Түркістан облысында туризмді дамытатын жобаларға басымдық беріліп отыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды италиялық танымал сәулетшіні қабылдады. Архитектор Доменико Ротоло туризмді дамытуға бағытталған жоспарларын таныстырып, көзқарасын жеткізді. Көл жағалауларында адамдардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалған демалыс аймақтарын қалыптастыруға атсалысуға ниет білдірді.

Өңір басшысы облыста елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілетінін айтты. Түркістан қаласында салынатын әрбір нысанның сәулеті, идеологиялық мәні талқыланып, құрылысы сарапшылардың талдауынан өтіп барып жүзеге асатынын атап өтті.

Расында да, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, туристік іс-шаралар ұйымдастырылып-ақ жатыр. Мәселен, таяуда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласына келген Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің өкілдерімен және байқаушыларымен кездесті. Жүздесуде өңірдің туристік әлеуеті мен мүмкіндіктері таныстырылып, туристер санын арттыру жайы талқыланды. Туризм саласында білікті кадрларды даярлау, қызмет көрсету сапасын жетілдіру туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласының әлеуетіне тоқталып, туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.

– Киелі Түркістан өңіріне қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Түркістан – атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер». 2021 жылы өткен Түркі мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінде Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы статусына ие болса, 2024 жыл «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» атанды. Туризм – Түркістан облысы экономикасының басым бағыттарының бірі. Үкімет пен әкімдік өңірдің туристік саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Негізгі жұмыстар аймаққа туристер ағынын арттыруға бағытталған. Осыған байланысты мәдени-бұқаралық және іс-шаралар өткізіліп жатыр. Отандық және шетелдік туроператорлармен байланыстар орнатылып, Түркістан қаласындағы әуежайдың ұшу бағыттарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған Түркі мемлекеттер өкілдеріне арналған кездесу елдер арасында ынтамақтастықты арттыруға тың серпін береді деп ойлаймын. Осы сапарларыңыз барысында Түркістаннан ерекше әсер алып, жаңа сезіммен отандарыңызға оралады деп сенемін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген делегация түркістандықтардың қонақжайлылығына алғыс білдіріп, өңір туралы алған әсерлерімен бөлісті. Өздері үшін жаңа локациялар ашылып жатқанын тілге тиек етіп, ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін жеткізді.

Кездесуде Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Демеуов салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған. Нақтырақ айтқанда, тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмін дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Салаға жыл басынан бері 63 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Туристерге қосымша өнімдер және жаңа туристік бағдарламаларды ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынуда.

Түркістан облысына жыл басынан бері 400 мыңнан астам турист келді. Табиғи аумақтарға келушілер саны 124 мың адам болса, шипажайға келушілер саны – 135 мың адам, қонақ үйге қонушылар саны 210 мың адамды құрады. Сонымен қатар тарихи орындарға 810 мың адам саяхаттаған. «Е-qonaq» жүйесіндегі дерекке сәйкес биылғы 10 айда аймаққа 19 мың шетелдік турист келген.

Айта кетейік, түркі елдерінен келген қонақтар Түркістаннның туризм әлеуеті мен даму бағыттарын таныстыру мақсатында ұйымдастырылған халықаралық туризм семинар-тренингіне қатысып, тәжірибе алмасты. Үш күнге жалғасқан бағдарлама бойынша қатысушылар Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығын аралап, Отырар және Сауран аудандарындағы тарихи орындармен танысты.

Түркістан өңіріне қызығушылық танытушылар қатары артып келеді. «eQonaq» ақпараттық жүйесіне жыл басынан бері Түркістан облысына келген 17419 шетелдік қонақ тіркелген. Атап айтсақ, Өзбекстаннан — 10 920, Ресейден — 1425, Қытайдан — 989, Түркиядан — 751, Қырғызстаннан — 438, Үндістаннан — 368, Франциядан — 300, Германиядан — 217, АҚШ-тан — 192, Италиядан 177 азамат келген.

Сонымен қатар «eQonaq» жүйесі қонақтар ең көп тоқтаған үздік 5 қонақ үйдің тізімін ұсынды. Бірінші орында – 2317 туристті қабылдаған «Karavansaray Turkistan» қонақ үйі, екінші орында – 1891 қонақты күткен «Hampton by Hilton» қонақ үйі, үздік үштікте 821 шетелдік орналасқан «Rixos Turkistan» қонақ үйі бар. Бұдан бөлек, «Grand Khanaka» қонақ үйіне 274 турист, «Silk Way Turkistan» қонақ үйіне 218 шетелдік қонақ тоқтаған.

