10 қазан — Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні. Бұл мереке Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының бастамасымен 1992 жылы құрылды және жыл сайын халықтың психикалық денсаулық проблемалары мен оны нығайту тәсілдері туралы хабардар болуын арттыру, сондай-ақ психикалық бұзылулардың алдын-алу және емдеу мақсатында атап өтіледі.
Мерекеге орай, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Психикалық денсаулық орталығы» мекемесінде дөңгелек үстел өтті. Жиынға Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігерідің орынбасары Ерлан Ережепов және психиатр-дәрігерлер мен жастар қатысты.
Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Ерлан Ережепов Шымкент қаласында психиатриялық есепте тұратын науқастар саны және психикалық ауруға шалдығатындар жөнінде баяндама жасады.
– Қазіргі әлемде ең көп таралған психикалық бұзылыс — депрессия. Депрессиялық жағдайдан туындаған одан да күрделі мәселе — өз-өзіне қол салу. Жыл сайын әлем бойынша 800 мыңнан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды. Адамдардың басым бөлігі психикалық белсенді заттарды қолданумен байланысты психикалық бұзылыспен зардап шегеді (алкоголизм, нашақорлық). Әйелдер ерлерге қарағанда екі есе дерлік ауыр депрессиядан зардап шегеді. Дегенмен, ерлер мен әйелдердің биполярлық бұзылыстың дамуы бірдей ықтимал. Күрделі депрессия кез келген жаста дами алатынымен, бастапқы кезеңдегі орташа жас 20 жастың ортасында болып табылады. Көп жағдайда шизофрения алғаш рет жасөспірімдерде немесе 20 жастың басында пайда болады. Олардың барлығы білікті психиатриялық көмекке мұқтаж,-дейді Ерлан Ережепов.
Жалпы, Шымкент қаласында психиатриялық есепте тұратын науқастар саны — 12190 құрайды. Олардың ішінде жастар саны – 2883, ал, ерлер–1693, әйелдер – 1190. Бұл сандар нақты емес көрінеді.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Психикалық денсаулық орталығы» өзекті тақырыптарды ортаға салып, жиі талқылаулар ұйымдастырады. Бұдан алдын орталықта Дүниежүзілік темекіден бас тарту күніне орайластырып дөңгелек үстел өткен еді.
Жиынға Психикалық денсаулық орталығының қызметкерері, қалалық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, білім басқармасы мен қалалық СӨСҚ орталығының қызметкері, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық, Жастар ресурстық орталығы мен “Ренессанс-Шымкент» медико-әлеуметтік орталығының мамандары қатысты.
Дәрігер психиатр-нарколог Р.А.Баймурунова Дүниежүзіндегі және Қазақстандағы темекі және насыбай тұтыну жағдайын баяндады. Ал Дәрігер психиатр-нарколог М.С.Одаман электронды темекі, вейп, СНЮС, кальян заттарының ағзаға зияны жайлы баяндады.
Дөңгелек үстелге келген әрбір азамат әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік қолдау қызметінің халықтың мақсатты топтарымен: темекіні пайдаланудың зиянды ықпалы мен салдары туралы; темекі тұтынудан пайда болатын асқынулар туралы хабардарлығын арттыру; пациенттерді мақсатты таңдауға, сауықтыру жөніндегі жеке іс-қимыл жоспарын жасауға, атап айтқанда темекі тұтынудан бас тартуға үйрету және олардың орындалуына бақылау жүргізу туралы пікірталас жүргізді.
Еске сала кетсек, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі насыбай ататындарды сынап, ұят әдет деп атады.
«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. …Қазір – 21 ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек», — деді президент.