Түркістан облысында ет экспортын дамыту мақсатында Сауд Арабиясының инвесторлары қаржы салады

Түркістан ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы бойынша республикада көш бастап тұрған облыстың бірі. Шетелдік инвесторлар осы бағыттарға қызығушылық танытуда. Бүгін Сауд Арабиясы және Түркия елінің инвесторлары өңірдің инвестициялық ахуалымен танысып, мал шаруашылығы және жылыжай салу бойынша инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.

Инвесторлар осы аймақтан мал өсіру мен ет өнімдерін шығару және жылыжай кешендерін ашуды ұсынды. Пайдалы және қауіпсіз өнімге кепілдік бере отырып, «Made in Kazakhstan» маркасымен шетелдерге экспортқа шығаруға дайын екенін айтты. Инвесторларға индустриалды аймақтағы, дайын өндіріс алаңынан арнайы алаңшалар жалға беру жоспарлануда.

«Al Thiqa» – 70 жыл бойы әлемге мал саудасы бойынша танымал компания. Барлық өнімдері жоғары сапада екенін растайтын сертификат алған. Компания мал өсіру мен піскен ет өндіруден басқа, азық-түлікті импорттау және экспорттау қызметтерін ең жоғары сапа деңгейінде ұсынады.

Расын айту керек, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешендерін дамыту бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, биылғы жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 216,9 миллиард теңгені құрап, өсім 107,1%-ға жеткен. Салаға 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 58,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту бойынша Түркістан облысы Республикада көш бастаған.

«Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылға республикалық бюджеттен 10,6 миллиард теңге қаражат бағытталып отыр. Жобаға 62 ауылдық округ пен 62 кооператив қатысады. Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар, биыл бағдарламаны электронды «AMANATNESIE.KZ» платформасы арқылы жүзеге асыру көзделуде. Қазігі таңда республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұдан бөлек, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектар аумаққа егілген. Республикада астықты ору науқаны Түркістан облысынан басталды. Бүгінде жоспарланған егіс көлемінің 248,2 мың гектары орылып, 624 мың тонна астық жиналды. Ал, өңірде жылыжайлар көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге жылыжайлардан 152,4 мың тонна өнім шықты. Сондай-ақ, облыс мал шаруашылығын дамытуда елімізде жетекші орында. Республикадағы ірі қара мал санының 14 пайызы, қойдың 23 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 12 пайызы, сүттің 14 пайызы Түркістан облысының үлесінде. Ет экспорты бойынша да облыс республикада көш бастап келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің үлесі 80% болса, ұсақ малдың 75%-ы облыстың еншісінде. Сондай-ақ, өңірде жалпы 9 183 бірлік ірі қара мал бордақылау алаңдары бар», — деді басқарма басшысы.

Айта кетсек, Түркістан облысында 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Биыл алты ай көлемінде облыста 13,1 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген. Оның ішінде, 8,1 мың гектарға тамшылатып суару, 5 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орнатылған.

Осы тұста еске салар тағы бір жайт, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев екі ел президенттерінің кездесуіне қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірден бері өзбек тарапы елімізге Сырдария өзені арқылы 4 миллиард текше метрден астам су жіберген болатын. Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген болатын. Нәтижесінде өзбек тарапы келісілген су көлемін 4 айда жіберді.

Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі шаруалардың суармалы суға сұранысын толық қанағаттандыру үшін жасалып жатыр.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 1.5 миллиард текше метр су бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 500 миллион текше метрге артық. Шардара су қоймасына жалпы көлемі 4 миллиард текше метр су келді.

Өз кезегінде Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 4,5 миллиард текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 1 миллиард текше метрге артық. Қызылқұм каналына 850 миллион текше метр су, ал 590 миллион текше метр Солтүстік Арал теңізіне жіберілді.

«Көршілерімізбен Тоқтоғұл және Бахри-Точик су қоймаларының жұмыс кестесін алдын ала келісудің нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық каналының қазақстандық бөлігіне су тұрақты түрде келуде. Қазір аталған канал арқылы елімізге секундына 90 текше метр су келеді. Бұл Түркістан облысының шаруаларын суармалы сумен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті», — деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin