Қатарлық ірі компания Түркістан қаласында түйе шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытып отыр

Түркістан қаласына инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты атқарылып жатыр. Ол үшін шет мемлекеттердің ірі компания иелерімен кездесулер өткізіліп, келіссөздер жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Қатар елінен келген «Trust for Trading Co» компаниясының бас директоры Салех Джабер Аль Маримен кездесті. Жүздесуде тараптар сүтті бағыттағы түйелерді Түркістан өңіріне алып келу, өсіру жайын талқылады. Нақтырақ айтқанда, инвесторлар Қатар елінен түйелерді алып келіп, бағуды, түйелерді жергілікті шаруаларға сатуды көздеп отыр. Әрі қарай жоспар бойынша шаруалар түйе сүтін Түркістан қаласында орналасқан «Golden Camel» зауытына өткізеді. Өз кезегінде жергілікті шаруаларға жеңілдетілген несие қарастыру жайы да қозғалды.

Қазіргі уақытта «Golden Camel» зауыты түйе сүтін 850 теңгеден қабылдап, одан құрғақ өнім жасап, өнімдерін Қытайға экспорттап жатыр. Зауыт қабылданатын сүт көлемін арттыруды көздеп отырғандықтан, бұл – жақсы ұсыныс.

Облыс әкімінің орынбасары өңір экономикасына оң әсерін тигізетін, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болатын әрбір бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жоба қолға алынған жағдайда толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер қарастырылатынын айтты. Алдағы уақытта бұл жоба жіті зерделеніп, қаралатын болады.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Осы бағытта Түркістан қаласында «TUKISTAN» индустриалды аймағы құрылып, онда кәсіпорындар өз ісін жүргізіп отыр.
Жыл басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «TUKISTAN» индустриалды аймағында болып, онда орналасқан «Golden Camel» зауытының жұмысымен танысты. Өңір басшысы зауытты әрі қарай дамыту барысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін және бұдан басқа да жаңа жобаларға ашық екенін жеткізді.
Пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, Түркістанда «Golden Camel group LTD» төрағасы Ян Джи және «Win Lun» компаниясының басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, тараптар кәсіпорынды қайта жандандыруды қолға алды. Кәсіпорын қайта іске қосылды. Инвестордың айтуынша, бүгінде Түркістанда шығарылған түйе сүті өнімдеріне Қытайда сұраныс жоғары.
Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарылады. Жылына 2500 тонна өнім өндіруге қауқарлы зауытқа 7 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Өнімінің басым бөлігі шет мемлекеттерге экспортқа шығарылады.

Еске салайық, БҰҰ-ның қарамағындағы Азық-түлік және Ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) 2024 жылды Халықаралық Түйе жылы деп жариялады. Осылайша ұйым түйе шаруашылығының әлеуетіне назар аударып, оған жасалатын инвестицияларды арттырғысы келеді. «2024 жылғы Халықаралық Түйе жылының мақсаты – түйе тұқымының пайдаланылмаған әлеуеті туралы хабардар ету және түйе шаруашылығына инвестицияны, зерттеулерді арттыруға, әлеуетті дамытуға және инновациялық әдістер мен технологияларды пайдалануға шақыру», — деп атап өтті ұйым.

ФАО-ның хабарлауынша, түйе тұқымдастар 90-нан астам мемлекеттегі қолайсыз жағдайда тұратын миллиондаған үй шаруашылықтарының, әсіресе байырғы халықтар мен жергілікті қауымдастықтың негізгі күнкөріс көзі болып саналады. Бұл жануар азық-түлік қауіпсіздігіне, тамақтануға және экономикалық өсуге үлес қосады. Сонымен қатар, дүние жүзіндегі көптеген қауымдастық үшін үлкен мәдени және әлеуметтік маңызы бар. Ұйымның мәлімдемесінде түйе шаруашылығы өзгеріп жатқан климат шарттарында да тиімді болатыны айтылған.

«Тіпті төтенше климаттық жағдайда да олар жүн және құнарлы азық-түлік өнімдерін өндіруді жалғастырып келеді. Халықаралық Түйе жылы климаттың өзгеруіне, әсіресе таулы, құрғақ және жартылай құрғақ аймақтарда төзімділік қалыптастырудағы түйе тұқымдастардың рөлі туралы айтуға бірегей мүмкіндік беретіні сөзсіз», – дейді ұйым.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр 1 шілдеде елімізде 282,3 мың түйе болған, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,4% көп. Ал «energyprom.kz» сайтының жазуынша, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында түйе және түйе тұқымдас басқа жануарларды өсіруде негізгі капиталға инвестиция 78,4 миллион теңгені құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 33,5%-ға аз. Дегенмен сарапшылар түйе сүтінен көптеген пайдалы өнім алуға болатынын алға тартады. Мысалы, жекелеген шағын кәсіпкерліктердің түйе сүтінен жасаған сабын, кремдері жоғары сұранысқа ие.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың сөзіне сүйенсек, өңір мал шаруашылығын дамытуда елімізде жетекші орында келеді. Республикадағы ірі қара мал санының 14 пайызы, қойдың 23 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 12 пайызы, сүттің 14 пайызы — Түркістан облысының үлесінде. Ет экспорты бойынша да облыс республикада көш бастап келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің үлесі 80% болса, ұсақ малдың 75%-ы — облыстың еншісінде. Сондай-ақ, өңірде жалпы 9 183 бірлік ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 басқа дейін 9148 бірлік, 400 бастан 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік  мал бордақылау алаңдары жұмыс істеуде.   

Қаңтар – мамыр айларында мал саны ірі қара  мал 1 миллион 259 мың бас, қой 5  миллион 303 мың бас, жылқы 495 мың бас, түйе 45 мың бас, құс 2 миллион 71 мың басты құрады. 95  мың тонна ет, 326 мың тонна сүт, 103 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Ет экспорты бойынша облыс — республикада көш басында. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің үлесі 80%, ұсақ мал – 75% облыстың еншісінде (2024 жылдың 4 айында 9,5 мың тонна мал шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды).

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оңды септігін тигізуде.

Сүт өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын 3 ірі  тауарлы сүт фермасы инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды қолдауға республикалық бюджеттен жылдық 2,5 % мөлшерлемемен 6,0 миллиард теңге қаржы бөлінді. Олар. «БНК АГРО KZ» ЖШС, «Бөрте Милка» ЖШС, «Sultan Agro» ЖШС.

Жобалар түркиялық «Sezer», швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары «Голштин» тұқымды 1600 бас және «Симментал» тұқымды 600 бас аналық ірі қара малдар әкелінеді.

Осы жобалар арқылы жылыны қосымша 10,4 мың тонна сүт өнімі өндірілетін болады.

Түйіндей айтсақ, жоғарыда тілге тиек еткен «Trust for Trading Co» компаниясы – Қатар мен Парсы шығанағы елдеріне мал мен етті экспорттаумен айналысатын Қатарда орналасқан компания. Бұл ірі халықаралық мал компанияларының бірінің еншілес кәсіпорны саналады. Штаб-пәтері Австралия, Түркия, Бразилия, Уругвай, Румыния және Иорданиядағы көптеген фермаларға тиесілі. Сонымен қатар компания Парсы шығанағы елдеріне, Иорданияға, Түркияға, Индонезияға және Вьетнамға ірі қара мен салқындатылған ет жеткізуші болып табылады.

Компания импорттық елдің талаптарына сәйкес мал, бұзау және қой тасымалдауға арналған тоғыз алып кемеге иелік етеді. Шамамен 90 000 бас қой мен 12 000 бас бұзауды тасымалдай алатын үш кемесі бар. Бұдан бөлек, әрқайсысы шамамен 30000 бас қой мен 4000 бас бұзауды тасымалдауға қабілетті алты кемесі бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin