Түркістан облысының туристік әлеуеті зор

Басқа өңірлерден ерекшелігі сол — Түркістан өңірін туристік бағытта жандандыру үшін арнайы жол картасы әзірленген. Онда негізгі 6 тарау қарастырылған. Атап айтқанда, туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырған болатын.

– Нақты іске көшетін кез келді. Туризмді дамыту бағытындағы жұмысты жүйелеңіздер. Жол картасындағы әрбір тапсырма орындалуы тиіс. Түркістанды қолөнершілер орталығына айналдыру жолдарын қарастырылсын. Бұл – нақты тапсырма. Гастротуризм, этнотуризм және өзге де тармақтары бойынша жұмысты назарға алып, нақты ұсыныс беріңіздер, – деген-ді Дархан Сатыбалды.

Расын айту керек, Түркістан облысы – туризм саласын дамытуда әлеуеті жоғары өңір. Әсіресе, тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндіктер бар. Бұдан бөлек облыста туризм саласын дамытумен қатар ұлттық қолөнер ісін дамыту да жолға қойылған.

Жуырда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен облыс қолөнершілерінің қызметін ұйымдастыру бойынша мәжіліс өтті. Жиын барысында облыстың саланы дамытуға, қолөнершілердің кәсібін өркендету мақсатында арнайы механизмдер енгізу бойынша ұсыныстар қаралды.

Жиынға Түркістан облысы Туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Абдразакова, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директор орынбасары Ербол Әуелбеков, «Qazaq-Oner Turkistan Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Сүйімбай және «Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Индира Икапова қатысып, баяндама жасады.

Қазіргі уақытта Түркістан қаласының өзінде 40-тан астам қолөнерші жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау шарасын қабылдай отырып, қолөнершілер санын 100-ге дейін, ал дайын өнімді сатуды қолөнершілердің сериялық өндірістерді ашуы есебінен 2 есе ұлғайту күтілуде. Осы уақытқа дейін жергілікті қолөнершілердің ортақ мәселесі – өз өнімін ұсына алатын бірыңғай алаңның жоқтығы болып келеді. Бұл ретте, Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске асырылуда.

Басқосуда қолөнер шеберлері өзекті мәселелерді ортаға салып, өңірдің қолөнер саласын дамыту мен насихаттау бағытында ұсыныстарын жеткізді.

Жалпы, Түркістан қаласын халықаралық талапқа сай қолөнер орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар әлдеқашан басталды. Оның алғышарты ретінде шаһарда «Қолөнершілер орталығының» ғимараты салынып жатыр. Алдағы уақытта Түркістанның брендіне айналатын бұйымдар шығарылып, нарыққа енеді деп күтілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін қолөнершілер мен сала мамандарымен, туризм өкілдерімен кеңес те өткізді. Жиында қолөнер саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар берілді.

– Қолөнерді дамытуға өз тарапымнан, әкімдік тарапымнан толық қолдау көрсетіледі. Өнім шығаруға қажетті құрылғыларды алып беруге де дайынбыз. Бірақ бізге нақты жоспар қажет. Қолөнершілер де өздеріне міндеттеме алып, қанша бұйым шығаратынын жоспарлаулары тиіс. Шеберлерімізді тәжірибе жинап, үйренулері үшін шетелге, еліміздің өзге өңірлеріне жіберген жөн. Шетелдегі қандастарымыздың арасындағы қолөнер шеберлерін де арнайы шақырып, қолдау көрсетуге ниеттіміз. Қазақтың мәдениеті, Түркістанның тарихы қолөнері арқылы да дәріптеліп, туризм мен мәдениет саласының бір бөлігіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етуі керек деп есептеймін, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Жиында Алматы мен облыс аумақтарынан арнайы келген қолөнер шеберлері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтқаны есімізде. Өнердің осы саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.

Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген қолөнерді дамыту бағытындағы жоспарларға тоқталды. Алғашқы кезекте облыстағы шеберлердің тізімі жинақталып, 144 қолөнерші қызмет атқаратыны анықталған.

Облыста қолөнер орталығын дамыту арқылы шеберлередің өндірісін қалыптастыру көзделіп отыр. Қолөнершілердің өнімдерін сату және оны нарыққа жылжыту, туристік бизнес өкілдерімен серіктестік орнату арқылы жаңа туристік өнімдер қалыптаспақ.

Облыстан жинақталған мәліметтер мен шеберлердің өнімдерін талдау нәтижесінде тоқыма, киіз басу, құрақ құрау және кесте тігу, зергерлік өнімдер, ағаш және сүйектен бұйым жасау өнері басым бағыттар екені анықталды. Дәстүрлі қолөнершілерді зерттеу, талдау жұмыстарының нәтижесімен Түркістан қаласындағы «Қолөнер орталығында» «Qazaq-Oner» шеберлер орталығын құру көзделген. Шеберлер орталығы шоу-рум, шеберханалар мен фото аймақтарды қамтиды. Қолөнер шеберлері тек өнім дайындаумен айналысады. Өнімдерді сату шоу-румда арнайы жауапты адамдармен жүзеге асырылады. Өнімдерді сату мақсатында арнайы мамандармен маркетингтік жоспарлар әзірленеді. Бұл бастама қолөнер саласының дамуына ықпал етеді және қолөнершілердің кәсібін өркендетуге жағдай жасайды деп күтіліп отыр. «Қолөнер орталығында» туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар да атқарылады. Қазақ қолөнері, мәдениеті мен ұлттық тағамдары, киімдері де дәріптеледі.

Соның бір айғағы, биыл қыркүйек айының соңына таман Түркістанда Әлемнің халықаралық қолөнер қалалары ұйымы (WCC International) президенті Саад әл-Қаддуми бастаған әлемге танымал қолөнер өкілдері мен қолөнер сарапшылары бас қосты.

Келелі басқосуға 19 елдің 30-ға жуық қолөнершілері қатысты. Жиынның мақсаты – облыс орталығы — киелі шаһар Түркістанға Халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін беру.

Бүгінде Түркістанда құрамында 115 мүшесі бар «Turkistan Qol oner одағы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Қолөнершілерді қолдау мақсатында облыс орталығында «Қолөнершілер қалашығы» туристік кешені салынуда. Аталған орталықта арнайы көрме залы, шоурум бөлмелері саялы бақ, шығыс базары, мейрамханалар, қонақ үй, автотұрағы бар алып орталыққа айналады деп күтілуде. Кешеннің жалпы алаңы 2,56 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған болатын.

Келген қонақтар аралауды Оқушылар сарайынан бастап, жас қолөнершілерінің жұмысымен танысты. Бабалар мұрасын жалғастыру мақсатында Түркістан қаласының балалар қолөнер мектебінде 475 оқушы шеберлік сырын меңгеріп, өнерлерін шыңдауда. «Шебер және шәкірт» бағдарламасы аясында жас шеберлердің қолөнер саласындағы дағдыларын дамытуға тәжірбиелі қолөнер шеберлері өз үлестерін қосып келеді. ​

Шеберлер сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, тарихи жәдігерді аралады. Кесене құрылысының тарихына үңіліп, сәулетін тамашалады. «Turkistan Qol oner одағы» қоғамдық бірлестігінің шеберлері этоннао-ауыл кешенінде қолөнер туындыларының көрмесін ұсынды.

Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов қонақтарға Түркістанның туристік әлеуеті мен мүмкіндіктерін баяндап, көрсеткіштерімен таныстырды.

2023 жылы қолөнер саласындағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті қолөнершілердің тәжірибелерімен алмасу мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Бірлестік мүшелерінен құралған деллегектарция Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласы мен Ферғана облысына барды. Сонымен қатар, қала қолөнершілері Әзірбайжан Республикасының Шуша қаласында Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараға қатысып, «Хары-бюльбюль» халықаралық фольклорлық фестивалінде көпшілікке қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Нәтижесінде қазақстандық делегация жоғары баға алып, түркі халқының ыстық ықыласына бөленіп келді.

Бұл іс-шараларға Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, өзге де түркітілдес мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Айтпақшы, 2024 жыл — Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы. Осыған орай, Бейжің қаласында ауқымды іс-шаралар мен форумдар өтті. Оған Қолөнер одағының төрайымы мен шеберлер арнайы қатысты. Халықаралық көрмеге Қолөнер одағының шеберлері мен шәкірттерінің қолөнерлері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, қызығушылығын арттырды.

Әлемнің халқаралық қолөнер қалалары ұйымының (WCC International) президенті Саад әл-Қаддуми түркістандық қолөнершілердің жұмысына таңданысын жасырмады. Саад мырза ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Түркістанның өзіне тән ерекшелігі, қолөнершілердің қалыптасқан қолтаңбасы барын атап өтті.

Қала қонақтары рухани-мәдени орталықтағы туристік нысандарды аралап, өзгерістерге тәнті болды.

Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, аталған жол картасын орындау нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысына сәйкес ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтіліп отыр. Өңірдегі танымал туристік орындар мен нысандар жүйеленіп, дамиды. Осыған байланысты, әлеуеті жоғары 10 туристік нысан таңдалып алынған. Туристік нысандардың ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындаудан бөлек, гид-экскурсовод қызметінің сапасын арттыру қаралып отыр. Туристік қызмет көрсетушілер (такси, электрокар, шырақшы) үшін бірыңғай қызмет көрсету қағидасы әзірленіп, туристік субъектілердің қызмет көрсету сапасы көтеріледі. Әзірленген біркелкі брендке сәйкес түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама, туристік операторлар мен агенттіктермен жұмыс, нысандардың 3D фотоларын интернет порталдарына орналастыру жоспарлануда. Туристік өнімдер санын арттыру және күшейту, сондай-ақ ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жол картасында орталық қызметін монетизациялауға басымдылық беріледі. Тарихи нысандарды күтіп ұстау да басты назарда. Туристерге қазақтың ұлттық тағамдары мен ою-өрнектері, қолөнер бұйымдары ұсынылады.

Биыл, жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өткен жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттар мен жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» авиакомпаниясымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іске қосылған «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстердің саны артады.

Түркістан облысында экотуризм қарқынды дамып келеді

Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1780 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ облыста 229 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерьлері) және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Олар – ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.

Түркістан облысында эко туризм қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2024 жылдың үшінші тоқсандығының қорытындысына сәйкес табиғи аумақтарға келушілер саны 109,5 мыңды құраған.

Түркістан облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ пен маршруттар құрылған.

Соның бірі – «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағы. Мұндағы 11,7 % немесе 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген.

Ұлттық парк аумағында 7 қонақ үй, бір аңшылар үйі кешені, 6 монша және жасақталған 94 демалыс алаңқайы, 38 автотұрақ, 77 қоқыс жәшігі, 52 қоқыс контейнері, 48 санитарлық-гигеналық торап, 40 дана арнайы тамақ пісіретін немесе от жағатын орын келушілерге қызмет көрсетуде. Бұл орындарға, әсіресе, жаз айларында сұраныс артады. Алдағы уақытта аталған аумақта демалыс нысандарын көбейту жоспарланып отыр.

Жалпы, экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы, оның үлесіне әлемдік туризмнің 25%-ы тиесілі. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректеріне сүйенсек, экотуристер саны жыл сайын 20%-ға артып келеді екен.

Таза және бүлінбеген табиғи объектілері көп Қазақстан экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар тіпті ең талғампаз туристерді де бейжай қалдырмайды.

Экотуризм дегеніміз не? Халықаралық экотуризм қоғамы экотуризмді қоршаған ортаны сақтайтын, жергілікті халықтың әл-ауқатын қолдайтын және экскурсиялық-ағартушылық қызмет пен білім беруді көздейтін табиғи аудандарға жауапты саяхат ретінде анықтайды.

Экотуризмнің туризмнің басқа түрлерінен айырмашылығы неде? Экотуризмнің басты ерекшелігі табиғи аумақтарға барған кезде биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау болып табылады. Экотуризм сонымен қатар табиғатты қорғау жергілікті қауымдастықтар үшін пайдалы болатын экономикалық жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

Әлемдегі және Қазақстандағы экотуризм туралы бірер сөз. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сәйкес, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, яғни шамамен 0,26 миллион шаршы шақырым, бұл экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елдерге қарағанда он есе көп. Бұл ретте туристер саны жылына 2 миллион адамды құрайды. Сол арада экотуризмді дамыту бойынша көшбасшылардың бірі болып табылатын АҚШ-та бұл көрсеткіш жылына 200 миллион адамға, ал Австралияда жылына 60 миллион адамға жетеді. Мұндай нәтижелерге елдер заңнамалық деңгейде реттелетін ұлттық табиғи парктердегі туризмді басқарудың жолға қойылған жүйесінің арқасында қол жеткізді.

Ал Қазақстанда экотуризмді дамыту әлеуеті қандай? 2019 жылы Финляндия экологиялық тұрақтылықтың жоғары деңгейінің, өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің алуан түрлілігі мен бірегейлігінің, сондай-ақ мемлекеттің қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күш-жігерінің арқасында жабайы табиғат бойынша саяхаттау үшін үздік ел ретінде танылды. Үздік елдердің тізімін анықтау үшін ұлттық парктердің саны, биоалуантүрлілік, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың жойылып кету қаупі және басқа да өлшемдер ескерілді.

Қазақстан бұл рейтингте 87-ші орынды иеленді. Соған қарамастан, ел табиғи аумақтарының үлкендігі, флора мен фаунаның алуан түрлілігі, табиғат ескерткіштері мен ЮНЕСКО мұрасы мәртебесіне ие объектілері есебінен экологиялық туризмді дамытудың барлық алғышарттарына ие.

БҰҰДБ-ның экотуризмді дамыту саласындағы жұмысы мен ұсынымдары хақында да тоқтала кетейік.

БҰҰ Даму бағдарламасының БИОФИН жобасының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық Кодексіне туроператорлар мен турагенттердің ЕҚТА-да турларды ұйымдастыру бөлігінде белгілі бір қағидаттарды басшылыққа алу міндеттемелерін белгілейтін толықтырулар енгізілді, олар:

  • туристер санын жоспарлау;
  • қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу;
  • Қоршаған ортаға неғұрлым төмен теріс әсер ететін көлікті таңдау;
  • жергілікті қоғамдастықтарды турларды ұйымдастыруға тарту;
  • қатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуын азайту және туристерді ақпараттандыру.

Экологиялық туризм жөніндегі жұмыстар шеңберінде БҰҰДБ-ҒЭҚ және БИОФИН-БҰҰДБ жобаларының сарапшылары елде экотуризмді дамытуды жетілдіру үшін мынадай ұсынымдар әзірледі:

  1. Заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде экотуризм анықтамасын, экотуризмді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сақтамау кезіндегі жауапкершілік нормаларын, ЕҚТА аумақтарындағы құрылыс нормаларын енгізу, рекреациялық жүктемелерді есептеу әдістемелерін және соқпақтарды жайластыру жөніндегі бірыңғай стандартты енгізу.  
  2. Туризм үшін жауапты ЕҚТА қызметкерлері үшін оқыту модулін әзірлеу және енгізу. Рекреациялық жүктемелер бойынша бағыттарды қоса отырып, туризмді дамыту, соқпақтар мен аумақтарды жайластыру бойынша жоспарлау, әсер ету мониторингі, жергілікті халықпен және бизнеспен өзара іс-қимыл мәселелері бөлігінде ЕҚТА басқару жоспарын жетілдіру.
  3. ЕҚТА-да және экотуризм саласында туристік қызметтер көрсету жөніндегі ұлттық стандарттарды пысықтау және енгізу.  

Бүгінгі күні қазақстандық заңнамада бар экологиялық туризмге классикалық тәсілдер оларды реттеу тетіктері мен өлшемшарттарын нақты айқындауды қажет етеді.

Сондықтан экотуризмнің анықтамалары сияқты жоғарыда аталған ұсынымдарды Қазақстан заңнамасында бекіту туристік саладағы барлық нормативтік құқықтық актілерді ретке келтіруге, оның ішінде экотуризмді дамыту саласындағы қызметті ұйымдастыратын субъектілерді объективті бағалауға, сондай-ақ аумақтарда табиғат қорғау шараларын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туризм және экология саласындағы уәкілетті органдар тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, табиғи аумақтарда туризмді басқарудың қолданыстағы әдістерін қайта қарауы қажет.

Экологиялық туризм қоршаған табиғи ортаны қорғау және қалпына келтіру қоғам дамуының барған сайын елеулі өлшемдері болып табылатын кез келген елдің экономикасын дамытуға үлес қоса алатынын есте ұстаған жөн.

Экологиялық туризм – Қазақстандағы жаңа әрі жылдам дамып келе жатқан туризмнің бір саласы. Бұл табиғи қорықтарды, ұлттық ескерткіштерді қорғауды көздейді. Демек, экологиялық туризмнің дамуы қоршаған ортаны қорғау үшін аса маңызды.

Елімізде экология саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Оның маңызы зор. Қазақстандағы экотуризмнің дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Dala Tour жобасының жетекшісі Бегалы Биболаттың айтуынша, елімізде экологиялық мәдениет қалыптасып келеді.

«Қазіргі уақытта экотуризмді дамытудың әртүрлі мәселелеріне көңіл бөлініп жатыр. Экотуризмді дамыту табиғаттың аса маңызды нысандарын сақтау үшін, табиғатқа залал тигізбес үшін, әртүрлі туристік жолдарды, арнайы маршруттарды құру үшін аса қажет. Экотуризм – экологиялық мәдениет. Ал мәдениетті қорғау – мемлекет азаматтарының міндеті. Туризмді дамытсақ, экологиямыз да дами түседі. Осы үшін де, қазір ауаның, судың ластануының алдын-алу жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр», — дейді сала мамандары.

Дегенмен, экотуризм тек туризммен ғана шектелмейді. TIES (Халықаралық экотуризм қауымдастығы) дерегі бойынша, экотуризм тек туризм емес, қоршаған ортаның жағдайын жақсарту бойынша табиғи аймақтарға саяхат ұйымдастырып, экологияны қорғау жолдарын көпшілікке жеткізу. Яғни, экотуризм – туризмді дамыту арқылы қоғаммен тығыз қарым – қатынас құру, экожүйелер түрін сақтау.

Экотуризм – елімізде ең танымал бағыттардың бірі. Себебі, Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын сұлу табиғаты, көрікті мекендерімен танымал. Атап айтқанда, Алтын – Емел, Іле – Алатау, Қатонқарағай, Бурабай, Ақсу-Жабағылы, Көлсай және т.б. жерлер туристердің көзайымына айналып келеді.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризмге ерекше мән беріп: «Біз еліміздің туристік әлеуетін пайдалануымыз керек. Туризм саласында да осындай серпінді жобалар жүзеге асуы тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды салада әлі де елеулі табыстар жоқ, біз басқа мемлекеттерден артта қалып отырмыз», – деген болатын.

Соңғы жылдары экологиялық туризм саласына ерекше назар аударыла бастады. Әсіресе, биыл Қазақстанда туристердің қорық орындарына саяхаттауға, өзіндік табиғатты тануға және байырғы тұрғындардың дәстүрлі өмір салтын зерттеуге деген қызығушылығы арта түскені байқалады. Экологиялық туризм қазақстандықтар арасында да, елімізге шетелден келген қонақтар арасында да танымал трендке айналу үстінде.

Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру бағытындағы мәселелер — ұдайы жергілікті билік назарында

Естеріңізде болса, Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумының тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасқан болатын. Мәселен, «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» тақырыбында өткен сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.

– Түркістан облысы – Ұлы Жібек жолының тарихи, әрі мәдени орталығы. Аймақтың мәдени, тарихи және табиғи байлықтары шетелден келетін туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Бүгінгі форумды пайдалана отырып, біз Қытай Халық Республикасымен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. Өткен жылы екі елдің Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап туризм саласындағы байланыстар нығая түсті. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында бірқатар туристік көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың туристік әлеуеті таныстырылды және бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Келесі жылы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы аясында туризм және авиация салаларында көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Жаңа туристік бағыттарда рейстерді ашу, бірлескен туристік маршурттарды жүзеге асыру, туризм және авиация саласындағы инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба біз үшін маңызды және сіздермен бірге жаңа бастамаларға қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Республика бойынша Түркістан облысы туристер үшін маңызды TOP туристік әлеуетке ие. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар ескерткіштер бойынша бірінші орында, емдік-сауықтыру туризмі нысандарының саны бойынша бірінші орында тұр. Республика бойынша туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі бойынша үшінші орынды алады. Облыста ЮНЕСКО-ның үш бірдей нысаны бар.

Туризм саласын дамыту мақсатында өңірге соңғы 5 жылда 800 миллион доллар инвестиция тартылды. Жылдан-жылға жаңа туристік жобаларды іске қосу арқылы шетелдік туристердің санын арттыру көзделіп отыр. Ол үшін, Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді насихаттау және туристерге бірегей кәдесыйларды ұсыну мақсатында алаңы 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасын келесі жылы іске қосу жоспарлануда.

Облыс әкімдігі туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту үшін қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Өңірдегі жаңа халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Қазіргі әуежай – әлемдік стандарттарға сәйкес, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан.

Облысқа келетін шетелдік туристер үшін халықаралық әуежайдың ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір уақытта туристік чартерлік рейстерді ашу бойынша да келіссөздер жүргізілді.

Сессияда «Dalaman Airport» халықаралық әуежайының директоры Хамди Гювенч, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Тұрсын Әлішер, Hubei miaoshang Group Industrial Co Ltd. төрағасы У Цзяньмяо, Wuhan Xinyatu International Travel Agency Co. Ltd. бас директоры Ван Ся баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты. Отырыста спикерлер өңірдің туристік әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Қалай десек те, елімізде туризм индустриясы – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан алдыңғы қатардағы салалардың бірі. Бұл тұрғыда Түркістан облысының құрылғанынан бастап туризм саласын дамыту сатысында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай түнеугүні облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыстың туризм саласын дамыту бойынша жиналыс өткізді.

Басқосуда бірқатар мәселелер айтылып, ұсыныстар тыңдалды. Қонақ үй бойынша қызмет сапасын дамыту, туроператор қызметін жетілдіру, гид, экскурсовод бағытындағы жұмыстардың сапасын арттыру, транспорт мәселесін реттеу жұмыстары талқыланды.

— Қызмет көрсету саласындағы прогресс жаңа орталықтардың құрылысына, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге және қызмет көрсету мәдениетін көтеруге бағытталған жобаларға байланысты оң нәтиже беруде. Осы орайда, туризмді одан әрі дамыту, Түркістан облысына туристер ағынын арттыру жөнінде ұсыныстар өте маңызды. Халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізу арқылы қонақүй қызметтерін жақсарту керек. Сондай-ақ, әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге, гранттар қарастыруға дайынбыз, — деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Сонымен қатар бұл кездесу нақты ұсыныстар әзірлеу бойынша тиімді алаң болатындығына және Түркістан облысының туристік саласын дамытуға жаңа серпін береді деген сенім білдірді. Өңірдегі туристік қызмет саласындағы өзекті мәселелер нақтыланып, мүдделі органдарға тапсырылды.

Айтпақшы, қарашаның ортасында елімізде «Жібек жолы» туристік теміржол бағыты іске қосылды. Пойыз «Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы» бағыты бойынша жүреді. 16-20 қараша күндері өтетін алғашқы сапарға 115 жолаушы аттанды. Енді туристік пойыз ай сайын қатынайтын болады.

Жолаушыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ, қала ішіндегі саяхат ұсынылады. Туристерге ыңғайлы болу үшін барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің қатысуымен жүргізіледі. Саяхат — туристік автобустармен қамтамасыз етіледі. Туристер Түркістанды бір күн, Ташкентті екі күн аралайды.

Саяхат барысында туристер Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Керуен Сарай кешені мен Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесіне зиярат жасайды. Сондай-ақ, Ташкент қаласындағы Хазірет Имам кешенін, Төле Би кесенесін, Әмір Темір және Тәуелсіздік алаңдарын аралайды. Одан бөлек, Ташкент қаласындағы көрікті жерлерге барады.

Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін пойызда фильм көруге, ән тыңдауға және кітап оқуға арналған «vputi.kz» мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады.

Сондай-ақ, жолаушыларға турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Әрбір жолаушыға естелік ретінде «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі.

Ең маңыздысы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдің туристік нысандарының ақпаратын жаңарту және әдістемесін дайындау мақсатында бірыңғай ақпаратты ұсынатын әдістемелік құралдары әзірленуде. Онда туристік нысандар бойынша фактілер, аңыздар және қызықты оқиғалар тізбегі қамтылады.

Туристік нысандар бойынша жинақталған ақпараттарды археолог, тарихшы, архитектор, өлкетанушы, лингвист және басқа да білікті мамандармен бірге талдау жұмыстары жүргізіледі.

Жинақталған ақпараттарды қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, араб, жапон тілдеріне аудару жұмыстары жүргізіліп, бірыңғай туристік ақпарат құралына енгізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin