Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Нәтижесінде инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 миллиард теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда. Оларды инфрақұрылыммен толық қамту жұмыстарына күш салынған.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында бюджеттен қаржысы қаралып, 18 нысан бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданы, Шаға ауылындағы өндірістік парктің электрмен жабдықтау және газ тарту нысандарының құрылысы аяқталды. Түркістан қаласында 310 га индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25000 метр жарық желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосылған соң, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында өндірістік ғимараттар салынуда, 14 ғимарат іске қосылды. Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасады.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Түркістан облысында жұмыс орындарын ашатын жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асады
Кеше Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында оннан астам жобаның жүзеге асырылу барысы, қазіргі жай-күйі сарапталып, өзекті мәселелер қаралды.
Штаб отырысында инвестициялық жобалардың іске асырылуы бойынша ағымдағы жағдайы таныстырылды. Мәселен, Ордабасы ауданында «Standard Petroleum & Co» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауытың құрылыс жұмыстары және алдағы атқарылатын жұмыстар туралы «Саутс ойл» компаниясының вице-президенті Абзал Менлибеков баяндады. Аталған жобаның І кезеңі 2025 жылы жүзеге асады, 300 жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге Түлкібастағы каустикалық сода зауытының құрылыс барысы туралы да мәлімет берілді. Инфрақұрылымы жасақталуда, жұмыс жүріп жатыр. 2025 жылы ашылатын өндіріс орнында 1000 адам жұмыспен қамтылмақ.
Ал Келес ауданындағы 51 га жылыжай кешеніннің жобасын «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның 1 кезеңіндегі жылыжай кешен құрылыс жұмыстары жөнінде және алдағы уақытта атқарылатын жұмыс барысы туралы баяндалды. Облыс әкімі инвесторға жұмыстың кешеуілдеп жатқаны жөнінде сын-ескертпе айтты. Жұмысты ширату тапсырылды.
Мәжілісте Сауран ауданында кептірілген жемістерді өндіру, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді өңдеу зауытын салу бойынша «Талифа» ЖШС өкілінің пікірі тыңдалды.
Сайрам ауданындағы «Nurym Group» ЖШС-нің құрама жем зауыты жобасының жергілікті бюджеттен сыртқы инфрақұрылымды жүргізуге 551 миллион теңге бөлінген. Түркістан облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы тарапынан сыртқы инфрақұрылым жүргізу бойынша мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияланған. Сондай-ақ мал сою комбинаты және жануарлардың қалдықтардын терең өңдеу зауытының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша және мал сою, қалдықтарды қайта өңдеу және мал сою пункттері үшін 140 гектар жер учаскесі анықталып, 60 гектар жер учаскесі сатып алынған. Тиісті жұмыс жүруде. Сонымен қатар «Nurym Group» ЖШС-нің замануи мал базары жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде және жобаға қажетті 38.3 гектар жер учаскесі сатып алынып, құжаттарын рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-нің 1380 гектар жерге жаңбырлату жүйесін енгізіледі. Аталған жобалар бойынша компанияның негізін қалаушысы Сырым Ертаев баяндады.
– Жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері әрбір инвестор мен кәсіпкерге қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді жалғастырсын. Инвесторлар мен кәсіпкерлер де жобаны уақтылы жүзеге асыруға күш салулары тиіс. Өндіріс орындарын, жаңа зауыттар мен цехтар ашу – басым бағытымыз, – деген Дархан Сатыбалды осы салаға қатысты басшыларға тапсырмалар берді.
Инвестициялық штаб отырысында өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары сараланды. Кестеден кешігіп жатқан кәсіпкерлерге жұмысты ширату, жеделдету тапсырылды.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірлік инвестициялық штабтың жоспары жүйеленіп, бастамалар жандана түсті. Бүгінгі таңда өңірде инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр.
Өңір басшысы өндіріс орнын ашуға ниетті инвесторлармен кездесті
Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы ізденістер мен жұмыстар жалғасуда. Тамыздың 7-сінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет инвесторларды қабылдап, жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Алдымен Қытай инвесторларымен кездескен өңір басшысы зауыт, өндіріс орнын ашуға мемлекет тарапынан инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Облысымызда арнайы экономикалық аймақ, аудан, қалаларда индустриалды аймақтар бар. Біз өз тарапымыздан инвесторлар мен кәсіпкерлердің бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Түркістан маңында тұрмысқа қажетті тазалық заттарын шығаратын өндіріс орнын ашу және өзге де жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөз жүргізілді.
Одан кейін Дархан Сатыбалды «QazaqPlast» ЖШС-нің басшыларымен кездесті. Кәсіпкерлер Түркістан қаласында жаңа кәсіпорын ашуға ниетті. «QazaqPlast» – Қазақстан Республикасы бойынша бір рет қолданатын ыдыстар, фудкорттарға қажетті ыдыс-аяқ және полиэтилен пакеттер шығаруда көшбасшы компания. Алдағы уақытта Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бір жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Облыс әкімі жауапты басшыларға жаңа жобаларды сүйемелдеу, қолдау көрсету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.