Шымкентте жыл басынан бері МӘМС қаражатының есебінен 700-ден астам науқасқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.
Атап айтқанда, аруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде қымбат бағалы күрделі ота түрлеріне қолжетімділік артқан.
Қаладағы медициналық мекемелерде былтыр 120 мыңға жуық науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның 80 пайыздан астамы МӘМС қаражаты есебінен ем қабылдады. Сондай-ақ, 155 жекеменшік медициналық ұйым халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде қызмет көрсетеді.
Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да аурулардың асқынуында отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралулары оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға да ерекше көңіл бөлінген.
Шымкентте МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артқанын дербес сарапшылар да растауда. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде де күрделі ота түрлерін жасау қарқын алған. Қазіргі таңда қалада ЖТМК түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Өздеріңізге белгілі, Шымкент жүрек орталығында жасанды жүрек отасы жасалуда. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы науқастың қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Соңғы 4 жыл ішінде мұндай 13 ота жасалған. Сонымен қатар №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы адам ағзасын ауыстыру оталарын сәтті жасауда. Барлығы да МӘМС есебінен қаржыландырылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Шымкентте бүгінгі таңда амбулаториялық тегін дәрі -дәрмек 123 нозология бойынша босатылуда. Науқастарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету 2,6 есеге өскен. Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне баруы керек. Дәрігер науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда емхананың дәріханасынан дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Ал, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.
«ANYQ.KZ-ақпарат»