Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істеп тұр. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі – жекеменшік. Өңірдің экономикасын дамытуда басым бағытқа ие ауыл шаруашылығы саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм мамандарын – 3, құрылыс саласы мамандарын 11 колледж даярлауда. Сонымен бірге медицина, өнер және гуманитарлық салалар, педагогика, техникалық және көпсалалы білім мекемелері де бар.
Облыс әкімі колледждерде білім сапасын көтеру мен техникалық базасын жақсарту жолдарына үнемі назар аударып отыратынын атап өткен жөн. Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Білім басқармасы басшылығы мен жауапты тұлғаларға аталған білім мекемелерінің жұмысын жүйелеп, қоғамға қажетті мамандықтар бойынша грантты көбейтіп, мемлекеттік тапсырысты оңтайландыруды тапсырды.
– Бюджеттен колледждерге қыруар қаржы бөлініп отыр. Ал білім сапасы соған сай ма? Зерделеу, мониторинг жұмыстарын жалғастырыңыздар. Студенттері сабаққа бармайтын, білім сапасы төмен колледж директорларының өз лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместері бойынша ұсыныс беріңіздер. Жұмысын дұрыс атқара алмай жүргендеріне заң шеңберінде шара көрілсін. Оқу үрдісін дұрыс үйлестіре алмайтындар орнын босатулары қажет. Екіншіден, жаңадан енгізілетін мамандықтар, оларды білікті ұстаздармен қамту ісіне талдау жасалып, мәлімет ұсынылсын. Бұл мәселені тағы да қарап шығамыз. Жатақхана салу, құрал-жабдықтар бойынша да тиісті ұсыныстар берілсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың айтуынша, өңірдегі колледждерде 75 мамандық бойынша 47142 студент білім алуда. Оның 35 708-і — мемлекеттік тапсырыспен, 11 434-і ақылы негізде білім алады. Педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлерінің саны – 3041, 214 өндірістік оқыту шебері қызмет етеді.
Биылғы оқу жылына бөлінген 15 525 мемлекеттік тапсырыс орны толық игеріліп, студенттер қабылданған. Қазіргі таңда 260 студент оқудан шығарылды. Олардың арасында өз өтініштерімен әскерге және академиялық демалыс алғандары бар. Колледж студенттерінің сабаққа қатысуына ай сайын мониторинг жүргізіледі. Мониторингті автоматтандыру мақсатында 25 мемлекеттік колледж білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін «FACE ID» жүйесін орнатқан.
Өңірдегі мемлекеттік 25 колледждің 9-ының базасы 2020-2021 жылдары «Жас маман» жобасы аясанда республикалық бюджет есебінен 2,5 миллиард теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен толыққан. 2023 жылы облыстық бюджеттен 18 колледждің базасын нығайтуға 1,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, құрал-жабдықтар сатып алынды. Биыл 10 колледжге 700 миллион теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары (7 колледж) мен жылу жүйесін газға ауыстыру (3 колледж) жұмыстары жүруде. Облыс әкімінің тапсырмасымен оңтүстік аудандардағы колледждерді IT саласына бейімдеу мақсатында 1 колледжге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 150 миллион теңге бөлінді.
Облыстағы арнаулы оқу орындарында студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыруға басымдық берілуде. Студенттер ветеринария, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өзге да салаларға өндіріске араласу арқылы бейімделуде. «Агрономия» мамандығының студенттері жылыжайда қияр, қызанақ, құлпынай және басқа да дақылдарды отырғызу, баптау, теру және тұтынушыға өткізу сатысына дейін үйренсе, тағы бір білім ордасында студенттер жібек шаруашылығын дамыту үшін тұт ағаштарын өсіру ісін меңгеруде. Балықты терең өңдеу, ІТ саласын дамыту бағытын үйретуде де жұмыстар жанданған.
Жыл сайын 9-11-ші сыныптарды бітірушілер саны 77 659-ды құраса, колледжге 12 мыңнан астам түлек пен 3000-ға жуық «NEET» санатындағы жас қабылданады. Биыл «WorldSkills Kazakhstan-2024» чемпионатында Түркістан өңірінің колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 4 қола, 11 арнайы медальон жеңіп алып, жалпыкомандалық 6-орынды (2023 жылы 9-орында болған) иеленді.
Атап өтер жайт, Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Биылғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды.
Осы бағыттағы жұмысты талқылау мақсатында қазан айының 18-інде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған Облыстық білім басқармасының жауапты тұлғалары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.
– Біз бүгін атқарылған жұмыстарды пысықтап, мәселелерді ашық ортаға салу үшін жиналдық. Проблемалардың шешу жолдарын бірге қарастырамыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды. Бұған дейін инфрақұрылымды ретке келтіру, қауіпсіздікті күшейту шараларын жүйеледік. Заң бұзушылық әрекеттерге тосқауыл қойдық. Облыс колледжеріне бөлінген 15 500 гранттың игілігін жастар көруі үшін насихатын күшейтіп, оқуға қабылдауды іске асырдық. Ендігі кезекте стратегиялық бағыттан айнымай, жұмысшы маманықтардың мәртебесін арттыруға басымдық беріп, жаңашыл әрі тың бастамалармен жүзеге асыруымыз қажет. Оқу бағдарламасында заманауи технологияларды интеграциялау өзекті. ІТ, робототехника, жасанды интеллект секілді бағыттарды енгізген жөн. Колледж басшылығы өндіріс орындарын серіктестікке тарту керек. Бұл студенттерге өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп ғана қоймай, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес маман даярлауға ықпал жасайды. Білім беру жүйесінде кәсіпкерлік қабілеттерді шыңдауға көңіл бөліп, стартап мәдениетін қалыптастыру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларға бейімдей аламыз. Әсіресе аудан, қала әкімдерінің инвестициялық жобаларына қажетті кадрлар даярлау маңызды. Қайталанатын мамандықтарды қысқартып, жаңа мамандықтарды ашуды қолға алайық. Сіздердің ұсынымдарыңызды күтемін. Сонымен қатар студенттерді ағылшын тілін меңгеруге бағыттаңыздар. Креативті жаңа инновациялық жобаларды жандандыруға тиіспіз, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыстық білім басқармасының орынбасарлары колледжердегі білім беру жүйесі, жүргізілген зерделеулер және проблемалық мәселелер, жылу маусымына дайындық жұмыстары және өзге мәселелер жайлы сөз сөйледі.
Жиында облыс әкімінің орынбасары басқарма басшылығы мен директорларға бірқатар тапсырма жүктеді. Жұмысшы мамандықтар жылына орай іс-шаралар жоспарын әзірлеу, қаржыландыру және инвесторлардың жобаларын заң аясында қарастыру, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, колледждер базасында ІТ орталықтарды ашу, WorldSkills чемпионатына дайындықты пысықтау, тәрбие жұмыстарын күшейту, қажетті құрал-жабдықтармен қамту, бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу міндеттері сапалы орындалады. Мәжіліс қатысушылары Сауран ауданындағы өндірістік паркіне барып, жобалармен танысты. Ондағы мамандармен тілдесіп, пікір алмасты.
Айта кетейік, Түркістан облысында 50 колледж бар. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Оқу орындарында 75 мамандық бойынша 45 мыңнан астам студент білім алуда. Колледж қызметін бағалау 12 критерий, ал рейтингі 3 бағытқа сәйкес тұрақты жүргізіледі. PISA-2023 халықаралық зерттеу нәтижесінде 2 колледждің балы анықталса, 2024-2025 оқу жылында 4 колледж қатысады. Осы жылы директорлар мен әдіскерлер Франция елінде, Қазақстанда Ақмола облысында тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта Қытай және Өзбекстан елдерінде іссапарлары жоспарланған.
