Түркістан облысында 99 296 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 206 адам — 18 жастан асқандар, 15 020 адам — мүмкіндігі шектеулі балалар. Түркістан облысында әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық жағдайлардағы арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерін алуға құқылы 34 370 мүгедектігі бар адам тіркеуге алынған. Солардың 1349 адамы жыл басынан бері аталған қызмет түрлерімен қамтылған.
Оңалту орталықтарының және әлеуметтік нысандарының құрылысы туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 14 мекеме қызмет көрсетеді. Оның ішінде 4 стацинарлық үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс жасаса, жартылай стационарлық үлгідегі 6 оңалту орталықтарында жалпы саны 240 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетіледі.
Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған 200 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталуда. Оған қоса ауданда өткен жылы құрылысы басталған 50 орындық тірек-қимылы бұзылған мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік орталығы салынып жатыр. Мердігер мекеме «KAZ Intel Group» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайды. Орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
Биыл облыс көлемінде «Аутизм орталығын» құру қаралып, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Орталық күндізгі уақытта 3-18 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді деп жоспарлануда. Жоспарға сәйкес жалға алынған ғимаратта құрылыс жөндеу жұмыстары аяқталған соң жыл соңына дейін жаңа орталық құрылмақ. Орталық заманауи құрал-жабдықтар мен озық үлгідегі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы аутизм және басқа да ментальді ауытқуы бар балаларға қызмет көрсететін болады.
Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, облыс көлемінде 236 727 зейнеткер тіркелген. Оның 11- і Ұлы Отан соғысының ардагері, 6 573-і — тыл ардагері, 229,4 мыңы — зейнеткерлер, қалған 62,8 мыңы — көпбалалы батыр аналар.
Сонымен қатар аға ұрпақты әлеуметтік қорғау мақсатында бейімдеу және сауықтыруға арналған «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардагерлер үйінде» жыл сайын 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге мүмкіндік алып келеді. Қазіргі таңда зейнеткерлерге лайықты әлеуметтік қолдау көрсету үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында замануи талаптарға сәйкестендірілген ғимарат салу көзделуде.
2023 жылдың екінші жартылдығынан бастап Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, облыстың 17 аудан, қаласында «Мансап орталықтары» іске қосылған. Келесі жылдан бастап Мансап орталықтарының ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылады.
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бой көтерді. Оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетуге бағытталған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кеше құрылыс алаңында болып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Орталықтың техникалық базасына басты назар аударып, сапалы жиһаздармен жабдықтауды тапсырды. Кешеннің жайлы болуына барынша күш салуды, көгалдандыруды жүктеді.
Сауықтыру орталығы бір мезетте 200 адамға медициналық, педагогикалық еңбекке баулу бағыттарында қызмет көрсетуге қауқарлы.
Ғимараттың жалпы көлемі — 12,8 мың шаршы метр, 3 қабатты ғимараттың материалдық-техникалық базасы толық жабдықталады. Әлеуметтік орталық қазан айынан бастап штаттық режимде жұмысын бастайды деп жоспарлануда.
Сондай-ақ Дархан Амангелдіұлы Түркістан қаласында салынып жатқан жайлы мектептің құрылыс алаңында да болды. Жауапты басшылармен жүздесті. Құрылысқа жауаптыларға жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асыруды, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде биыл 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жаңадан ашылатын «Самғау» оңалту орталығы 150-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Бүгін облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен Сауран ауданының Оранғай елді мекенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Аталған шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.
Орталықтың ашылуына байланысты медициналық, арнаулы әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, әлеуметтік-тұрмыстық, шаруашылық қызмет көрсету персоналдары жұмысқа қабылданады. 200 орындық нысан 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша, қызметкерлер құрамы іріктеліп, ресми ашылуы қазан айына жоспарлануда.
Арнайы мамандар бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Сауран ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан келген тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Абзал Казанкапов жәрмеңкеге 250-ден астам адам қатысқанын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 99 мыңнан астам мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның ішінде 84 мыңнан астамы — ересектер болса, 15 мыңы — балалар. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы санатындағылар саны — 34 370 адам. Облыстық басқармаға қарасты стационарлық жағдайдағы, жартылай стационарлық жағдайдағы, сондай-ақ бейімдеу және сауықтыру, жұмыспен қамту бағытында жалпы 14 мекеме жұмыс істейді. Қазіргі таңда Сауран ауданының Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылысы жүргізілуде. Ғимаратты 2025 жылдың І тоқсанында пайдалануға тапсыру көзделген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.