Түркістан облысының делегациясы «Uhan Electronics» компаниясымен келіссөз жүргізді

Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, компьютерлік жабдықтарды құрастыру және сервистік қызметтерді көрсету орталығын ашу мақсатында келіссөздер жүргізді.

Келіссөздер нәтижесінде өңір делегациясы «Uhan Electronics» компаниясымен компьютерлік жабдықтарды дамыту және жетілдіру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Атап өтер жайт, «Uhan Electronics» әлемнің 135 еліне компьютер жабдықтары мен серверлер экспорттайтын жетекші технологиялық компания болып табылады. Кәсіпорын тәулігіне 2000 компьютер шығара алатын жоғары өндірістік қуатқа ие.

Бұл ынтымақтастық компьютерлік жабдықтарды дамыту, сервистік орталықтар ашу, кадрларды даярлау және халықаралық серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болғалы тұр. Бұл бастама Түркістан облысының цифрлық технологиялар саласының әлеуетін арттыруға және аймақтың экономикалық дамуына ықпал етеді.

Естеріңізде болса, биыл шілде айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ухань қаласында жалғастырған болатын. Хубэй өлкесіне қарайтын бұл аймақ елдің ең ірі экономикалық орталықтардың бірі және орталық Қытайдың ең ірі ауылшаруашылық провинцияларының бірі саналады. 60 миллионнан астам халқы бар Хубэй мақта өндірісінде көш бастап тұр.

Сапар аясында облыс әкімі Хубэй провинциясының губернаторы Ван Чжэнпумен кездесіп, бауырластық меморандумына қол қойды. Құжат өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.

Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген меймандостық пен жылы қабылдаулар үшін Хубэй провинциясының губернаторына алғысын білдіріп, өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Түркістан облысының Қытайға делегациясын басқарған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Ухань қаласындағы іскер топтармен кездесіп, өңірдің әлеуетін таныстырды. Облыс әкімі бастаған делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы және Бас хатшысы Хуан Лисямен кездесті. Онда Хубэй халықаралық кәсіпорын қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу барысында екі елдің аймақтары арасындағы байланыс тұлғалары тағайындалды. Қазақстан-Хубэй байланыс орталығын құрғаны үшін Түркістан облысы әкімі төраға Хуан Чжоуженге куәлік тапсырды. Сонымен бірге Қадылбек Жалын мен Хуан Лисяға қазақстандық байланыс тұлғасының куәлігі берілді.

Сонымен қатар облыс әкімі Хубэй провинциясының іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Мақта өңдеу зауытын салу, Түркістан облысына тікелей рейстерді ашу, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылады.

Хубэй өлкесі тоқыма өнеркәсібінен көш бастап тұр. Ухань – Қытайдың Хубэй провинциясының орталығы. 12 миллионға жуық адам тұратын елдің орталық бөлігіндегі ең көп қоныстанған қала. Хубэй провинциясы ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ экономикасындағы ең маңызды аймақтардың бірі болса, Ухань – Еуразияның маңызды логистикалық орталығы және негізгі көлік хабтарының бірі. Бұл өзен порты ғана емес, сонымен қатар Қытайдың ірі теміржол торабы.

Түркістан облысында ІТ саласын дамытуға басымдық берілген

Осы сапар барысында сонымен қатар Түркістан облысының цифрландыру басқармасы Қытайдағы «Tiankai» инновациялық паркінің жұмысымен де танысып, Түркістанда ашылуы жоспарланған халықаралық IT Park-пен ынтымақтастық шарттары туралы келіссөздер жүргізді.

«Tiankai» инновациялық паркі – әлемдік деңгейдегі технологиялық орталықтардың бірі, ол негізгі 4 бағытта жұмыс істейді:

  1. Технологиялық инновациялар – жаңа технологиялар мен өнімдерді әзірлеу және енгізу;
  2. Ақылды қала – қалалық инфрақұрылымды цифрландыру және басқару жүйелерін жетілдіру;
  3. Жасанды интеллект – интеллектуалды жүйелерді дамыту, деректерді талдау және автоматтандыру;
  4. Цифрлық денсаулық сақтау – телемедицина, қашықтан медициналық қызмет көрсету және цифрлық шешімдер арқылы денсаулық сақтау саласын жетілдіру.

«Tiankai» паркінің тәжірибесі Түркістанда ашылғалы отырған IT Park-тің дамуына серпін бермек. Бұл бастама Түркістанның цифрландыру саласындағы әлеуетін арттырып, өңірді Орталық Азиядағы инновациялар орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.

Осы тұста тілге тиек етер маңызды жайт, өңірдегі Технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды ІТ саласында оқытып, тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық береді.

Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Осы арқылы ІТ саласында Түркістанның өз бренді қалыптаспақ.

Сонымен қатар технологиялық парктің құрамында осы өнімдерге қызмет көрсету орталықтары мен кадрларды оқыту және дамыту орталықтары да жұмыс істейтін болады. Бұл инновациялық орталық аймақтағы жоғары технологиялар саласын дамытуға ықпал етіп, жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Технологиялық парк тек өндірістік қуатты арттырумен шектелмей, аймақты жаңа технологиялық инновациялардың орталығына айналдыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жаңа жұмыс орындары ашылады.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміз цифрландыру саласындағы қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуі тиістігін баса айтқан болатын. Осыған орай Түркістан облысында бірқатар қарқынды жұмыс жалғасуда. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының ІТ компания өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Басқосуда компания өкілдерімен технологиялық парк ашу туралы келісімшартқа қол қойылды» — дейді облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков.

Естеріңізде болса, Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумында салалық тақырыптар бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылған-ды. Форумға қатысушы Қытай Халық Республикасы және еліміздің бизнес сапаршылары мен көшбасшылары өздерін қызықтырған сала бойынша сессияларға қатысып, тәжірибе бөліскен. Өзара пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.

Дәлірек айтқанда, «Цифрлық трансформациялар» тақырыбында өткен панельдік сессияда қатысушылар Түркістан облысының цифрлық дамуы туралы өз ойларын ортаға салған еді. Отырысты «Techno Woman» коммерциялық емес ұйымының басқарма төрайымы Азиза Шужеева жүргізіп отырды.

Кездесуде алғысөз алған Түркістан облысы әкімі аппаратының сол тұстағы басшысы Еркеғали Әлімқұлов форумға қатысушыларға алғысын жеткізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырған болатын. Жаңа идеялар мен бастамалар Түркістан қаласын инновациялық дамыған қала ретінде қалыптастыруына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Өңірде цифрландыру саласын дамыту үшін инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Сессия барысында «Hikvision» компаниясының директорының орынбасары Тимон Ма, «Hikvision» компаниясының «Қауіпсіз қала» бағытының басшысы Алмас Құмбасов, «Intelligent flight technology» компаниясының Басқарма төрайымы Данся Сю, «Hainan business» компаниясының Басқарма төрағасы Цай Тунсин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Құрымбаев,«Astana Hub» компаниясының бас директорының кеңесшісі Данабек Қалиаждаров, Өзбекстан Республикасындағы «School 21» мектебінің бас директоры Зарина Лухманова, «Alaqan technologies» компаниясының басқарушы директоры Аслан Төлегенов өз тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков өңірде бастау алған «Alaqan» жобасының тиімділігі туралы айтты. Екі елдің бизнес және жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға серпін беретін перспективалы жобаларды талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында цифрландыру және елімізде инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. IT саласындағы білікті мамандарды даярлау арқылы Қазақстанды IT елге айналдыру стратегиялық міндетінің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, жаңа бастамалар қолға алынған.

Халық тығыз орналасқандықтан, аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Түркістан қаласында «Тurkіstan IT hub» орталығы ашылды. Бұл – IT саласындағы кәсіпкерлердің, жас мамандардың, инвесторлардың ынтымақтастығы үшін жағдай жасалған ашық алаң. Мұнда стартаптарды дамытуға, идеяларды іске асыруға толық мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында кореялық «Вусонг» университетінің филиалы ашылмақ. «Вусонг» университеті жаңа білім беру стандарттарын әкеліп қана қоймай, сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы болады деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық ІТ компания өкілдерімен технологиялық парк ашу туралы келіссөздер жүргізген болатын. Келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр.