Өңір ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен, мұндағы жоғары оқу орындары да аграрлық сектордан алыс емес. Мәселен, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында орналасқан «Жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехы» өз өнімдерін сатылымға шығарды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ашылған цех жұмысы бүгінде қарқынды. Қазіргі таңда онда 13 түрлі өнім дайындалады. Атап айтқанда, кептірілген өрік пен алма, алмұрт, банан, алмұрт пен өрік пастиласы, асқабақ, күнбағыс дәні, жаңғақ қосылған өрік пастиласы мен табиғи сусын қоспалары бар. Цехтың барлық өнімдері университеттің ботаникалық бағында өсетін жеміс-жидектерден жасалады.
Аталған өнімдер қолжетімді бағада тек облыс көлемінде ғана емес, Қазақстан бойынша таратылып отыр.
Айта кетейік, цехта алдағы уақытта басқа да өнімдер нарыққа шықпақ. Өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Шағын өндіріс орнының 1 тəулікте 5-7 тонна өнім өңдеуге мүмкіндігі бар.
Жылдағы дәстүрге сай, жаз мезгілінің алғашқы күнінен оқу ордасының ботаникалық бағындағы жеміс ағаштары өнім бере бастайды. Бұған дейін де бақтағы шие ағаштарының өнімдері жиналып, жидектен жасалған шырын университет факультеттеріне таратылған болатын. Маусым айында піскен өріктерін жинау және өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бақтың жалпы аумағының 15 гектарында өрік ағаштары егілген.
Ал тамыз айында кезек алмұрт, жүзім, жаңғақ ағаштарына келеді. «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ботаникалық бағының бағалы гендік қорын сақтау» жобасы аясында өріктерді жинауға күніне 30-ға жуық адам жұмылдырылды. Биыл шамамен 30 тонна өнім жиналды. Жиналған өнімдер жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехында сапасына қарай сұрыпталып, одан кептірілген өрік әзірлеу жұмыстары атқарылады.
Биыл ботаникалық бақтың құрылғанынан 30 жыл толып отыр. Бұл – университет үшін маңызды мерейтойлық дата. Бүгінде республикалық маңызға ие, 88 гектар аумақты қамтитын бақта елімізден және жақын шет елден 59 туыс, 28 тұқымдас, 127 түрлі декоративті, жеміс-жидек, ағаш бұталы және гүлді өсімдіктер интродукцияланып, өңірдің қатал климаттық жағдайына бейімделген коллекциясы жинақталған.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың базасында орналасқан бірегей ботаниқалық бақ – аймақ үшін баға жетпес байлық. Бүгінде 88 гектар аумақты алып жатқан ботаниқалық бақта декоративті және жеміс талдарының 150-ге жуық түрі мен сорты бар.
Естеріңізде болса, биыл наурыз айында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістік цех іске қосылған-ды.
Цех ашылуына жиналған қауым алдымен өндіріс ғимаратын аралап, онда өнімнің толық даму циклімен және өндіріс процесімен танысты.
Оқу орнының ботаникалық бағында тұрғызылған жеміс жидектерін өңдеу жөніндегі өндірістік цех өз жұмысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ. А. Яссауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» коммерцияландыру жобасы аясында бастады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек цех жұмысына табыс тілеп, отандық ғылымды дамыту үшін осындай өндірістердің санын көбейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ведомство басшысы жоба авторларының Қазақстанның өндірістік саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Жобаның мақсаты – инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы ботаникалық бақтың құнды гендік қорын сақтау, қалдықсыз өнім өндіру.
Өндірістік цех қазіргі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, онда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады.
Айта кетейік, қазіргі таңда ботаникалық бақта 650 миллион теңгеден астам сомаға 3 ірі жоба іске асырылуда. Аталған жобалар аясында жаңа цех құрылып, өсімдіктерді Түркістан өңірінің климатына бейімдеп, өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.