«TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінің» қазығы қағылды. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-нің директоры Сюй Цзе мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығаратын көпсалалы кешеннің капсуласын салды. Аймақ басшысы бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын айта келе, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын жаңа бастамаға сәттілік тіледі.
Келер жылы жүзеге асатын жобаның құны 146,8 миллиард теңгені құрайды. Толық циклді тоқыма фабрикасының құрамында жіп иіретін, мата шығаратын, бояп, өңдейтін 11 цех салынады. 2000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Жоспар бойынша жылына 13000 тонна иірілген жіп, үйге арналған 50 миллион метр тоқыма бұйымдарын, 7 миллион төсек-орын жиынтығын шығарады. Өндіріс орнының қуаттылығы жыл сайын артып отырады.
Мақта-тоқыма кластерін дамытуға бағытталған өндіріс орнының құрылысын «Xinjiang Lihua Group Co., LTD» компаниясы қолға алды. Компания әлемге танымал «Louis Vuitton», «Gucci» брендтерімен тікелей жұмыс істейді. Алдағы уақытта Түркістанда шығаратын жіптер мен маталарды әйгілі брендтерге сатуды көздеп отыр.
Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Облыста мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуде. Елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр.
Өзекті мәселені шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 бағытта, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделген. Нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік жойылмақ.
Түркістан облысында жылда 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Өңірде егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде. Осы мақсатта Қытай тәжірибесі негізінде биыл Арыс қаласы және Жетісай, Сауран, Ордабасы аудандарында 2,5 гектар алқапқа элиталы сортты мақта егілді. Бұл технология суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Шаруалардың айтуынша, нәтижесі таңғаларлықтай.
Мақта-тоқыма кластерін дамыту мақсатында 2023 жылы Мақтаарал ауданында «Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Замануи қытайлық технологиямен жабдықталған мақта өңдеу зауыты өткен жылы 40 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Бұдан бөлек, облыста Қытай және Өзбекстан инвесторларының қатысуымен 223,5 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы, Мақтаарал ауданында мақта-тоқыма кластерін дамытуда 2024-2030 жылға дейін жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 миллиард 862 миллион теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда. Бұл туралы облыс әкімдігінде Мақтаарал ауданының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясы талқыланған мәжілісте айтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтааралдың даму қарқынын арттыру керектігін айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Біз Мақтаарал ауданын дамытуда негізгі басымдықтарды айқындап, жоспарлап алмасақ, экономикалық даму болмайды. Нақты ұсыныстар аз. Даму жоспарын нақтылап, күшейте түскен жөн. Мақта кластері, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеуге басымдық берілсін. Логистикалық әлеуетті көтеру де назарға алынсын. Жұмысты жандандырыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды жоспарды жетілдіруді тапсырды.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, «Cotton МАКТА» ЖШС тарапынан 2025-2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын жіп иіру фабрикасын салу жоспарлануда. 800 жаңа жұмыс орны ашылады. «Global Textile» ЖШС тарапынан Бірлік ауылдық округінен 10 гектар жерге 13,8 мың тонна қатты және боялған жайма өңдеу фабрикасын салу жобасы әзірленуде. Бүгінгі таңға 10 мың тонна мақта шикізатын қабылдайтын бекетінің құрлысы жүргізілуде. Жоба құны – 21 миллиард теңге, 1000 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. «Тulpar textile» ЖШС 2025-2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салуды көздеп отыр. Ал «Тамила» ЖШС 2026 жылы мақта қабылдау зауытын салуға ниетті. Сонымен бірге «ХлопкоПромЮг» ЖШС, «ZHANNASYL TEXTILE» ЖШС, және «ZHYBEK TEXTILE» ЖШС-лары да мақта кластері бойынша жобаларды жүзеге асырады.
Даму стратегиясында инвестициялық жобаларға басымдық берілген. Мақтаарал ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 миллиард теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 3810 жұмыс орны ашылмақ көрінеді. Салықтық түсімдер 2 миллиард 451 миллион теңгеге ұлғайып, 10 миллиард 431 миллион теңгеге жетеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 15,8 миллиард теңге болатын 26 жоба жүзеге асып, 541 жұмыс орны құрылады. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 75,3 миллиард теңге болатын 16 жоба жүзеге асып, 3100-ден астам жұмыс орны құрылады деп көзделген. Салықтық түсімдер 1 миллиард 969 миллион теңгеге жетеді деп межеленген. Туризм саласында 11 жоба жүзеге аспақ.
Өнеркәсіп саласындағы 11 жобаның 7-і индустриалды аймақта орналаса, 4 жоба арнайы аймақтарда жүзеге аспақ. Мақтаарал ауданы индустиралды аймағының жалпы жер аумағы – 24 гектар. Қазіргі таңда аталған аймақта құны 3 миллиард 450 миллион теңгені құрайтын, 137 жұмыс орнын қамтитын 4 жоба жұмыс істеуде. 2024-2030 жылдары аралығына жалпы құны 4 миллиард 740 миллион теңгені құрайтын, 7 жоба жоспарланып, 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп болжануда.
Егін шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша 2030 жылға дейін мақтаны 30 мың гектарға мөлшерлеп, яғни 3,7 мың. гектарға азайтып, өнімділікті 60 центнерге ұлғайту жоспарланып отыр. Мақта дақылының 15 мың гектарын су үнемдеу технологиясымен егу межеленген. Жүгері дақылын 2,6 мың гектардан 4,1 мың гектарға көбейту, маш дақылын 0,2 мың гектардан 2,1 мың гектарға көбейту жоспарға енгізілген. 2025 жылы «Agro Gruz» логистикалық компаниясы арқылы 10 мың тонна өнімді сақтауға арналған қойма ашу жоспарланып отыр. Тұт ағашы алқабы ұлғаяды.
Биылғы 9 айдың нәтижесіне сәйкес Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталып отыр. Алдын ала есеп бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 3,7 триллион теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 110,6%-ды құрады. Сонымен бірге аймақта кіріс көздері ұлғайған. Аталған мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды индикаторларды толық орындау маңызды екеніне тағы да тоқталды.
– Бекітілген жоспарды орындап, экономикалық өсімге қол жеткізуіміз керек. Жұмыс бар. Бірақ әлі де күшейткен жөн. Индикаторларды орындау көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдерінен тиісті түсініктемесі алынады. Өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді көбейту қажет. Ізденіңіздер, көршілес елдерге барып, тәжірибелерін көріңіздер. Бізге жұмыс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша нақты нәтиже қажет. Бюджет қаржысын тиімді жұмсау, аймақтағы жобаларды уақтылы жүзеге асыру да қатаң қадағаланады, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек пен Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың есептері тыңдалды.
Жыл басынан бері өңірде өнеркәсіп өнім көлемі 857,1 миллиард теңгені құрап, өсім 106,8% деңгейінде болды. Өсудің оң үрдісі тау-кен, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері, жиһаз өндірісінде салаларында байқалады. Өңдеу өнеркәсібі өнімі нақты 409 миллиард теңгені құрап, 2 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 747,3 миллиард теңгені құрап, өңір республикада көш бастады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 822,3 миллиард теңгеге жетіп, артығымен орындалған.
2024 жылғы 3-ші тоқсан қорытындысына орай бюджетке 181 миллиард 200 миллион теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 103,6%-ға орындалып отыр. Аймақта өндіріс орындарын ашу, салық мәдениетін көтеру, өзіндік кіріс көздерін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Реті келгенде айта өтейік, Түркістан өңірінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қолға алынған жобалар сапалы атқарылуы тиіс екенін ескертті.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жоспарланған және жүзеге асып жатқан жобалардың бәріне талдау жасау керек. Тек тиімділерін ғана қалдырып, әріптестікті жалғастырамыз. Жүктелген талаптарын орындамай жатқандарынан бас тартамыз. Әр басқарма басшысы өздері жетекшілік ететін салалар бойынша келісімшарттарды талдап, қайта пысықтап шықсын. Қаржыны тиімді пайдалану керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте басқарма басшыларының осы салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Атап айтқанда, жалпы экономика, білім, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, спорт салалары және әлеуметтік бағыттағы жобалар туралы айтылды.
Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2017-2024 жылдар аралығында жалпы 204 жоба бойынша әріптестермен келісімшарттар түзіліп, 247,3 миллиард теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынған. Білім саласы бойынша 28,8 миллиард теңгеге 126 жоба, денсаулық сақтау саласында 1,5 миллиард теңгеге 17 жоба, спорт саласы бойынша 13,1 миллиард теңгеге 32 жоба, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 13,4 млрд теңгеге 2 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 50,4 миллиард теңгеге 21 жоба, көлік инфрақұрылым саласында 133,6 миллиард теңгеге 2 жоба, цифрландыру саласы бойынша облыста 5,9 миллиард теңгеге 1 жоба жүзеге асуда.
Бүгінгі таңда 69 жобаның мерзімі аяқталып, 169 миллиард теңге міндеттемесі төленді. Жыл қорытындысына сәйкес қосымша 84 жобаның мерзімі аяқталады. Биыл жалпы 45,4 миллиард теңгеге міндеттеме алынып, 130 жоба іске асырылды, оның ішінде 115 жоба мемлекеттік міндеттемесіз. Білім саласына 18 мектеп-интернаттың асханалары басқаруға берілді. Сондай-ақ мемлекеттік міндеттемесіз 113 жоба немесе 420 мектептің асханасы басқаруға берілді. Жеке инвестиция көлемі – 2,1 миллиард теңге, конкурс қорытындысына орай жеке әріптестер тарапынан 4 миллиард теңгеге ұлғайтуға ұсыныс түскен. Нәтижесінде 227 305 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету көзделген. Міндеттеме алған кәсіпкерлерге мектептердің асханасын мемлекеттік стандартқа сәйкестендіріп, материалдық-техникалық базасын жəне ас үй құралдарын жаңарту жүктелген.
Спорт саласы бойынша 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқару жобасы іске асырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Түркістан қаласындағы 432 гектар аумақты абаттандыру және күтіп ұстау жобасы іске асырылуда.
Денсаулық сақтау саласы бойынша облыста бірінші кезекте қайта жаңғыртуды талап ететін нысандарға талдау жұмыстары жүргізіліп, 6 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысанын жаңғырту және пайдалану жобасы әзірленген болатын. Жобаға сәйкес жеке әріптес қазіргі мекеменің қызметкерлерін толықтай жұмысқа қабылдап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізеді және жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді деп көзделген. Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) бағдарламасы аясында 2020-2023 жылдар аралығында 13 фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.
Түркістан қаласында жаңа зауыттар ашу, кәсіпорындар салу жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл ретте инвесторлар мен кәсіпкерлерге арнайы инфрақұрылыммен қамтылған аймақтар қажет. Сондықтан Түркістан қаласы маңында «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айының ішінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аймаққа барып, жай-күйімен танысты.
– «Turan» арнайы экономикалық аймағына үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан инфрақұрылыммен қамту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы аймақта су қорын молайтуды қолға алыңыздар. Көгалдандыру да назардан тыс қалмауы тиіс. Аталған аймақта орналасатын жобаларды қазірден іріктеп, инвесторлармен, кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берді.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100%-ға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Жолды толық 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына рельстер орнатылды.
Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70%-ға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандарыдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыс әкімі мен Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының тұрақты қадағалауында.
«Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Естеріңізде болса, 2022 жылы қараша айында Самарқанд қаласында (ӨР) Түркітілдес Мемлекеттер Ұйымына мүше елдердің Мемлекет басшыларының қатысуымен өткізілген Саммитінде «TURAN» АЭА құру туралы Қазақстан Республикасының бастамасы барлық мүшелер тарапынан қолдау тапқан-ды. Негізгі мақсат – Түркістан қаласын жеделдете дамыту және Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату. Оның аумағы 4 гектарды құрап, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Олар: Тарихи орталық, Әкімшілік-іскерлік орталық, Greenfield (Оранғай ауылы), Brownfield өнеркәсіптік қосалқы аймағы (Кентау қаласы) және Түркістан қаласы мен халықаралық әуежай аумағы.
Индустриялық аймақ демекші, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жалпы ауданы 540 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақ (Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) құрылды.
Индустриялық аймақтар орналасқан ауданның экономикалық өсімін көтеруге, инвестициялық әлеуетін арттыруға зор септігін тигізетін болады. Индустриялық аймақтар импортты алмастыратын және бәсекеге қабілетті өндірістерді құруды ынталандыру, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін жағдайлар мен заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған.
Бүгінгі таңда, облыс аумағында жалпы ауданы 1083,2 гектарды құрайтын 14 индустриялық аймақ (Түркістан, Кентау, Созақ, ҚТИЗ-БАДАМ, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Мақтаарал (ХӨКО), Сауран, Келес, Тұрбат, Сарыағаш) орналасқан.
Жалпы құны 93,5 миллиард теңгені құрайтын, 4 554 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 76 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, бүгінгі таңда құны 38,6 миллиард теңгені құрайтын, 2 789 жұмыс орнымен 51 жоба іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, машина жасау (4 жоба), тамақ өнеркәсібі (7 жоба), жеңіл өнеркәсіп (5 жоба), құрылыс (33 жоба), экономиканың басқа да салалары (27 жоба).
Түркістан облысында осы аралықта 857,1 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, нақты көлем индексі (НКИ) 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,3%-ды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 409,1 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 112,7% өсті. Жалпы өнеркәсіптегі үлесі 47,1% құрайды.
Салалар бөлінісінде: тамақ өндіру – 3,5%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 14,2%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін өндіру – 32,8%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру – 19,2%-ға, металлургия өндірісі – 26,6%-ға, машина жасау – 5,8%-ға, жиһаз өндіру – 81,7%-ға арты.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 706 кәсіпорын жұмыс істейді: оның ішінде 676 – шағын, 22 – орта және 8 – ірі. Салада 18,1 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
2024 жылдың І тоқсанында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 5 436,3 мың теңгені құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңге индексі – 108%.
Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 44,6% үлесін құрайтын тау-кен өндірісі саласында өндірілген өнім көлемі 382 млрд теңгені немесе НКИ 104,5%-ды құрады.
Өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемінің 47,7% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі – 112,7%, өнім көлемі 409,1 миллиард теңгені құрады.
Аталған көрсеткіш электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 58,4 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 115,1%-ды құрады.
Сондай-ақ облыста қайта өңдеу саласына баса назар аударылып отыр. Мәселен, екі жыл көлемінде өңдеу өнеркәсібінде 24 жоба іске қосылды (43,3 миллиард теңге, 824 жұмыс орны).
Биыл 13 жоба жоспарланып, бүгінгі таңда 7 жоба жұмысын бастаған (600 адам жұмыспен қамтылды).
Түркістан облысы – жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамыған өңірлердің бірі саналады. Мәселен, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20 852,7 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда НКИ 114,2% құрады. Өнеркәсіптің өндірілген өнімінің жалпы көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 2,4% құрады.
Есепті кезеңдегі жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері:
- тоқыма бұйымдары өндірісінде 19 123,3 миллион теңгеге өнім өндірілді, НКИ 114,7% құрады;
- киім өндірісінде 1 598,8 миллион теңгеге өнім өндірілді, НКИ – 109,2%;
Облыс аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында 50-ге жуық кәсіпорын бар, оның ішінде:
- Басым бөлігі мақта өңдейді:
Мақта талшығын өндіретін кәсіпорындар: Мақтаарал ауданыда «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты» ЖШС, «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауыты» ЖШС, «Багара-мақта» ЖШС, «Мақталы» мақта өңдеу кәсіпорны» ЖШС, «AIIG Kazakhstan» ЖШС, Шардара аудандарында «SHARDARA-MAQTA» ЖШС, «AIIG Kazakhstan» ЖШС, Ордабасы ауданында «Нұр-Агро 73» ЖШС мақта өңдеу зауыты және т. б.
- 8 тігін кәсіпорны мен 9 тігін цехы:
Ордабасы ауданында «JNRAY Group» ЖШС, Шардара ауданында «Шебер» МҚБ, Сайрам ауданында «Golden Nomad» ЖШС, «АХБК»ЖШС, Қазығұрт ауданында «SERPER invest компаниясы» ЖШС, Түркістан қаласында «Turkistan textile» БК» ЖШС, «Қазақстан 2023 Қытай» ЖШС, «Н. Имажанов» ЖК және т. б.
- 3 кәсіпорын аяқ киім шығарады:
Түркістан қаласында «Дружба» ЖШС, Жетісай ауданында «Хаят Р.У.Ж.» ЖШС және Арыс қаласында «Арай» ӨК.
- 1 кәсіпорын медициналық мақта шығарады:
Түркістан қаласында «Комбинат фараб» ЖШС, сондай-ақ Түркістан қаласында «TURAN» АЭА аумағында Қытай Халық Республикасының ірі компанияларының бірі «Lihua Group» бастамасымен «Алтын Дала Мақта» ЖШС мақта иіру зауыты салынуда.
Түркістан облысына 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 триллион 133,8 миллиард теңге көлемінде бекітілген. 9 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 822,3 миллиард теңге (9 айға жоспар – 674,4 миллиард теңге) құрады, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл 123,4%-ға өсті.
Жалпы алғанда жылдық жоспар 1 149,7 миллиард теңге көлемінде орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар 2024 жылы өңірге тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 467 миллион доллар көлемінде бекітілген, осы жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685,1 миллион долларды құрады.
Өткен жылы облыс экономикасына 972 миллиард теңге инвестиция тартылып, көлемі 26%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестиция 1,5 есе артып, 588,4 миллиард теңгені құрады. 2024 жылдың 7 айында 499,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, 128,9% деңгейінде қалыптасты. 2023 жылы жоспарланған 56 инвестициялық жоба толығымен іске қосылды (2 141 жұмыс орны ашылды).
Жалпы 195 пул қалыптасқан. Биыл жалпы құны 142,4 миллиард теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде 2 233 жұмыс орны құрылады. 7 айда 76 миллиард теңгеге 25 жоба іске қосылып, 866 жұмыс орны ашылды.
2024 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Түркістан облысының жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 208,7 мың бірлікті немесе 2023 жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштің 97,8%-ын құрады.
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі Астана (240 212 бірлік) және Алматы (361 148 бірлік) қалаларынан кейін Түркістан өңірінде шоғырланған. Кәсіпкерлердің саны жыл басынан бері 2 мыңға артып, бүгінгі таңда 208,7 мыңды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік секторында 287 мың адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі сенімді өсім көрсетуде. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,3%-ға артып, 916 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін өнім көлемін 2 триллион теңгеге жеткізу жоспарда бар.
Айта кетерлік жайт, кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын көрсетуде. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарлама» арқылы осы жылдың 9 айында бизнес субъектілері 48,8 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату мақсатында 2018 жылғы құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағы – 3987,39 гектар, 6 қосалқы аймақтан тұрады.
Бүгінгі таңда «TURAN» АЭА инвестициялық портфелі жалпы құны 530,085 миллиард теңгені құрайтын 129 жобадан тұрады. Оның ішінде 214,55 миллиард теңгеге 28 жоба іске асырылды. Бүгінде 353,87 миллиард теңгеге 95 жоба іске асырылуда. Одан бөлек, «TURAN» АЭА өнеркәсіптік субзоналарының аумағында 41,083 миллиард теңгеге қатысушылар ретінде 13 өнеркәсіптік жоба тіркелді. Атап айтқанда, «BASPOLYMER» ЖШС, «Туран Жол» ЖШС, «Gesso Tech» ЖШС, «QazEcoPack» ЖШС, «PSI Mineral Technologies» ЖШС, «Панель Систем КЗТ» ЖШС, «Exclusive Stroy Montazh» ЖШС, «ТуркестанТемирБетон» ЖШС, «Kentau Red Star» ЖШС, «АЛТЫН ДАЛА МАҚТА» ЖШС, «Многопрофильный Кентауский Завод» ЖШС, «ER-QAN» ЖШС, «Sayat Technology» ЖШС.
Бұл аймақта 6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Барлық жобалар іске қосылғанда 7 221 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ қазіргі уақытта 2,5 мың жұмыс орнын құрайтын, жалпы сомасы 175,72 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасы пысықталуда.
«TURAN» АЭА қатысушылары жер және мүлік салығынан, импортқа кедендік баждардан, корпоративтік табыс салығынан, жерді жалға алу төлемінен, қосылған құнға салынатын салықтан босатылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.