Түркістан қаласында кәсіпкерлік нысандарының маңдайшаларының жазылуы мен сәулеттік құрылымына көңіл бөлініп келеді 

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9-11-ші көшелерді кезекті рет аралап, атқарылған жұмыстарды тексерді. Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов 9-11-ші көшелерде 26 кәсіпкерлік нысанды реттеу, жобаға сай қасбеттерін бірдейлендіру, желдеткіштерін қаптау бойынша тындырылған тірліктерді баяндады. Қазіргі таңда 12 нысанда жұмыс толық аяқталды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшеновке кәсіпкерлік нысандардың маңдайшаларының жазылуы мен сәулеттік құрылымына көңіл бөліп, реттеуді тапсырды.

Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшеновтің мәлімдеуінше, өткен аптада заңсыз орнатылған 23 жарнама жойылған. Жыл басынан бері 62 жарнама нысаны заң талаптарына сәйкес тіркеуге алынған.

Шаһардағы маңдайшалар мен жарнамалардың талапқа сәйкестігі күнделікті бақылауда.

Қалалық «Сәулет және қала құрылысы бөлімі қаладағы кәсіптік нысандарды аралап, қадағалау жүргізуде. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, аралау нәтижесінде 530 нысанда заңсыз орнатылған жарнамалар анықталған. Оларға түсіндірме жүргізіліп, 234 нысанда жарнамалар заңға сәйкес жойылып, 62 маңдайша талап бойынша тіркеуге алынды.

Айта кетейік, ережеге сәйкес, ілінген жарнама, маңдайша немесе хабарлама иелеріне ескерту берілгеннен кейін 13 күн уақыт белгіленеді. Аталған мерзімде жарнама, маңдайша немесе хабарлама реттелмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 460-шы бабы бойынша хаттама толтырылып, заңға сәйкес шара көріледі.

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев қыркүйек айында секторларда спорттың 6 түрінен сайыс және оқушылар арасында кіші футболдан турнир жоспарланғанын айтты. Арнайы бағдарлама жасалып, ашық аспан астында “Алтын күз әуендері” концерті ұйымдастырылуда.

Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Сүлейменованың баяндауынша, облыс әкімінің хаттамалық 7 тапсырмасының 3-еуі — тұрақты, 4-інің мерзімі бар болуына байланысты орындалуда. Қала әкімінің 52 тапсырмасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, 13 тапсырма бақылаудан алынған, қалған 39 тапсырманың 5-еуі тұрақты, 34-нің мерзімі бар.

Мәжілісте сондай-ақ қала тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру және құрылыс жұмыстарына қатысты ұсынылған мәліметтер мен жұмысшы топпен анықталған кемшіліктер сараланды.

Нұрбол Әбдісаттарұлы биыл аяқталуы тиіс құрылыс нысандарының жұмысына қадағалауды күшейту қажеттігін атап өтіп:

— Өндірістік кестеден кешіккен мердігерлер анықталған жағдайда заң аясында шұғыл шара көру қажет. Барлық нысандардың жұмысын зерделеп, есебін ұсыныңыздар. Мердігерлердің, авторлық бақылаушы, техникалық қадағалаушы мекеме өкілдерінің, қоғамдық бақылауды жүзе асырып жүрген азаматтардың қатысуымен техникалық кеңес өткізуді тапсырамын, — деді.

Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы Нұрлан Тілеш қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтардың жеткізілгенін, тапсырма мерзімінде орындалатынын баяндап, өзге де атқарылған жұмыстардың есебін ұсынды. О.Жандосов көшесіндегі қоршауға, Теміржол вокзалы аумағын абаттандыруға байланысты ескертулердің жүзеге асырылу жайы да баяндалды.

Қала әкімінің кеңесшісі Мадияр Асан Әкімшілік-іскерлік орталығына қатысты берілген тапсырмаларға тоқталып, бекітілген аумақтарында Бизнесті қолдау және туризм, Ішкі саясат бөлімдері тапсырманы толық аяқтағанын жеткізді.

Жол қызметі мекемесі 9-көшедегі 8 аялдаманың айналарын, есіктері мен жапсырмаларын ретке келтірді. Жол бойындағы 200-ге жуық бордюр қайта орнықтырылып, бекітілді. Жаяуларға арналған өткелдер сызбасы жаңартылды.

Сондай-ақ, қажеттілігі ескеріліп белгіленген үш орында мердігер мекеме гидрант арнасынан жаяулар өткелін жасақтауда.

