден бөлек, жергілікті шаруа қожалықтары мен аудан тұрғындарынан жиналып алынады. Дайын өнімді ішкі нарыққа өткізеді. Автоматтандырылған жүйелер мен заманауи жабдықтар орнатылған. Өндірісте көкөністер мен жеміс-жидектер қазандықтарда газбен қайнатылып, жұмысшылар күшімен банкілер жабылады.

Облыс әкімі цех ғимаратында өндіріс көлемін ұлғайту және осы бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарымен танысты. Жауапты басшыларға, аудан әкіміне кәсіпкерлерді қолдап, сүйемелдеу жұмысын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Сайрам ауданындағы зауыт жылына 20 мың тонна құбыр шығарады

Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы зауыт жылына 20 мың тонна құбыр шығарады. Зауыт ауылдық жердегі 33 адамды жұмыспен қамтып отыр. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына арнайы іссапармен барып, полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты.

Жоба құны 2000,0 миллион теңгені құрайтын «ЮКЗПТ» зауыты 2015 жылы ЖШС «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын өнімдері елімізде сұранысқа ие.

«ЮКЗПТ» зауыты Қазақстандағы сумен жабдықтауға және газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларының, сондай-ақ технологиялық ұңғымаларға арналған қаптама құбырларының ірі өндірушісі болып саналады. Өндірісте ғылыми-зерттеу нәтижелерінің ең маңызды жетістіктері қолданылуда. Мұнда диаметрі 50 миллиметрден 600 миллиметрге дейінгі ПЭ-100 маркалы полиэтилен су құбырлары, диаметрі 50-630 мм аралығындағы ПЭ-100 маркалы полиэтилен газ құбырлары шығарылады.

Одан соң облыс әкімі Әйтеке би ауылында орналасқан «KASPY GROUP» ЖШС-нің машина жасау және металл құрастыру зауытын аралап көрді. Зауытта өндірлген өнімнің қуаттылығы жылына 2000,0 тоннаны құрайды. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтары шығарылады. Мұнда 60-тан астам адам жұмыс істейді. Сонымен бірге «Kaspy Group» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасы және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтарын өндіруде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында орналасқан ірі кәсіпорындардың техникалық құрал-жабдықтарын өндіру және сынған құрал-жабдықтарды қайта жасау ісі қолға алынған. Машина жасау саласында арпа бидай, мақсары өнімдерін тазалайтын құрылғылар, жаңбырлатып суғаратын қондырғылар да шығаруда. Зауытта Жапония мен Германияның аппараттары қолданылады. Еуропа елдері мен Қытайдан токарлық станоктар, фрезерлік станоктар алынған.

Қос кәсіпорын басшысымен кездескен өңір басшысы кәсіпті кеңейту, экспортқа шығару бастамасын көтерді. Қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жауаптыларға кәсіпорындарды дамыту бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, қолдау көрсетуді тапсырды.

Жүзім шаруашылығын дамытуда жаңа технологиялар қолданылады

Түркістан облысында жүзім шаруашылығын дамытуда жаңа технологияларды қолдану көзделіп отыр. Бұл мәселе Түркістан облысы, Сайрам ауданында өткен дала семинарында кеңінен талқыланды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, ғалымдармен, шаруалармен пікір алмасты.

«Ауыл шаруашылығын дамыту: «ЭКО-бақ» жүзімдік алқаптарында экспортқа бағытталған, нарықта жоғары сұранысқа ие жүзім сұрыптарын өсіруде озық инновациялық технологиялар және заманауи машиналар кешенін тиімді пайдалану» тақырыбындағы «Егінжай күні» дала семинарына білікті ғалымдар, шаруалар, кәсіпкерлер қатысты. Өзбекстаннан келген сарапшы, «Eco Fruit Conseil» компаниясының басшысы Шухрат Аброров көрші елдегі жүзім өсіру тәжірибесін таныстырды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жүзім шаруашылығының маңызына тоқталды.

– Таптаурын тәсілдерден қашып, жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Ғылым, ауыл шаруашылығы дамып бара жатыр. Биыл Қытайға барған сапарымызда жүзім алқаптарын көрдік. Өнімділік өте жоғары әрі жүзімдері ерекше дәмді. Біздің шаруаларға қалай өсіруді үйретуге дайын. Облысымызда жүзім шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Әр ауыл белгілі бір кәсіп түрі мен шаруашылыққа бейімделіп, жүйелі түрде өнім шығарса ғана экспорттық әлеует көтеріледі. Бірігу, ірілену, жаңа технологяиларды енгізу өте маңызды. Бұл ретте ғалымдарымыз да көмектесіп, жүзімнің төзімді, өнім мол беретін түрлерін әзірлеуге қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Семинарда «ДАНА» модельді шаруашылығының құрылтайшысы, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі Бердияр Қалымбетов Сайрам ауданына зерттеуден өткізілген жүзім сұрыптары егілгенін, олар жайқалып өсіп жатқанын мәлімдеді. Арнайы технология мен машиналар кешенімен таныстырды. 3 гектар жерге жүзім егілген. Жүзім сорттары экспортқа бағытталған. Нарықта жоғары сұранысқа ие жүзім сұрыптарын өсіруде. Озық инновациялық технология және машиналар кешенін тиімді пайдалану арқасында 1 гектардан 15 тонна өнім алу жоспарланып отыр. 20 түрлі ауыл шаруашылығы техникасы мен шағын машина технология станциясы бар.

Семинарда жүзім шаруашылығынан бөлек, ағаштар мен өсімдіктерді түрлі аурулардан, зиянкестерден қорғау, өнімділікті арттыру, ғылыми жетістіктерді өндіріске жедел енгізу жолдары қаралды. Ұсынылған идеялар бойынша тиісті жұмыс жүреді.

Облыс әкімі Сайрам ауданындағы жұмыс сапарында «Манкент» шипажайы аумағында болып, су үнемдеу технологиясын ендіру аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған шипажай Алматы қаласынан ЖК «Agro Line KZ» сатушы мекемесінен 3 дана JP90-450 барабан типті жаңбырлатып суғару машиналарын сатып алып, жоңышқа алқабына орнатқан. Бүгінгі таңда жаңбырлатып суғару жұмыстары атқарылуда. Жобаның құны 37,2 миллион теңгені құрайды, қаражат толығымен шипажай басшылығының өз қаржысымен жүзеге асты. Жобаның ерекшілігі –қарапайым тәсілмен суғарылатын жоңышқалық алқапқа қарағанда ағын су көлемін 50%-ға үнемдейді. Өнімділікті әр гектарынан 200 центнерге дейін жеткізеді.

Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығында тамшылатып суғару, жаңбырлатып суғару технологияларын енгізу негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Осы бағытта өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылып жатыр. Тиісті жұмыстар жалғасады.

Сайрамда «Жастарға бағыт» жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр

Сайрам ауданы халқының 32,3 пайызын жастар құрайды. Бүгінгі күнге дейін ауданда көптеген іс-шаралар өткізілсе, оған жастардың белсене атсалысып жүргенін айтуға болады.

Жуырда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әділхан Төлегеновтің бастамасымен жастар саясатының жұмысын жандандыру мақсатында «Жастарға бағыт» жобасы жүзеге асты.

Аталмыш жоба аясында аудандық Жастар ресурстық орталығының және Қазақстан Халқы Ассамблеясының жастары, аудандық Полиция, Төтенше жағдайлар басқармасы мен Мансап орталығының мамандары бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар атқаруда.

Жаңа жоба аудан аумағындағы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды қоғамдық ортаға тарту, құқықтық жауапкершілігін қадағалау, төтенше жағдайлар бойынша қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізуге және кәсіпкерлік әлеуеттерін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау, сондай-ақ, әрбір ауылдық округте сенбілік тазалық шараларына қатысу тәрізді түрлі бағыттағы жұмыстарды қамтып келеді.

Айта кетейік, аталған бағыттар бойынша ауданға қарасты 11 ауылдық округтің елдімекен тұрғындарымен кездесу өткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде бекітілген кесте бойынша алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin