Түркістан облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу» үлгілі базалық бағыттың төртінші блогы іске асырылуда. Соныммен қатар биылға арналған жобалар картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін осы орайда облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау» тақырыбында жиналыс өтті.
Аталған жиналысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің маманы, басқарма басшылары мен өкілдері, салалық бөлімдердің басшылары қатысты.
– Мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күресу. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмейді. Әсіресе жергілікті әкімдіктер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Аналитика жоқ деуге болады. Екі апта уақыт ішінде табылмай қалған, табылса да болмауы мүмкін деп қайтарылған, әдейі жасырылған тәуекелдерді анықтаңыздар. Қайта ұсыныңыздар. Қоғамдық сауалнама жүргізіңіздер. Қажет болса, барлық жұмыс күшін жұмылдырамыз. Негізгі мақсатымыз – мемлекеттік қызметтің жұмысын оңтайландыру, – деген аппарат басшысы хаттама әзірлеуді тапсырды.
Жалпы өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Сәбит Әсетұлы өз сөзінде агенттік тарапынан жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Нәтижесінде көрсеткіш едәуір төмендеген.
Облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Бахытбек Хасанов баяндама жасап, облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінде, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жоспарлы түрде мониторинг жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ішкі талдау нәтижелері бойынша жалпы 700-ден астам сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Сонымен қатар облыстық мекемелердің тәжірибелі заңгерлеріне түсіндірме және зерделеу іс-шаралары ұйымдастырылған.
«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Қасиет Қыдырбай ішкі талдау жұмыстарын жүргізу барысында туындайтын проблемалық мәселелерді атап өтті. Кейбірі анықтаманы кешіктіріп, тиісті құжаттарды мерзімінде ұсынбаған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.