Түркістан облысы: «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру барысындағы көрсеткіштер мен өзекті мәселелер талқыланды

 «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Мектептердің құрылыстарына Ұлттық қордан 139 миллиард теңге қаралып, бүгінде құрылыстары басталған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан ұсынылған жоспар бойынша 2024 жылы 16 мектеп, 2025 жылы 13 мектеп пайдалануға тапсырылуы тиіс. Аталған бағыттағы көрсеткіштер мен өзекті мәселелер облыс әкімдігіндегі мәжілісте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылысқа тапсырыс беруші, мердігерлер, жергілікті әкімдіктер мен жауапты басқарма осы жобаны уақтылы жүзеге асырып, тізе қоса қимылдауы керек екенін ескертті.

– «Жайлы мектеп» жобасы Президентіміздің тапсырмасымен қолға алынды. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Жобаны кешіктірген мердігерлерге заң шеңберінде шара көріледі. Облыс және аудан, қала әкімдіктері тарапынан инфрақұрылым тарту, нысан соғатын жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен мердігерлер құрылысқа тікелей жауапты. Біз бүгін бұл жерге бір-бірімізге сын айту үшін емес, жұмысты жеделдету жолын талқылау үшін жиналып отырмыз. Мәселелерді осы жерде ашық айтыңыздар. Мердігерлер де, тапсырыс беруші де ұсыныстарын жеткізіп, жұмысты ширатуға күш салғаны дұрыс. Аудан, қала әкімдері тапсырылатын мектептердің құрылысын қатаң қадағалап, инфрақұрылым желісіне қосылуын реттеңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, ұлттық жоба бойынша облыстық бюджеттен 4,8 миллиард теңге қаралып, мектептерге инженерлік инфрақұрылымдар тарту жұмыстары аяқталған (газ, су, электр, байланыс). 7 мектепке кірме жолдардың құрылысы бітсе, 22 мектептің кірме жолдарына ауыр техниканың жұмыстары аяқталған соң асфальт қабаттары төселеді. Қазіргі таңда өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 1 мектеп тапсырылды. Қараша айында тапсырылатын 3 мектептің негізгі қаңқалары көтеріліп, шатырлары жабылып, ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары 90% орындалған, құрал-жабдықтар орнату жұмыстары басталған.

Өз кезегінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары-басқарма мүшесі Ғабит Малғаздаров, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысының орынбасары Асылан Өтепбергенов жобаны жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Әрбір мәселе назарға алынып, қаржыландыру, құрылыс қарқынын арттыру бағытында тиісті жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге мердігерлердің пікірлері де тыңдалды.

Мәжілісте құрылысы кешіккен мектеп мердігерлеріне сын-ескертпе айтылып, тиісті міндеттер жүктелді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдеріне құрылыс қаржысы, нысанды қабылдап алуға қатысты мәселелерді шешу жөнінде тиісті ұсыныстар берілді. Аудан, қала әкімдеріне де тиісті міндеттер жүктелді.

«Жайлы мектеп» демекші, Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің екі ауылында жыл соңына дейін қос жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Ғани Мұратбаев елді мекенінде 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы мен Көгерту елді мекенінде 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Бұл жайында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық округте өткен халықпен кездесуінде мәлімдеді.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы, ректор Болат Тілептің бастамасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, Түркістан облысының педагогтері үшін дәрістер ұйымдастырылған болатын.

Биыл меморандум аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша қолданысқа берілетін мектептерге ауыстырылатын басшылар мен мұғалімдерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағытында онлайн форматта «Пәндерді оқытуда мұғалімдердің метапәндік құзыреттерін жетілдіру» тақырыбындағы пән мұғалімдері үшін, 23-27 қыркүйекте мектеп басшылары үшін «Білім берудегі революция: заманауи мектеп менеджментіне жаңа көзқарас» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсының 1-кезеңі өтті. 28 қазан мен 1 қараша аралығында курстың 2-кезеңі университет базасында офлайн форматта жалғасты.

Мақсат – мектеп басшыларының білім беру мекемесін басқаруда, пән мұғалімдерінің метапәндік құзыреттіліктерін қалыптастыруда теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейін арттыру.

Курстың І кезеңінде тыңдаушылар ғылыми-теориялық ақпараттармен танысып, практикалық тапсырмаларды орындау арқылы тәжірибе жинақтады. ІІ кезеңде курсқа қатысушылар университеттің профессор-оқытушылар құрамының дәрістерімен қатар университеттің оқу-зертхана базасымен танысып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Мелдебекованың «Білім сапасын қамтамасыз етудегі бағалау мен бақылау жүйелері», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Р.Қаратабановтың «Орта білім беру мазмұны: басымдықтары мен іске асыру тетіктері» тақырыбындағы дәрістерін тыңдады.

Алматы қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа берілген тұңғыш мектеп №97 мектеп-гимназиясының, заманауи үлгіде салынған, жоғары білім сапасын көрсетіп жүрген №206 мектеп-гимназиясының, инклюзивті білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған № 200 мектеп-гимназиясының іс-тәжірибесімен, материалдық базасымен танысты.

1 қарашада курсты аяқтаған 41 тыңдаушыға сертификаттар табысталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin