Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының IT компания өкілдерімен халықаралық технологиялық паркті құру жөнінде маңызды келіссөздер жүргізді.
Бұл келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Осы арқылы ІТ саласында Түркістанның өз бренді қалыптаспақ.
Сонымен қатар технологиялық парктің құрамында осы өнімдерге қызмет көрсету орталықтары мен кадрларды оқыту және дамыту орталықтары да жұмыс істемек. Бұл инновациялық орталық аймақтағы жоғары технологиялар саласын дамытуға ықпал етіп, жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Технологиялық парк тек өндірістік қуаттылықты арттырумен шектелмей, аймақты жаңа технологиялық инновациялардың орталығына айналдыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты экономикалық мүмкіндік туындайды.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміз цифрландыру саласындағы қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуі тиістігін баса айтқан болатын. Осыған орай Түркістан облысында бірқатар қарқынды жұмыс жалғасуда. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының ІТ компания өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Басқосуда компания өкілдерімен технологиялық парк ашу туралы келісімшартқа қол қойылды» — дейді облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков.
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚХР-дың Сычуань провинциясына қарасты Мяньян қаласынан келген делегациямен де кездесті. Кездесуде аймақ басшысы Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің достық қарым-қатынасы жайлы, оның ішінде Түркістан облысымен арадағы сауда-экономикалық байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанына тоқталды.
– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара қарым-қатынас – достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қағидаттары негізінде дамып келеді. Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміздің дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Шілде айында ҚХР-ға іссапар аясында Шэньси, Хубэй, Хэнань провинцияларының губернаторларымен кездесіп, әртүрлі салаларда ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктерін талқыладық және тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келістік. Бүгінгі кездесу – өңіраралық байланыстарды нығайтуға бағытталған жоспарлармен пікір алмасу үшін тамаша алаң. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтқым келеді, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі ресми делегация өкілдерін 31 қазан күні Түркістан қаласында өтетін Халықаралық инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Ауқымды форум аясында бизнес форумдар, Түркістан облысы тауар өндірушілерінің көрмесі мен B2B форматындағы кездесулер өтеді.
Басқосуда сондай-ақ өңір басшысы Қытай елінің өкілдерін өңдеу өнеркәсібі, электротехника, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Көршілес елден жеткен жұмысшы топты басқара келген Мяньян қаласы сауда бюросы директорының орынбасары Ху Хунцзюань ханым аталған салалар аясында ынтымақтастық орнатуға дайындығын білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 миллиард АҚШ долларына жетті. Соның ішінде Түркістан облысымен өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 148,9 миллион АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 60,09 миллион АҚШ долларын және импорт 88,9 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл ретте өзара сауда 2023 жылмен салыстырғанда 11% — ға өсті.
Мяньян – 2200 жылдық тарихы бар, ғылым мен техника дамыған қала. 5 миллионнан астам халық мекен еткен шаһарда 2023 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 400 млрд. юаньннан асқан. Тұтыну тауарларын бөлшек саудада сатудың жалпы көлемі 182,236 миллиард юаньға жеткен.
Инвестор демекші, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлемге әйгілі испандық «Auditores Energeticos AFN» компаниясының өкілдерімен кездесіп, өңірде коммуналдық қалдықтарды терең өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты талқылады. Қоқыс қалдықтарын терең өңдеудің жаңа технологиясы – қоршаған ортаға зиянсыз, Еуропа елдері қолдаған қалдықсыз, қауіпсіз түрі. Айта кейік, гидрогаздандыру технологиясы қоқыстан жаңа өнім түрлерін шығарады.
Жобаны инвестор компания мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында АХҚО алаңында жасалатын арнайы инвестициялық келісім шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Заңды сүйемелдеуді «Қазақинвест» ұлттық компаниясы жүргізеді.
Инвесторлармен келіссөздер жүргізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның маңыздылығына тоқталып, әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Түркістан облысы үшін қалдықтарды терең өңдеу – экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық өсуге және әлеуметтік ортаны жақсартуға бағытталған кешенді шешім. Қазіргі таңда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 17 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде, 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен (пластмасса, пластик, полиэтилен қалдықтары, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура), 4 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.
Биыл 9 айдың қортындысымен 69 032 тонна қоқыс жинақталып, оның 17 478 тоннасы қайта өңдеуге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 103 181 тоннаны құрады.
Облыс аумағында 135 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындары белгіленген. Оның ішінде, 38 аудандық, 50 ауыл округінің, 47-сі жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген. Облыс аумағында қоқыстарды жинау, шығару және тасымалдау қызметімен 62 мекеме айналысады. Барлық аудан, қала орталықтарында құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы жер телімдері белгіленіп, мемлекеттік актілері аланған. Арыс және Түркістан қалаларында қоршау жұмыстары жүргізілген.
Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Астана қаласында Түркістан облысы әкімі аппараты басшысы Еркеғали Әлімқұлов Америка Құрама Штаттарының Пенсильвания штатындағы «EPAM Systems» американдық IT компаниясының басқарма төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті. Тараптар Түркістан қаласында технологиялық және білім беру орталығының, сондай-ақ «EPAM Systems» филиалының ашылуын талқылады.
Кездесу барысында Түркістан облысы және ондағы білім саласы туралы, ІТ саласын жетілдіру бойынша әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізілді. Аркадий Добкин ЕРАМ цифрлық инженерия мектебінің ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне тоқталып, әріптестік орнатуға ниет білдірді.
– Қазақстанға қош келдіңіз! Біздің кездесуіміз «EPAM Systems» компаниясы мен Қазақстан Республикасының Түркістан облысы арасындағы жаңа және жемісті қарым-қатынастардың бастамасы болады деп сенемін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білікті мамандарды даярлау арқылы Қазақстанды IT елге айналдырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл бағытта біз Түркістан облысында білім беру сапасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Түркістан облысы еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Облыстың әкімшілік орталығы – Түркістан қаласы. Түркістан – ғасырлар бойы қазақ халқының тарихында орасан зор рөл атқарған Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Бүгінде Түркістан облысы бұл мұраны сақтап қана қоймай, белсенді түрде дамытып келеді. Облыс мектептерінде 522 мың оқушы білім алуда. Біздің облыс түлектер саны бойынша елімізде көшбасшы. Яғни, былтыр 32,6 мың түлек оқу орындарын бітірген. Түркістан қаласында екі халықаралық университет жұмыс істейді. Екі университет те әртүрлі салаларда білім ұсынады және аймақтағы маңызды білім беру орталықтары болып табылады. IT саласының Америкадағы ең мықты компаниясының Түркістанға келіп жұмыс істеуіне тілектеспіз. Жастарымыз білімді, білікті болса, нағыз бәсекеге қабілетті болары сөзсіз, – деді Еркеғали Әлімқұлов.
Түркістан қаласында екі халықаралық университет бар. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 8 мыңға жуық студент білім алуда. Оның ішінде, 5 782 азамат Түркістан облысының тұрғындары болса, 2 211-і – басқа қалалар мен шет елдерден келген азаматтар.
Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінде 2 980 студент оқиды. Оның ішінде, Түркістан облысының тұрғындары 1 932 болса, 1 048 студент басқа өңірлерден келген.
Түркістан облысында білім саласын, оның ішінде бәсекеге қабілетті ІТ мамандарын даярлауға үлкен мән берілуде. Осыған байланысты 2024 жылғы наурыз айында Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасына жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «WOOSOONG» білім беру қорымен Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, маусым айында «WOOSOONG» университетінің делегациясы Түркістан облысына іссапармен келді. Кездесу барысында «WOOSOONG» білім беру қорының төрағасы Ким Сун Кюнмен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының арасында Түркістан қаласында университет құру туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта университет ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылысын аяқтау 2025 жылға жоспарланған.
Айта кетейік, EPAM Systems – 1993 жылы құрылған беларуссиялық тамыры бар американдық ІТ компаниясы. Беларуссияның жоғары технологиялар паркінің резиденті тапсырыс бойынша бағдарламалық жасақтама өндіреді, кеңес беру қызметін көрсетеді. Компанияның Штаб-пәтері Пенсильвания штатының Ньютаун қаласында орналасқан және оның филиалдары әлемнің 40-тан астам елінде бар. Компанияның айналымы 5,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында кемінде 100 мың IT-маман даярлауды тапсырып, білімді және жас кадрларды қалыптастыру қажеттігін атап өткені белгілі. Тапсырмаға сәйкес ҚР цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Astana Hub халықаралық Технопаркімен бірлесіп, 2021 жылы 20 мың IT-кадр даярлауға бағытталған «Tech Orda» бағдарламасын іске қосқан болатын. Цифрландыру министрлігі биыл да аталмыш бағдарламаның жаңа ағымына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлайды.
Бағдарлама Қазақстанның 18-45 жас аралығындағы барлық азаматтарына бірегей мүмкіндік бермек.
«Astana Hub» базасында ҚР цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасы бойынша іске асырылатын «Tech Orda» бағдарламасы Ақпараттық технологиялар саласында адами капиталды дамытуға бағытталған. Ол веб-әзірлеуді, 3D дизайнын және 3D AR/VR қосымшаларын, операциялық жүйелерді дамытуды, киберқауіпсіздік пен IoT, жасанды интеллект пен алгоритмдерді, Мобильді қосымшаларды құруды, сондай-ақ «Big Data» және «gamedev» сияқты салаларды қамтитын басым секторлардың барлық спектрін қамтиды.
«Tech Orda» жылдар бойы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. 2022 және 2023 жылдардағы сандар мен жетістіктер оның білікті кадрларды даярлаудағы және Қазақстанда IT-білім беруді дамытудағы маңыздылығын көрсетеді. Бүгінгі таңда 91 мектеп 6251 оқушыны оқытты. Бағдарлама ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де танымал it-мектептердің шамамен 40% — ы және студенттердің 46% — ы еліміздің түрлі өңірлерінен ұсынылған. Сонымен қатар, бағдарламаның жетістігі жұмысқа орналасудың жоғары көрсеткіштерімен расталады: түлектердің 88%-ы жұмыс тауып, олардың орташа жалақысы шамамен 600 мың теңгені құрады», — деді ҚР цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Кеше ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы IT мамандарының орташа жалақысын тағы да айтты.
Сенаттың пленарлық отырысында Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2023 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсуді жалғастырып, жұмысқа орналасу үшін ең тартымды салалардың біріне айналған. IT-компаниялардың саны 17 922-ге жеткен, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп.
Министрдің пікірінше, бұл секторға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және оның белсенді дамуын көрсетеді.
«2023 жылы IT-мамандардың орташа айлық жалақысы 588 мың теңге болды, бұл былтырғымен салыстырғанда 35 пайызға артық. Бұл білікті кадрларға деген жоғары сұранысты және бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларын көрсетеді», — деді Жаслан Мәдиев.
IT саласындағы жұмыспен қамту 12 пайызға өсіп, 187 мың адамға жеткен. Министр жұмыспен қамтылғандар санының өсуі саланың кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына баса назар аударатынын атап өтті.
Айта кетейік, бағдарлама түлектері 1079 түрлі компанияларда, соның ішінде «Kaspi.kz», «Halyk Bank», «KPMG», «Ernst & Young», «Теңізшевройл», «ҚазМұнайГаз», «»Freedom Finance, «Kcell», «Air Astana», «Kolesa Group» және басқа да ірі ұйымдарда жұмыс істейді.
Ал «Astana Hub» басқарушы директоры Әзиз Тілеумұратов: «2024 жылы бағдарламаға қатысуға өтініш берген 131 жеке it-мектептің 79-ы аккредиттеуден өтіп, 178 түрлі курстар ұсынды. Оқыту мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі және оның ұзақтығы таңдалған курсқа байланысты 6 айдан бастап өзгереді. Оқыту форматы икемді — онлайн, офлайн және гибридті», — деп атап өтті. Сондай-ақ бұл студенттер үшін кәсіпті игерудің неғұрлым ыңғайлы тәсілін таңдауға жаңа мүмкіндік береді деп отыр.
Бағдарламаның тағы бір ұтымды тұсы жыл сайын 3 мыңнан астам IT-мамандарды мемлекеттік қолдаумен оқытып, әр студентке 600 мың теңге бөледі.
Еске сала кетейік, «Tech Orda» бағдарламасына қосылғысы келетіндер үшін «astanahub.com» порталында мектептер мен курстардың толық тізімі бар. Қосымша ақпаратты таңдалған мектеп немесе 1818 телефоны арқылы алуға болады.
Ақпараттық технологиялар саласы белсенді дамуда. Бүгінде IT бағыты үздіксіз жаңа жұмыс орындарын ашатын саланың біріне айналды.
Иә, «Astana Hub» – орталық Азиядағы ІТ стартаптардың ең ірі халықаралық технологиялық паркі. Мұнда қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың дамуы үшін жағдай жасалған. Орталықтың миссиясы – дамыту орталығына айналу, мықты IT– компаниялар құру. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2018 жылы IT аренаға аяқ басқан орталықтың жұмысы қарқынды жүруде. Бүгінде технопаркке 1 393 IT компания тіркелген. Жалпы қаржыландыру көлемі 245 млрд теңгені құрайды.
Қажеттілік пен сұраныстың артуы есебінен көптеген компаниялар білікті маманға мұқтаж. Мемлекет басшысы «Digital Bridge – 2022» халықаралық технологиялық форумы аясында 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойғаны баршаға мәлім. Білікті мамандардың тапшылығы мәселесі аясында Astana Hub технопаркінің тәжірибесін өңірлерде тарату жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде ел аймақтарында IT-стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту үшін 12 өңірлік IT-Хаб ашылды. Өңірлік хабтар өз аймақтарында инновациялық жобаларды әзірлеумен, IT саладағы мамандарды оқыту және даярлаумен айналысады.
Сондай-ақ олар жергілікті IT қауымдастықтарды дамытып, оған барлық мүдделі тұлғалар қосыла алады. Стартап жобаларды әзірлеудің инкубациялық кезеңінде кәсіпкерлікке оқыту, инвестицияларды тартуға көмек көрсету, қаржылық есеп және PR қолдау көрсетіледі.
Өткен жылы ақпараттық технологиялар саласы бойынша аймақтарда 784 іс-шара ұйымдастырылып, 24 702 адам қатысты, сондай-ақ 194 стартап-идея ұсынылып, 7 ауқымды халықаралық деңгейде форум өтті. Нәтижесінде былтыр өңірлерден 70-тен астам компания Astana Hub-қа қатысушы ретінде тіркеліп, қазіргі таңда еліміздің IT секторының дамуына белсенді үлес қосуда.
Мамандар даярлауда қосымша білім беру, қажетті ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. Мәселен, IT саласында адами капиталды дамытуға бағытталған Tech Orda бағдарламасы, No Code, Startup Garage, Beta Career, Hero Training, Tech Girls, Alem School сындыоқыту бағдарламаларының аясында 20 мыңнан астам адам дағдыларын дамытқан.
Соңғы жаңалықтарға кезек берсек, Катардың астанасы Дохада өткен Web Summit конференциясына отандық 8 стартап қатысқан. Солардың бірі – blockchain технологиясын пайдаланып, құжатқа онлайн қол қоюға, цифрлық форматта құжаттарды жасау және қол қою процесін оңтайландыруға арналған Trustme стартап жобасы.
Үздіктер қатарында нәзік жандар да бар. Бүгінгі таңда технопаркте тіркелген компаниялардың 250-ге жуығын әйелдер басқарады, соның ішінде 25 пайызы өз қызметтерін шетелге шығарып үлгерген.
IT-дің астанасы саналатын, әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарындардың отаны, ең әйгілі технопарк Кремний алқабы секілді ақпараттық технологиялар әлемінің отаны болу Қазақстан үшін арманда қалмасына сенеміз.
Қорыта айтсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инновациялық инфрақұрылымды дамытуды еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды кепілі ретінде атап өтті.
Президент Қазақстанды 2026 жылға қарай 1 миллиард долларға дейінгі сомадағы ІТ қызметтер экспортымен әлемдік деңгейдегі IT көшбасшысына айналдыру жөніндегі өршіл мақсатты белгіледі.
«Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн», — деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Инновациялық инфрақұрылымды құру және жеке IT-компаниялар мен стартаптарды белсенді қолдау мемлекеттің басым міндеттеріне айналды. Осы тұрғыда Қазақстан технологиялық кәсіпкерлік пен халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа перспективалар аша отырып, IT саласындағы жеке бастамаларды ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын белсенді дамытуда.
Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамытуда және инновациялық экожүйені құруда белгілі бір табысқа қол жеткізгенін айта кеткен жөн. 5G желілерін дамыту, Astana Hub бастамасын іске қосу және халықаралық инвестиция тарту – IT сектордың жедел өсуіне берік негіз қалыптастырады. Бүгінгі таңда Astana Hub Орталық Азиядағы көшбасшылыққа үміткер ең маңызды цифрлық орталық, оның ІТ қызметтері мен өнімдерінің жылдық экспорты 500 миллион долларға жетеді.
«Astana Hub» базасында 2021 жылдан бері IT саласында адами капиталды дамытуға бағытталған «Tech Orda» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда «Tech Orda» бағдарламасы бойынша ІТ мектептер үшін 6 мыңнан астам білім беру гранты бөлінген. 2024 жылы Қазақстан азаматтарын IT мамандықтарға оқыту үшін тағы 3 мың жолдама бөлу жоспарланған. Аталған шаралар ірі корпорацияларда да, шағын және орта бизнес секторында да сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.
2026 жылға қарай ІТ қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі Президент белгілеген мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан цифрлық дипломатия мен халықаралық экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан GovTech саласындағы шешімдерін Тәжікстанға, Того мен Сьерра-Леонеге экспорттап, жаһандық ІТ нарығында маңызды ойыншы болуға ұмтылысын растады. Еліміздің ақпараттық технологиялар экспорты іс жүзінде екі есеге артып, 2023 жылы 529,1 миллион долларға жетті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан тиісті ведомство елімізде де, шетелде де инновациялық хабтар өкілдіктерін ашуға белсенді түрде ықпал етуде, бұл отандық компанияларға халықаралық инвесторлар мен серіктестер тартады. Қазірдің өзінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде 15 ІТ хаб жұмыс істейді, ал Калифорния, Эр-Рияд және Сингапурда жақында ашылған инновациялық хабтар Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын айтарлықтай нығайтады.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолындағы келесі қадамдар Тәжікстанда технологиялық парк ашу, стартаптарды қолдау және цифрлық экожүйелерді дамыту болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.