Қазан айының 8-інде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Астана қаласында Түркістан облысы әкімі аппаратының сол тұстағы басшысы Еркеғали Әлімқұлов Америка Құрама Штаттарының Пенсильвания штатындағы «EPAM Systems» американдық IT компаниясының басқарма төрағасы Аркадий Добкинмен кездескені есімізде. Тараптар Түркістан қаласында технологиялық және білім беру орталығының, сондай-ақ «EPAM Systems» филиалының ашылуын талқылады.

Кездесу барысында Түркістан облысы және ондағы білім саласы туралы, ІТ саласын жетілдіру бойынша әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізілді. Аркадий Добкин ЕРАМ цифрлық инженерия мектебінің ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне тоқталып, әріптестік орнатуға ниет білдірді.

– Қазақстанға қош келдіңіз! Біздің кездесуіміз «EPAM Systems» компаниясы мен Қазақстан Республикасының Түркістан облысы арасындағы жаңа және жемісті қарым-қатынастардың бастамасы болады деп сенемін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білікті мамандарды даярлау арқылы Қазақстанды IT елге айналдырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл бағытта біз Түркістан облысында білім беру сапасын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Түркістан облысы еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Облыстың әкімшілік орталығы – Түркістан қаласы. Түркістан – ғасырлар бойы қазақ халқының тарихында орасан зор рөл атқарған Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Бүгінде Түркістан облысы бұл мұраны сақтап қана қоймай, белсенді түрде дамытып келеді. Облыс мектептерінде 522 мың оқушы білім алуда. Біздің облыс түлектер саны бойынша елімізде көшбасшы. Яғни, былтыр 32,6 мың түлек оқу орындарын бітірген. Түркістан қаласында екі халықаралық университет жұмыс істейді. Екі университет те әртүрлі салаларда білім ұсынады және аймақтағы маңызды білім беру орталықтары болып табылады. IT саласының Америкадағы ең мықты компаниясының Түркістанға келіп жұмыс істеуіне тілектеспіз. Жастарымыз білімді, білікті болса, нағыз бәсекеге қабілетті болары сөзсіз, – деді Еркеғали Әлімқұлов.

Иә, Түркістан қаласында екі халықаралық университет бар. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 8 мыңға жуық студент білім алуда. Оның ішінде, 5 782 азамат Түркістан облысының тұрғындары болса, 2 211-і – басқа қалалар мен шет елдерден келген азаматтар.

Ал Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінде 2 980 студент оқиды. Оның ішінде, Түркістан облысының тұрғындары 1 932 болса, 1 048 студент басқа өңірлерден келген. Бұдан бөлек Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті туризм және қонақжайлылық индустриясы үшін кадрлар даярлайтын Қазақстандағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны саналады. Университет оқу көлемінің 60%-ын – өндірісте, 40%-ын оқу орнында өткізеді. Бұл туралы брифингте аталған университет ректоры Әлібек Шоқпаров мәлімдеген болатын.

«Университетте қызмет көрсету саласындағы халықаралық ұйымдардың топ-менеджерлерінің қатарына кіретін оқытушы профессорлар сабақ береді. 2024 жылдан бастап 3 жылдық оқыту жүйесі іске асырылуда. Сабақтың тәжірибелік бөлігі туризм саласындағы мекемелер, қонақүйлер, туристік фирмалар, мұражайлар, әуежайлар және мейрамханалар базасында ұйымдастырылады. Осы бойынша дуальды оқыту жүйесі іске асырылуда. Биыл университетті алғашқы 460 түлек бітіріп, олардың 57%-ы үш ай ішінде жұмысқа орналасты. 2022 жылы оқу орны жанынан Ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және іске асыру. Ал, 2023 жылы универиситет қабырғасында әскери кафедра ашылды. Ол жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда және олардың ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды рөл ойнайды», — дейді университет ректоры.

Түркістан облысында білім саласын, оның ішінде бәсекеге қабілетті ІТ мамандарын даярлауға үлкен мән берілуде. Осыған байланысты 2024 жылғы наурыз айында Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасына жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «WOOSOONG» білім беру қорымен Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашу бойынша келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, маусым айында «WOOSOONG» университетінің делегациясы Түркістан облысына іссапармен келді. Кездесу барысында «WOOSOONG» білім беру қорының төрағасы Ким Сун Кюнмен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының арасында Түркістан қаласында университет құру туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта университет ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылысын аяқтау 2025 жылға жоспарланған.

Айта кетейік, «EPAM Systems» – 1993 жылы құрылған белоруссиялық тамыры бар америкалық ІТ компания. Белоруссияның жоғары технологиялар паркінің резиденті тапсырыс бойынша бағдарламалық жасақтама өндіреді, кеңес беру қызметін көрсетеді. Компанияның Штаб-пәтері Пенсильвания штатының Ньютаун қаласында орналасқан және оның филиалдары әлемнің 40-тан астам елінде бар. Компанияның айналымы 5,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының IT компания өкілдерімен халықаралық технологиялық паркті құру жөнінде маңызды келіссөздер жүргізгенін де атап өткен жөн.

Бұл келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Осы арқылы ІТ саласында Түркістанның өз бренді қалыптаспақ.

Сонымен қатар технологиялық парктің құрамында осы өнімдерге қызмет көрсету орталықтары мен кадрларды оқыту және дамыту орталықтары да жұмыс істемек. Бұл инновациялық орталық аймақтағы жоғары технологиялар саласын дамытуға ықпал етіп, жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Технологиялық парк тек өндірістік қуаттылықты арттырумен шектелмей, аймақты жаңа технологиялық инновациялардың орталығына айналдыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты экономикалық мүмкіндік туындайды.

Назар аударар мәселе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инновациялық инфрақұрылымды дамытуды еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды кепілі ретінде атап өтті.

Президент Қазақстанды 2026 жылға қарай 1 миллиард АҚШ долларына дейінгі сомадағы ІТ қызметтер экспортымен әлемдік деңгейдегі IT көшбасшысына айналдыру жөніндегі өршіл мақсатты белгіледі.

«Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн», — деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Инновациялық инфрақұрылымды құру және жеке IT-компаниялар мен стартаптарды белсенді қолдау мемлекеттің басым міндеттеріне айналды. Осы тұрғыда Қазақстан технологиялық кәсіпкерлік пен халықаралық ынтымақтастық үшін жаңа перспективалар аша отырып, IT саласындағы жеке бастамаларды ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын белсенді дамытуда.

Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамытуда және инновациялық экожүйені құруда белгілі бір табысқа қол жеткізгенін айта кеткен жөн. 5G желілерін дамыту, Astana Hub бастамасын іске қосу және халықаралық инвестиция тарту – IT сектордың жедел өсуіне берік негіз қалыптастырады. Бүгінгі таңда Astana Hub Орталық Азиядағы көшбасшылыққа үміткер ең маңызды цифрлық орталық, оның ІТ қызметтері мен өнімдерінің жылдық экспорты 500 миллион АҚШ доллларына жетеді. 

«Astana Hub» базасында 2021 жылдан бері IT саласында адами капиталды дамытуға бағытталған «Tech Orda» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда «Tech Orda» бағдарламасы бойынша ІТ мектептер үшін 6 мыңнан астам білім беру гранты бөлінген. 2024 жылы Қазақстан азаматтарын IT мамандықтарға оқыту үшін тағы 3 мың жолдама бөлу жоспарланған. Аталған шаралар ірі корпорацияларда да, шағын және орта бизнес секторында да сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.

2026 жылға қарай ІТ қызметтер экспортын 1 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі Президент белгілеген мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан цифрлық дипломатия мен халықаралық экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Қазақстан «GovTech» саласындағы шешімдерін Тәжікстанға, Того мен Сьерра-Леонеге экспорттап, жаһандық ІТ нарығында маңызды ойыншы болуға ұмтылысын растады. Еліміздің ақпараттық технологиялар экспорты іс жүзінде екі есеге артып, 2023 жылы 529,1 миллион АҚШ доллларына жетті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан тиісті ведомство елімізде де, шетелде де инновациялық хабтар өкілдіктерін ашуға белсенді түрде ықпал етуде, бұл отандық компанияларға халықаралық инвесторлар мен серіктестер тартады. Қазірдің өзінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде 15 ІТ хаб жұмыс істейді, ал Калифорния, Эр-Рияд және Сингапурда жақында ашылған инновациялық хабтар Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын айтарлықтай нығайтады.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолындағы келесі қадамдар Тәжікстанда технологиялық парк ашу, стартаптарды қолдау және цифрлық экожүйелерді дамыту болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin