Қазіргі кезеңде денсаулық сақтау саласының мамандарын қатерлі ісік аурулары, оның ішінде жатыр мойыны обырының көбеюі аса алаңдатып отыр. Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы анықталып, 600-ден аса науқас әйел аурудан айыға алмай көз жұмуда. Қатерлі дертті тудырушы негізгі фактор – адам папиллома вирусы.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалық етуімен адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті. Штабта денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сауле Дүйсенбаева АПВ вакцинасы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. 2024 жылғы 1 қазанда Шымкент қаласында 11 жастағы қыздарды адам папиломасы вирусына (АПВ) қарсы вакциналау басталғанын және күні бүгінге дейін шаһар көлемінде 2488-қыз балаға вакцина егілгенін мәлімдеді.
Жиынға Денсаулық сақтау басқармасы, Білім және Дін істері, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, медициналық ұйым басшылары, аудан әкімдік, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкіллері қатысты.
Жалпы, адам папиллома вирусы – адамның терісін және шырышты қабаттарын зақымдайтын вирус түрі. Қазіргі таңда аталған вирустың 200 астам түрі белгілі. 14 астам түрі жоғарғы онкогенді қауіп тудырады. Бұл вирус көбіне терінің шырышты қабаттарында дамитындықтан, обырмен асқыну қауіпі жоғары. Әсіресе, тәжірибеде жиі кездесетін жатыр мойнының обырына әкеп соқтыруы мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйел адамның папиллома вирусын жұқтыруымен байланысты.
— Адам вирусты жұқтырғанда, ол оның ағзасында ешқандай ауру белгілерін тудырмай тарала береді. Науқас өзінің қатерлі дертке шалдыққанын аурудың соңғы кезеңіне дейін білмей жүруі мүмкін. Сол себепті де біз тұрғындарды екпе алуға, жыл сайын бір тексерістен өтіп тұруға шақырамыз. Ең басты себеп адам иммунитетінің төмендеуі. Бұл вирус адам ағзасында көбеюге бейім. Ол түрленген сайын түрлі ауруларды тудырады. Әсіресе онкогенді дерттердің вирустары жылдам репликацияланады (көбейеді). Сәйкесінше, салдары адам өміріне қауіп төндіретін қатерлі ауруларға әкеп соқтырады. Кейбір жағдайларда ағзаға түскен вирус 12-24 айдың ішінде өзі жойылып кетуі де мүмкін, — деді Сәуле Дүйсенбаева.
Мемлекет басшысы міндетті вакцинация туралы пандемия кезінде, одан кейін де үнемі айтып келеді.
«ANYQ.KZ-ақпарат»