Қала әкімі аралау нәтижесіне сәйкес қосымша тапсырмалар жүктеп, жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

Кәсіпкерлік дегеннен шығады, Түркістан қаласында ағымдағы жылдың басында «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы өз жұмысын бастады. Жобаның мақсаты – қала кәсіпкерлері мен кәсіп бастауға ниетті азаматтарға кәсіпкерлік саласында заң аясында сүйемелдеу мен қолдау көрсету болып табылады. Жоба аясында кез келген кәсіпкерлер мен азаматтар – мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар, субсидиялар мен жеңілдетілген пайызды несиелер бойынша толық ақпараттар алуына мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері қалада көптеген азаматтарға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, жеңілдетілген пайызбен несиелендіру бойынша, жаңадан кәсіп бастау бағытында берілетін қайтарымсыз гранттар бойынша, жеке кәсіпкерліктің немесе заңды тұлғалардың құжаттарын рәсімдеу жұмыстарына заң аясында көмек көрсету, әр түрлі әкімшілік кедергілерге заң аясында құқықтық көмек көрсету бойынша бірнеше кәсіпкер жүгінген.

Түркістан қалалық Бизнесті қолдау және туризм бөлімі «Кедергісіз кәсіпкерлік» жобасы аясында Түркістан қаласының тұрғындарына жеңілдетілген пайызды несиелер, қайтарымсыз гранттар, субсидиялар және т.б. сұрақтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік несиелеу бағдарламалары аясында консультациялық кеңестер мен бағыт-бағдарлар беріп келеді. Сонымен қатар, Түркістан қаласының білім ошақтарының, арнаулы оқу орындарының түлектері мен студенттеріне, жастарға кәсіпкерлікке баулу мақсатында индустриалды аймақта орналасқан зауыт, фабрикаларға, әр түрлі бағыттағы өнеркәсіп орындарына шолу ұйымдастырылды.

Жалпы, «Кедергісіз кәсіпкерлік» ақпан айынан бастап іске асырылды. Тікелей ұялы байланыс нөмірі: 8-707-412-11-43 немесе 8 (72533) 57919. Жоба жұмысын бастағалы Индустриалды аймақтан жобаны іске асыру мақсатында жер учаскесін алуға заң аясында сүйемелдеу жүргізілді. Жобаны іске асыруға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Жеңілдетілген несие алуға заң аясында құжаттарын рәсімдеуге сүйемелдеу жүргізілді. Одан бөлек, жоба аясында Түркістан қаласында іске асырылған өңдеу саласындағы 4 инвестициялық идеяға жеңілдетілген несиелер бойынша заң аясында құжаттандырырылды.

Жалпы, Түркістан қаласының жер көлемі 22,4 мың гектарды құрайды. 2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша халық саны — 233 533 адам. Оның экономикалық белсендісі — 87873 адам.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің аудан, қалаларын дамыту жұмыстары жүруде. Оның ішінде Түркістан қаласына ерекше көңіл аударылған. Жұмыстар нәтижесінде көрсеткіштер жақсаруда. Өнеркәсіп өнім көлемі 19 902,5 миллион теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 миллион теңге немесе 107,8%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3466,3 миллион теңге немесе НКИ 104,0% құрады, жылыжайлар – 1,5 гектар. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысына сәйкес 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. Қалаға 163 185,4 миллион теңге (138,3%) инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция 104 508,9 миллион теңгеге ұлғайған. Құрылыс жұмыстары: 109 858,5 миллион теңгені құрады. Пайдалануға берілгені – 152 257 шаршы метр, оның ішінде 82 426 шаршы метрі жеке тұрғын үйлер есебінен салынған.

Қалаға келетін туристер саны артып келеді. Туристер мен зиярат етушілер саны 2023 жылы 1 015 211 адам болса, 2024 жылдың 6 айында 752121 адам келген. Шетелден 2022 жылы 7113 адам келсе, 2023 жылы 12 169 адам қонақ болған. Ал 2024 жылдың 6 айының өзінде шетелден 13 732 турист келіп отыр.

Иә, шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізгі драйвері. Түркістан – кәсіпкерлікке бейімделген, бизнес өкілдері көп шоғырланған өңір. Бүгінгі таңда 210 мыңға жуық шағын және орта бизнес қызмет етеді, саны бойынша Астана және Алматы қалаларынан кейін 3-орында тұр. Облыс әкімдігі бизнес-климатты жақсарту бойынша бірқатар жүйелі қолдауларды іске асыруда. Облысымызда жыл басынан 4 индустриалды аймақ құрылып, олардың саны 13-ке жетті. 9 индустриалды аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, жаңа индустриалды аймақтарға инфрақұрылым жүргізу үшін құжаттамалар рәсімделуде. Сондай-ақ өнеркәсіптік алаңы 594 гектардан тұратын «Тұран» арнайы экономикалық аймағы бар. Экономикалық аймақта жұмыс істеймін деген кәсіпкерлер табыс, кеден, жер және мүлік салықтарынан босатылады. Бұл аймақтардан бөлек, «Өндірістік парк» жобасы жүзеге асуда. Кәсіпкерлер үшін дайын өндірістік ғимарттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Сауран ауданы Шаға ауылында 30 гектар жерге 39 өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары басталып, 10 ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталды. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін шығару, жиһаз цехы, тоңазытқыштар өндіру, есік жасау кәсіпорындары өз жұмыстарын бастағанын атап өткен жөн.

Түркістан облысының аудан, қалалары Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамаларын тыңдауда. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы тамыз айының аяғында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков есеп берді.

Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Облыс әкімі шаһарды жан-жақты дамытуға күш салынып, көгалдандыруға басты назар аударуды тапсырды.

Түркістан қаласы аумағын көгалдандыру мақсатында қаланың жасыл қорын көбейту, қайта құру және дамыту қазан-қараша айларында ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта, күз мезгілінде жалпы 205 000 дана жапырақты, жемісті, бұталы ағаштар егілу жоспарлануда. Жасыл белдеуге 2 427,5 гектар жер аумағы өткізілді. Қосымша 348,5 гектарды құрайтын жер беру жоспарлануда. Жер телімдеріне зерттеу-зерделеу жұмыстары жүруде.

– Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Индикаторлар орындалуы тиіс. Түркістан жасыл желекке оранған, халық үшін қолайлы қала болуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндік бар, – деді Дархан Сатыбалды.

Жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 196,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім 9,5%-ды құрады. Жалпы, қалада экономикалық белсенді халық саны 83 мыңнан асады. Еңбек индикаторындағы негізгі міндет – жұмыссыздық деңгейін төмендету. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде жаңа және субсидияланатын жұмыс орындарынан бөлек, шағын несие және мемлекеттік грант беру жұмыстары да қамтылады.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы 500-ден аса адам сертификат алды. Жүзден аса тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Сұранысқа ие дағдыларды 300-ге жуық адам онлайн меңгерген. Түркістан қаласына инвестиция тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймағынан 7 гектар жерге 200-ге тарта жаңа жұмыс орны бар 4 жоба іске асырылмақ. Бұдан бөлек, индустриалды айма 11 жоба іске асырылуда. 190 гектарды құрайтын аймақта 39 жоба орналасқан. Онда 1500-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Былтыр қалада құрылыс жұмыстарының көлемі 218 миллиард теңгеге жеткен. Жоспар 13 миллард теңгеге артығымен орындалып ғана қоймай, пайдалануға берілген тұрғын үй саны да артқан. Яғни, құрылысы біткен тұрғын үйлердің шаршы метрі 417 мыңға жетіп, жоспар 23 мың шаршы метрге артығымен орындалған. Бүгінде 16 мыңнан астам адам тұрғын үйге мұқтаж аазмат ретінде тіркелген. Оларды баспанамен қамту мақсатында 2024-жылы 1314 пәтерді сатып алу үшін 30,2 миллиард теңге бюджеттен қаралған. Одан бөлек «Отбасыбанк» арқылы 3317 пәтер сату жоспарланған. Бүгінгі таңда 2 мыңнан астам пәтер сатылды. Қалған пәтерлер жыл соңына дейін сатылатын болады.

Облыс орталығының инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Түркістан қаласында ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 16 мыңнан асып, қала тұрғындарының 36%-ын құрады. Сарқынды су құбырлары 400 шақырымнан асады. Қазіргі таңда қала аумағында сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның (11 нысанның құрылысы жүргізілуде, 4 нысанның құрылысы басталуда) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 3 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Нәтижесінде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамту көрсеткіші 72%-ға жететін болады. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған, яғни Түркістан халықаралық көлік магистралы желісінде орналасқан. Қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымында да басты нысандар туристерге қызмет атқара алады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin