Түркістан облысында каналдар күрделі жөндеуден өтіп, қашыртқылар тазаланып жатыр

Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар. Бұл дегеніңіз – республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі деген сөз. Өңірде экономиканың негізгі саласының бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан су нысандары инфрақұрылымын дамыту, жөндеу, тазалау аса өзекті.

– Жылдан-жылға су тапшылығы мәселесі қиындауда. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын түсірмеу керек. Облыстағы ағын су мәселесін шешетін, шаруалардың тірлішігіне тікелей әсер ететін жобаларды жедел жүзеге асырып, каналдарды жөндеу, тазалау маңызды. Кезек күттірмейтін нысандар бойынша жоба жасап, бюджетке ұсынып, жұмысты бастау қажет. Өңірдегі жеке меншіктегі су нысандарын да зерделеп, тиісті ұсыныс беріңіздер. Әр аудан, қала әкімі, жауапты басқарма басшысы тиісті жұмыс жүргізсін, – дейді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл облыстық бюджеттен жалпы 9,4 миллиард теңге қаржы қаралып, 11 су нысанына күрделі жөндеу және 939 шақырымды құрайтын қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 7,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі және 19,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу», «Арыс магистралды каналын күрделі жөндеу», және «Қараспан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобалары есебінен Түркістан өңіріне қосымша 233 миллион текше метр ағын су жеткізу мүміндігі бар. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасының 2 кезеңінің құжаттамасы дайын. Жоба құны – 11,5 миллиард теңге. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылады. Сондай-ақ 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 миллион текше метр ағын суды үнемделмек.

Бұдан бөлек, көктемгі су тасқынын алдын алу және шаруаларға ағын суды сапалы жеткізу мақсатында «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгеріміндегі арнайы техникалар есебінен аудан, қала аумағындағы жалпы ұзындығы 371,5 шақырым канал мен 136,7 шақырым қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Облыста су үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Жоба құны – 12,0 миллиард теңге. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы – 73 мың гектар.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, өңірде аталған басқарманың тапсырысымен жалпы құны 45,7 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі су жобасы іске асырылуда. 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 1 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлеу барысында. Оның ішінде «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасының да құрылысы да қолға алынған.

Бұл ретте Түркістан өңірінде облыс әкімдігінің қолдауымен жұмысын жаңаша бағытта жүйелеген «Тұран су» мекемесі толайым табыстарға қол жеткізіп жатқанын да атап өткеніміз жөн.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы су нысандарын реттеу, су шаруашылығын тиімді жүргізу, каналдарды жөндеу жөнінде нақты тапсырма берді. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Су қоймаларды жөндеу, салу, каналдарды тазалау, жаңарту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Ағын су мәселесін шешіп, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды, – дейді Дархан Сатыбалды.

«Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесовтың айтуынша, 2024 жылға егістікке 817,4 миллион текше метр жоспарлы ағын су лимиті бекітіліп, бүгінгі таңда босатылған су көлемі 632,7 миллион текше метрді құрады. Экологиялық қажеттілікке 272,8 миллион текше метр су босатылып, жоспар 2,1 есе артығымен орындалды. Төлеби ауданындағы «Ащы» су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына, атап айтқанда, «Рабат» су қоймасына «Сифон» қондырғысы және 10 дана жарықшам орнатылды. «Көкібел» су қоймасының төменгі жағына су фильтрациясын жою жұмыстары жүргізіліп, 8 жарықшам орнатылды. «Түркістан» және «Арыс» магистралды және ішкі шаруааралық каналдарына 82,7 шақырым механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорындар желісі салынды. Қондырғылар орнатылды. Жоба жуырда толық іске қосылады.

Бүгінде мекеменің I категориялы лицензиясы, 3 өндірістік техникалық базасы, 85 арнайы техникасы бар. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен кәсіпорынды техникалық жарақтандыру бойынша кешенді шаралар атқарылды. Жалпы арнайы техника бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Оның ішінде 41 экскаватор және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон және өзге де техникалар бар.

Аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне сатып алу тәртібімен жалға берілді. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, табиғи арналар, каналдар мен қашыртқыларға 1100 шақырымына тазалау жоспарланып, қазіргі таңда 500-ге жуық шақырымы тазаланды.

2024 жылға Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы 9 су нысанының 96 шақырымын күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 58 шақырымы жөнделді. Нәтижесінде 15 391 гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды.

Шардара ауданының 6 ауыл округінде ұзындығы 958 шақырымды құрайтын қашыртқылардың 1025 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары атқарылған. Мекеменің техникалары мен мамандары еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқыны салдарын жою жұмыстарына да атсалысты.

Шардара демекші, таяуда облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың шардаралық шаруалармен кездесуі барысында ағын су мәселесі көтеріліп, шағымдары зерделенді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов аудандағы жағдайды баяндап, іске асырылып жатқан жобалардың есебін ұсынды.

Қазіргі таңда Шардара ауданында 6 ауыл округте су арналары механикалық тазалаудан өтуде. Жалпы 1306 шақырым қашыртқыны тазалау көзделген, орындалғаны –1137 шақырым.

Жұмыс атқарушы “Тұран-Су” МКК-нің басшысы Досхан Лесов жоба бойынша бекітілген қашыртқы 959 шақырымды құрайтынын, шаруалардың өтінішімен жобадан тыс 347 шақырымы қосымша тазаланғанын баяндады.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауданда 26 мың гектардан астам алқаптың мелиоративтік жағдайы мен ағын сумен қамтылуы жақсарады деп күтілуде.

Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын-ата, Ақшенгелді, Достық ауыл округтеріндегі жұмыстардың барысын бақылаған облыс әкімінің орынбасары суармалы жер көлемін арттыруға бағытталған жобалармен де танысты.

– Ағын су тұтынуда шаруалардың талап-тілегі заң аясында сараланып, жүйеленуі тиіс. Әсіресе, су ақысының төлеміне қатысты ешқандай сұрақ туындамауы қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шаруашылықтардың өзекті мәселелері мен ықтимал тәуекелдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Шаруалармен өткен басқосуда айтылған мәселелерді назарға алып, талдау жүргізуді тапсырамын. Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда біз ең алдымен оның заңдылығын қамтамасыз етуге міндеттіміз, – дейді Нұрбол Тұрашбеков.

Сонымен қатар Шардара ауданында 4 канал күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда 53,5 шақырымның 31,2 шақырымында жұмыс аяқталды. Нәтижесінде, 3616 гектарға су жеткізу жақсарып, қосымша 600 гектар жер айналымға қосылады деп күтілуде.

Расында да, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасып келеді. «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 миллион текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 миллион текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.

– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.

Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Еске салайық, Түркістан облысында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 3 мыңнан аса канал бар.

Жалпы, су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жаңа су қоймалары салынып, қолданыстағы қоймалар жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригектарция министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.

«Алда тасқынның алдын алу мақсатында 2,6 миллиард текше метр құрайтын 42 жаңа су қоймасы салынады. Жалпы көлемі 3,7 миллиард текше метр болатын 37 су қоймасын қайта құру, сондай-ақ шамамен 14,5 мың шақырым ирригектарциялық каналдарды салу мен қайта құру жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген. Биыл Бәйдібек ата және Қарақуыс (Түркістан облысы) құрылысы және үш су қойманы Ақтөбе (Ақтөбе облысы), Қапшағай (Түркістан облысы) және Киров (БҚО)) қайта салу басталды», — деді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.

Одан бөлек, министр Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп зақым келген объектілерді салуға, қайта жаңғыртуға және қорғау бөгеттерін нығайтуға бағытталған 56 жобаның барын айтты.

«34 гидротехникалық құрылыстарда «Қазсушар» филиалдары жөндеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар Батыс Қазақстан (22 км) және Шығыс Қазақстан облыстарында (73 км) 95 шақырым каналды механикаландырылған тазалау жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны кезеңіне дайындық тек гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және су қоймаларындағы бос сыйымдылықтарды босату арқылы ғана емес, су тасқынын басқарудың әлемдік тәжірибесі мен стратегияларын талдай отырып, министрлік барлық деңгейдегі мемлекеттік оргектарндардың жауапкершілігі, құқықтары мен өкілеттіктері айқындалған, су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу шаралары күшейтілген жаңа Су кодексінің жобасына түзетулер дайындалды», — дейді ведомство басшысы.

Бұл ретте ойға түсетін тағы бір мәселе. Соңғы жылдары Шу өзені суының Созақ ауданы аумағына келіп жайылуы, «Тасөткел» су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына экологиялық су тастау жүйесінің бұзылуы аудан тұрғындарын алаңдатқан басты мәселеге айналды.

Бұған дейін су үрдісінің кешігіп, аз мөлшерде келуі экологиялық жағдайға теріс әсер ететіні жөнінде тиісті орындарға бірнеше рет хат жолданып келді.

Жуырда ғана Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригектарция министрлігі, Су шаруашылығы комитеті және «Шу-Талас» бассейндік инспекциясы аталған мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін арнайы жиын өткізді.

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында өткен жиынға министр Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және аудан депутаттары мен ардагерлер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ су шаруашылығы саласының мамандары қатысты.

Алғашқы жиын Мойынқұм ауданындағы Гуляев шабындық алқабының маңында орналасқан «Радай» аумағында өтті. Мұнда Шу өзені арнасының ауданға келіп жайылуының экологиялық маңыздылығы талқыланып, аудан ардагерлері мен мамандар өз пікірлерін білдірді. «Фурманов» су торабынан Созақ ауданына арнайы қазылған 120 шақырымдық айналма каналының жай-күйі сөз болды. Жағдайын тексеру мақсатында жиын «Фурманов» су торабының басында жалғасты.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригектарция министрі Нұржан Нұржігітов 120 шақырымдық айналма канал бойымен жүріп, оның құрылымын қалпына келтіру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді тапсырды. Нұрбол Тұрашбеков бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында екенін атап өтті. Сонымен қатар, жұмыстардың заң аясында ұйымдастырылып, мерзімінен кешікпей жүзеге асуын қадағалайтынын жеткізді.

Шу өзенінен Созақ ауданына бағытталатын судың мөлшерін арттыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Шу өзенінің суын аудан аумағына ақпан айының соңына дейін жеткізу келісілді.

Орайы келгенде тілге тиек ететін маңызды мәселе. Түркістан облысында күзгі және көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар атқарылып жатыр. Биылғы 13 мамырда бекітілген «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарына 39 іс-шара енгізілген. Қазіргі таңда 12 іс-шара толығымен аяқталып, 11-інде жұмыс жалғасуда. Аталған мәселелер облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Облыстағы елді мекендердегі су арналары, каналдар, өзендер тұрақты бақылауға алынуы қажет. Немқұрайлы қарамаңыздар. Департамент, басқарма, аудан, қала әкімдіктері бір-біріне сілтеп, мәселені айтып қана отырса, іс өнбейді. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар. «Тұран су» мекемесінің, жергілікті азаматтардың, кәсіпкерлердің, мекемелердің техникаларын қолданыңыздар. Су тасқынына қарсы жоспар сапалы орындалуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.

ТО ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешевтің айтуынша, аяқталған 12 іс-шараның нәтижесіне сай 57,5 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өткен. Келес ауданында арық-атыздың 14 шақырымы күл-қоқыстан тазартылған. Сарыағаш қаласында каналдардың 350 метрі бетондалған. Сайрам ауданындағы Арыс өзенінде 200 метр арнада түзету жұмыстары жүргізілді. Сауран ауданындағы Қарашық өзеніне 2 дана тоспа орнатылған.

Қазіргі таңда су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Жалпы 304,1 шақырым арық-атыздар, 512,6 шақырымды құрайтын каналдар, 156,7 шақырым дюбинг-өткелдер тазаланған. Аталған жұмыстарды жүргізуге 131 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, су тақыны кезеңіне 84 мың дана қап пен 780 тонна инертті материалдар дайындалды. Төтенше жағдай қауіпі туындағанда тамақ мен тиісті қажеттіліктер үшін ірі кәсіпкерлермен 50 меморандум түзілген.

Мәжілісте Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың ла есебі тыңдалды. «2024-2025 жылдарға күз-көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шаралары» жоспарына сәйкес, елді мекендердің су тасқынына дайындығы тексеріліп, акт түзіледі.

Қалай дегенде де, Түркістан облысында су тасқынының алдын алу барысы тұрақты бақылауға алынған. Арнайы жоспар әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қараша айының 20-сында бұл мәселе облыс әкімдігінде кезекті рет талқыланып, дайындық пысықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға қауіпсіздік шараларын толық атқарып, каналдар мен су көздерін бақылауда ұстауды тапсырды.

– Түркістан облысына көктем ерте түседі. Тау қары еріп, суы таситын аймақтарда қазірден дайындықты күшейтіп, арықтар мен атыздарды уақтылы тазалау керек. Каналдардың бәрі тексеріліп, аудан, қала әкімдіктері жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе жұмыс атқарсын. Жоспарға енгізілген су нысандары мен су қоймалары жөнделіп, қорғаныс дамбалары реттелуі тиіс. Қолда бар арнайы техниканы қолданып, су тасқыны қауіпсіздігін нығайтыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте ТО ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Әскер Сарбатов атқарылған жұмыстарды баяндады. Өңірде «2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынына қарсы инженерлік іс-шаралар» жоспарындағы 39 іс-шараның 23-і толығымен аяқталып, 5 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде 66,1 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өтті. 14 шақырым қашыртқы арна күл-қоқыстан тазартылса, 350 метр канал бетондалған. 1,9 шақырым арна түзетіліп, қазылды. Оған қоса 3 дана тоспа орнатылып, 4 жол асты құбыры ауыстырылған.

Жалпы облыста инженерлік жоспардан тыс 461 шақырым арық (саны –1203), 654 шақырымды құрайтын каналдар (саны –165), 30 шақырым өткелдер тазалаудан өткізілді. Аталған жұмыстарды жүргізуге 263 техника жұмылдырылған. Су тақыны кезеңіне 109 мың дана қап, 1416 тонна инертті материал дайындалды және төтенше жағдай қауіпі туындағанда тамақ мен тиісті қажеттіліктер үшін ірі кәсіпкерлермен 67 меморандум түзіліп, 141 тонна жанар — жағармай дайындалған.

Түркістан облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен су тасқынына қарсы 23 іс-шара толығымен аяқталған. Аудандарды техникамен қамту, өзен арналарын бұру, реттеу, тереңдету жұмыстары жүрген. Су басу қаупі бар аймақтар түгел бақылауға алынып, тиісті қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылған. Кейбір су нысандарын жөндеу, реттеу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Су тасқынының алдын алу шаралары жыл бойы жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin