Түркістан қаласында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркістан шаһарының басшысы Нұрбол Тұрашбековтің қатаң бақылауында тұр.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100%-ға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Жол құрылысын 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына рельстер орнатылды.
Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70 %-ға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандардың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ал электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының тұрықты қадағалауында тұр.
«Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Расы керек, Түркістан өңірінде жаңа зауыттар ашу, кәсіпорындар салу жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл ретте инвесторлар мен кәсіпкерлерге арнайы инфрақұрылыммен қамтылған аймақтар қажет. Сондықтан Түркістан қаласы маңында «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аймаққа барып, жай-күйімен танысты.
– «Turan» арнайы экономикалық аймағына үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан инфрақұрылыммен қамту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы аймақта су қорын молайтуды қолға алыңыздар. Көгалдандыру да назардан тыс қалмауы тиіс. Аталған аймақта орналасатын жобаларды қазірден іріктеп, инвесторлармен, кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары жалпы аумағы 540 гектарлық 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталаған өндірістік ғимараттар бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.
2043 жылға дейінгі кезеңге «TURAN» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылып жатыр. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы Түркістан облысының аумақтық шекарасы шегінде, қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес шекараларда орналасқан. АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 4622,39 гектарды құрайды. АЭА аумағының құрамына 6 субаймақ: 861,75 гектар тарихи орталық, 1578,64 гектар әкімшілік-іскерлік орталық, аумағы 1000 гектар, 35 гектар және 180 гектар өнеркәсіптік аймақтар және 967 гектар әуежай кіреді.
Айта кетейік, аталған аймақты құру туралы шешім қабылданған уақытта оның жобалық аумағы 3987,39 гектар болып бекітілген. Енді ол 4622,39 гектарға дейін ұлғайтылмақ.
Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым бағыттарына да өзгеріс енгізілді. Енді аумақта мына жұмыстар атқарылады:
— туристерді орналастыру орындарын, санаторий және сауықтыру объектілерін мынадай шарттарды сақтай отырып салу және пайдалануға беру: салынып жатқан және пайдалануға берілетін объектілердің ойын бизнесімен байланысты емес, салу және пайдалануға беру жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады;
— жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, инфрақұрылым объектілерін, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу және пайдалануға беру;
— жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, музейлерді, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін салу және пайдалануға беру;
— жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес өндірістік және қайта өңдеу объектілерін салу және пайдалануға беру;
— құрылыс материалдарын өндіру;
— өзге металл емес минералды өнімдерді өндіру;
— дайын металл бұйымдарын жасау;
— жиһаз бен интерьер бұйымдарын жөндеу;
— электрондық және оптикалық жабдықты жөндеу.
Атап өтерлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы экономикалық аймақтар (АЭА)аумағында жүзеге асырылатын қызметтің басым түрлерінің тізбесін әзірлеп, арнайы экономикалық аймақтар бөлінісінде қызметтің басым түрлерінің тізбесін жүргізу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес Астана АЭА-сында әскери жауынгерлік көлік құралдары мен машиналар, жабдықтар өндірісіне басымдық берілмек.
Министрлік әр экономикалық аймақтың басым бағыттарын бекіткен. Құжатта барлығы 14 экономикалық аймақ бар. Олар:
«Астана-жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы;
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы;
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы;
«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы;
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы;
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы;
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы;
«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы;
«Павлодар» арнайы экономикалық аймағы;
«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы;
«Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы;
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы;
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» арнайы экономикалық аймағы;
«Alatau» арнайы экономикалық аймағы.
«Астана – жаңа қала» АЭА
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын тізбеге әскери жауынгерлік көлік құралдарын өндіру қызметі кірген. Әскери жауынгерлік көлік құралдарынан бөлек бұл аймақта машиналар мен жабдықтар өндірісі, тұрмыстық электр аспаптар өндірісі, химия өнеркәсібі, металлургия өнеркәсібі, электр жабдықтарын, оның ішінде электр жарықтандыру жабдықтарын өндіру, жарықтандыру аспаптарына арналған шыны компоненттерін өндіру, тамақ өнімдерін өндіру, ағаш массасы мен целлюлоза, қағаз және картон өндіру, автокөлік құралдарын, трейлерлерді және жартылай тіркемелерді өндіру, теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісі, әуе және ғарыштық ұшу аппараттарын өндіру, электрондық бөлшектерді өндіру, медициналық құралдарды, аппараттар мен жабдықтарды өндіру сынды тағы да басқа қызмет түрлері жүзеге асырылады.
«Ақтау теңіз порты» АЭА
Ал «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында тұрмыстық электр аспаптарын, химия өнеркәсібі өнімдерін, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге, дайын металл бұйымдары мен машиналар мен жабдықтар өндірісіне, мұнай-химия өнімдерін өндіруге, аквамәдениетке, қонақүйлермен және тұру үшін ұқсас орындармен қызметтер көрсетуге және т.б. қызмет түрлеріне басымдық берілмек.
«Инновациялық технологиялар паркі» АЭА
«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында деректер базасы мен аппараттық құралдарды жобалау, әзірлеу, енгізу және өндіру, бағдарламалық қамтамасыз етуді жобалау, әзірлеу, енгізу және өндіруге маңыз беріледі. Сонымен бірге серверлік инфокоммуникациялық жабдықты пайдалана отырып, ақпаратты электрондық нысанда сақтау және өңдеу жөніндегі қызметтер, яғни дата-орталықтардың қызметтері осы аймақта дамиды. Заманауи жасанды иммундық және нейрондық жүйелер негізінде жаңа ақпараттық технологиялар да осында құрылмақ.
Сондай-ақ ақпараттық технологиялар, телекоммуникациялар және байланыс, электроника, аспап жасау, жаңартылатын энергия көздері, ресурс үнемдеу және табиғат пайдалану, жаңа материалдар жасау және қолдану, мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу, ғылым саласындағы уәкілетті орган осындай материалдарды жүргізу, мәтіндерді өңдеуге арналған машиналар, көшіру-көбейту жабдықтары, адрестік машиналар, калькуляторлар, кассалық аппараттар, таңбалау машиналары, билет-кассалық машиналар өндірісі, ақпаратты өңдеуге арналған басқа да офистік машиналар мен жабдықтар, электрондық есептеу машиналары мен өзге де жабдықтар өндірісі де осы аймақта жолға қойлатын болады.
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» АЭА
«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» арнайы экономикалық аймағында – автомобильдер мен мотоциклдерді қоспағанда, көтерме сауда, бөлшек сауда, жүктерді сақтау және қосалқы көлік қызметі, қаржылық қызметтер, туроператорлардың, турагенттердің және туризм саласында қызмет көрсететін өзге де ұйымдар қызметі жолға қойылады. Сонымен бірге мұнда азық-түлік өндірісі, минералды сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар өндірісі, дайын тоқыма бұйымдарын өндіру, киім өндірісі, фармацевтикалық препараттар өндірісі, велосипед және мүгедектер арбалары/креслолар өндірісі жүзеге асырылады.
«Alatau» арнайы экономикалық аймағы
Ал өткен жылдың аяғында құрылған «Alatau» арнайы экономикалық аймағында балықты, шаян тәрізділерді және моллюскаларды өңдеу және консервілеу, кілемдер мен кілем бұйымдарын өндіру, тоқу өндірісі, маталар мен тоқыма бұйымдарын әрлеу, аяқ киім өндірісі, ағаш массасы мен целлюлоза өндірісі, қағаз және картон өндірісі, гофрленген қағаз және картон, қағаз және картон ыдыстарын өндіру, асбестцементтен және талшықты цементтен жасалған бұйымдар өндірісі, бетоннан, құрылыс гипсінен және цементтен жасалған өзге де бұйымдар өндірісі, тұрғын және тұрғын емес ғимараттар салу, су құрылыстарын салу, жүктерді сақтау және сақтау секілді қызмет түрлеріне басымдық беріледі.
Еске сала кетсек, Алатау экономикалық аймағын құру үшін Жетіген кенті Алатау қаласы боп өзгерді. Үкіметтің арнайы қаулысы қарашаның ортасында шыққан болатын. 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде: шамамен 3,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту; құны 17 триллион теңгеден астам қызметтер мен тауарлар өндіру; 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Түркістан облысында инвестиция тартуға басым бағыт берілген. Өңірде инвестициялық штаб жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестормен жеке кездесіп, қолдап, әр жобаның түпкілікті жүзеге асуын жіті бақылайды. Барлық аудан, қала әкіміне нақты индикаторлар бекітілген. Аудан, қала басшылары жергілікті кәсіпкерлермен бірге Түркия, Қытай, Аустралия, Өзбекстан елдерінің өндірістік аймақтарына іссапарларда болды.
Делегация әлемге танымал кәсіпорын, зауыттарды аралап, алпауыт компаниялармен келісімдер жасалды. Озық шетел тәжірибесі кеңінен қолдану мақсатында атқарылған тиісті жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде.
6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция 3 есеге артып, 2023 жылы 972 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 2023 жылға жоспарланған 56 инвестжоба толық іске қосылды. Экономикаға тың серпін беретін 145 жоба пулы қалыптасты. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығында терең өңдеуді дамытуға басымдық берілді. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 миллиард теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса мән берілген. Ең алдымен, өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Екіншіден, өндірістік парк аумағында 42 ғимарат салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 14 ғимарат құрылысы аяқталды. Жалпы құны 30,7 миллиард теңге болатын 10 жоба жоспарланса, соның жетеуі (24,2 млрд теңге) іске қосылды. Олардың қатарында тоңазытқыш өндіретін «UBC group», әскери шатыр мен жиһаз өндіретін «Aqniet holding», жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесін шығаратын «BNK group» компаниялары бар. Өндірістік парктің биыл аяқталатын екінші және үшінші кезеңінде 70 миллиард теңгеден астам инвестиция қаржысына өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасымен осындай парктерді аудандарда да салынады.
Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 триллион теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде «ПГУ Туркестан» қуаттылығы 926,5 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы, «Standard Petroleum» мұнай өңдеу зауыты, «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіру зауыты, «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауыты бар. Мәселен, «Beibars-Bottlers» ауыз су және түрлі-түсті сусындарды шығару зауытында жылына 85-100 миллион литр түрлі түсті сусындар шығру көзделіп отыр, 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
Ал «Global textile» зауыты іске қосылғаннан кейін 10 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Сонымен қатар 2000 жұмыс орны ашылмақ. ««Lihua xinjang group» текстиль кластері жобасының құны – 180 миллиард теңге. Мақта кластерін дамытып, оны өңдеу, жіп иіру, мата шығару және мақта егуге байланысты өндірістерді жүзеге асырады. 2500-дей жұмыс орны құрылады. Зауыттарды ашып қана қоймай, одан шығатын тауарлар мен өнімдерді өткізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген.
Өткен жылы арнайы сарапшылар тарапынан Түркістан облысының экономикалық моделіне талдау жүргізіліп, 2030 жылға дейін стратегиялық бастамаларды жүзеге асырудың жол картасы әзірленді. Даму жоспарында негізгі әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелер анықталып, оны шешу жолдары және даму басымдықтары айқындалды. Ал тамыз айының басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында жол картасының басым бағыттары мен алдағы жоспардың басты мақсаттары сараланды.
– Жоспардың басты мақсаты – 2030 жылға дейін жалпы өңірлік өнім көрсеткішін 2 есе көбейтуге қол жеткізу. Әрбір басқарма, әрбір аудан, қала әкімдіктері стратегияны орындау жоспарын әзірлеп, арнайы жиында қорғайды. Барлық аудан, қаланың жоспарын қарап шығамыз. Басты бағыт – өндіріс орындарын көбейту, өңірдің өзіндік кірістерін молайту. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту сынды басым бағыттар және өзге де салалар бойынша нақты ұсыныстар енгізілуі тиіс, – дейді Дархан Амангелдіұлы.
Жол картасы 8 негізгі басым бағыттан тұрады. Бұл туралы Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек кеңінен баяндады. Оның мәлімдеуінше, осы жылдың 6 айында қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 6,5 %-ға өскен. І жартыжылдық қорытындысына сәйкес, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер толығымен орындалды. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 217 миллиард теңгеге жетіп, өсім 107,1% деңгейінде қалыптасты. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 110%-ға жеткізу көзделіп отыр (1,4 триллион теңге).
Облыс аумағында егістік алқаптарға су үнемдеу технологияларын ендіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл су үнемдеу технологияларын 22 мың гектар жерге енгізу көзделсе, жыл басынан бері 12,9 мың гектарға енгізілді. Су үнемдеу технологияларының қол жетімділігін арттыру бағыттында 2 кәсіпорын іске қосылды. Атап айтқанда, жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын «BNK Group LTD» зауыты және «Тұран су» МКК-ның тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны өз жұмысын бастады. Осы кәсіпорындар есебінен ішкі қажеттілік толық қамтамасыз етілмек. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында 45 жобаны іске асыру жоспарланса, 6 айда 13 жоба іске қосылды.
Нәтижесінде, 136 жаңа жұмыс орны құрылды. Жол картасында индустриализацияны дамытуға үлкен назар аударылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 айда 552 миллиард теңгеге жетіп, өсім 106,8%-ды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 253,1 миллиард теңгені құрап, өсім қарқыны 111,2%-ға жетті. Салада жыл басынан бері 7 жоба іске қосылып, 290 жұмыс орны ашылды. Жол картасында шағын өндірістік оазистер құруға басымдық берілген. Облыста 42 өндірістік ғимарат орналасатын шағын өндірістік парк жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жобаның І кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 24,2 миллиард теңгеге 7 жоба іске қосылды.
Облыста аумағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және 10 индустриалды аймақ бар. Онда 93,5 миллиард теңгеге 83 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 51 жоба толық іске қосылды. «TURAN» АЭА 2 өнеркәсіптік алаңында және «Түркістан» индустриалды аймағының кеңейтілген алаңында инфрақұрылым салу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қазығұрт, Келес және Сауран аудандарында индустриалды аймақтар құрылды. Облыс экономикасына 6 айда 421 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37,8%-ға артты. Оның ішінде, 82%-ы жеке инвестиция құрайды. Экономиканың өсіміне серпін беретін 2,2 триллион теңгеге 145 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Жобалар толық іске қосылған жағдайда, 17,7 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, жыл басынан бері 601 жаңа жұмыс орнымен 15 жоба іске қосылды. «Өңір экономикасында алға жылжу бар. Дегенмен, бірқатар бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажет» деген өңір басшысы жауапты сала басшыларына туризмді дамыту және креативті индустрияны қалыптастыру, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жаңа жобалар енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тарту жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Нәтижесінде инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат қалыптасуда. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағы бар. Бұл аймақтарда инвестиция құны 190 миллиард теңге болатын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асыруда. Оларды инфрақұрылыммен толық қамту жұмыстарына күш салынған.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Бизнесті мемлекеттің қолдауы аясында бюджеттен қаржысы қаралып, 18 нысан бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Сауран ауданы, Шаға ауылындағы өндірістік парктің электрмен жабдықтау және газ тарту нысандарының құрылысы аяқталды. Түркістан қаласында 310 гектар индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда газ, су, кәріз құбырлары тартылып, 25000 метр жарық желілері жүзгізіледі. Өндірістік паркке 100 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделген. Маңызды жоба толық іске қосылған соң, екі мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Бүгінде Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында өндірістік ғимараттар салынуда, 14 ғимарат іске қосылды. Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасады.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрақты жұмыс орындары ашылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.