Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарымен кездесті. Орталық мешітте өткен жиынға облыстық дін істері басқармасының басшысы мен мамандары, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдері, аудан, қалалардың бас имамдары және БАҚ өкілдері қатысты.
– Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда сіздердің орындарыңыз ерекше. Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі.
Тек мешіт соғамын деген кәсіпкерлер мен меценаттарға басқа да сауапты істердің бар екендігін айтқым келеді. Қоғамның, елдің игілігі үшін әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылымды ретке келтірген жөн.
Қазіргі таңда өңір тұрғындары «Умра» сапарына көптеп баруда. Апарамыз деп алдап соғатындар, жалған құжат рәсімдеп, көпшіліктің ашу-ызасын тудыратын туристік фирмалар да жоқ емес. Кейбірі тіпті саяхатқа айналдырып алғандығы да жасырын емес. Ең әуелі, сенімді туристік фирмалардың тізімін жасақтау және «умра» сапарына барушыларға жаднама әзірлеп, тарату, қажыларымыздың тұлғалық келбетін қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударылса дейміз. Өздеріңізбен бірлесе отырып нәтижелі жұмыс атқарамыз деп сенемін, – деген облыс әкімінің орынбасары алда тұрған міндеттерді қайта қарап, пысықтауды тапсырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан Төлепов та баяндама жасады. Басқосу барысында өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда деструктивті діни ағым жақтаушыларымен жұмыс жүргізу, жат ағымдардың таралуын алдын алу, діни иммунитет қалыптастыру, имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру жайы баяндалды. Жиын соңында туындаған сұрақтар бойынша қатысушылар пікір алмасты.
Айта кетейік, республика бойынша жалпы 2769 мешіт тіркеуден өтсе, Түркістан өңірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 736 мешіт-филиалы тіркелген. Бұл еліміздегі мешіттердің 4/1 құрайды. Сондай-ақ имамдар мен діни қызметкерлердің саны да ең көп тіркелген аймаққа жатады. Бүгінде 1112 діни қызметкер осы салада еңбек етіп жүр.
Реті келгенде еске салайық, Түркістанда «Қылует» рухани орталығы бой көтеріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сәулеті мен маңызы ерекше нысанның құрылыс алаңында болды. Бұл орталық демеушілер есебінен салынуда.
Жоба құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын мешіт шаһардағы маңызды орталықтардың біріне айналмақ. Ерекше дизайндағы нысан 0,95 гектар аумақта орналасқан. Рухани орталықтың көлемі – 3000 шаршы метр. Жерасты мешітінде бір мезетте 500 адам құлшылық жасай алады.
«Қылует» рухани-мәдени орталығында Көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институты салынуда. 100 орынға арналған дәрісхана, 60 орынға арналған кітапхана, 120 орындық жатақхана, 60 орындық асхана салу көзделген.
Облыс әкімінің орынбасары рухани орталықтың маңыздылығына тоқталып, құрылыс жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы, сапаны басты назарға алуды жүктеді.
Одан соң дәрісхана мен жатақхананы аралаған облыс әкімінің орынбасары сәулетіне мән беруді тапсырып, ғимараттың сыртқы келбетін шаһардың сәулет үлгісіне сай жасау және қаптау материалын сапалысына ауыстыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Сапар соңында Ертай Алтаев Түркістан облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлерімен кездесіп, орталықтың жұмысымен танысты. Онда алдағы уақытта атқарылар жоспарлар пысықталып, жұмысты жандандыру жөніндегі орталық қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалды.
Ғимаратты аралау барысында орталықтың директоры Медет Халықов ғимарат мәселесі өзекті болып отырғанын айтып, биыл ел игілігіне берілетін облыс орталығындағы «Достық үйіне» көшуге ықпал жасауын сұрады.
Ертай Кенжебекұлы ұсынысты назарға алып, шешілу жолын қарастыратын жеткізді.
Өз кезегінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы 2011 жылдан бері құрылған орталықта материалдық база жаңартылмағанын, жақында облыс әкімінің қолдауымен қаржы қаралатынын тілге тиек етті.
Облыс әкімінің орынбасары керативті көзқараста халыққа өтімді форматта түсіндіру, ағарту жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді. Медиа студияны заман талабына сай жандандыру бағытында жұмыстарды үйлестіруді міндеттеді.
Қоғамда жастардың таным-түсініктерінің дұрыс қалыптасуына, әсіресе, діни, рухани көзқарастарының оң бағытта қалыптасуына әсер ететін бейнероликтер мен фильмдер шығарудың ықпалы зор. Осыған орай облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің жанынан «Күлтөбе» медия-студиясы жасақталуда. Роликтер мен фильмдерді дайындау және оларды өңдеу (монтаждау) жұмысына арнайы медиа-студия жасақтау, қажетті декорациялық әр беру, сапалы камералар, жарықшамдар, студиялық құрал-жабдықтар, компьютер құрылғыларымен қамтамасыз ету мақсатында қажетті жұмыстар атқарылу үстінде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.