«eQonaq» – туристік ағынды және көші-қонды бақылауды жинауға және есепке алуға арналған ақпараттық жүйе. Аталған жүйе орналастыру орындарының бірыңғай реестрін құру, туристердің келу-кету әрекеттерін бақылау және есепке алу, турист ағымын және портретін сараптау, сондай-ақ туристердің тұрақтау кезіндегі тұрмыс сапасын жақсартуға арналған алуан қызметтерді ұсынады.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі туризм саласын дамыту бойынша жол картасы бекітілді. Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, «Open Turkistan» мен аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен ішкі туристердің санын 25%-ға, шетелдік туристердің санын 2,5 есеге, туризм саласындағы қызмет көлемін 30%-ға жеткізу күтілуде.

Бір ерекшелігі, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1780 тарихи және мәдени ескерткіші орналасқан. Оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 40 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1336 алдын ала тізімдегі нысан бар.

Облыс орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тарихи маңыздылығына орай ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген халықаралық маңызы бар бірегей сәулет туындысы.

Биыл 9 айдың қорытындысына сәйкес тарихи орындарға 733,7 мың адам келген. Атап айтқанда, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына келушілер саны 535,2 мыңды құраса, «Отырар» қорық-музейін 201,5 мың азамат тамашалаған.

Жалпы, 2024 жыл Қазақстан туризмі үшін айтулы жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде туризм саласын жаңғыртуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық экономикаға кірігуге бағытталған жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдаудың, инвестиция тарту мен халықаралық аренада ілгерілетудің арқасында еліміз экономикалық өсу мен мәдениетаралық өзара іс-қимылдың маңызды қозғаушы күшіне айналып отырған туризм саласындағы оң нәтижелер көрсетіп отыр.

Еліміздің туризм саласы тұрақты түрде дамып келеді. 2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 миллион адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 миллион адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты. Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды.

Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 миллиард теңгені құрады. Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады. Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 миллиард теңгені құрады. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 миллиард теңгені құрайтын Астана туристік ауданы бар, ол 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, толық іске қосылғанда жыл сайын 10 миллиард теңге салық аударымдарын түсіреді. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.

Екінші жоба – Маңғыстау облысындағы Каспий Ривьерасы, онда ҚР Премьер-министрінің қатысуымен туризм бойынша халықаралық ауқымды форум өтті. Жоба жағажай демалыс орны, гольф қонақ үйі, виллалар кешені, аквапарк және ойын-сауық орталығы сияқты бірнеше бастама аясында «Жылы жағажай» аумағын кешенді игеруді қамтиды. Жобаның жалпы бағалау құны 137,4 миллиард теңгені құрайды, ал жоспарланған іске асыру мерзімі – 2024–2026 жылдар. 

Елімізде туризм саласын мемлекеттік қолдау күшейтілді. Биыл мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдер көлемі 3 есеге артты. Тек 2024 жылдың өзінде 37 туристік нысан мен 6 туристер тасымалдайтын автобусқа 2,1 миллиард теңге мақұлданды.

Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылды Қытайдағы Қазақстандық туризм жылы деп жариялау Қазақстанды ілгерілету үшін маңызды қадам болды. Қытайдың ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтті.

18 қарашада Қазақстан «цифрлы» көшпенділерге арналған Neo Nomad Visa енгізді, бұл елімізді қашықтан жұмыс істейтін саяхатшылардың жаңа буыны үшін тартымды етеді. Прогресс халықаралық рейтингіде де көрініс тапты: Қазақстан 2019 жылғы 80-ші орыннан позициясын жақсартып, 119 елдің ішінде 52-ші орынға көтерілді.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Астанада өтуі халықаралық аренада маңызды оқиғаға айналды. Ойындарға 89 елден 2 700 қатысушы жиналды. «Астана – Арена» және «Қазанат» ипподромы сияқты спорт нысандарын қайта жаңарту қаланың инфрақұрылымын жақсартты. 

Сондай-ақ Қазақстан ауылдық туризмді дамытқаны үшін марапаттарға ие болды: Саты ауылы Best Tourism Village Award жүлдесін алды, ал Катонқарағай ауданының жобасы «ITB Berlin 2024» көрмесінде үшінші орын иеленді.

2024 жылдың соңына дейін жалпы құны 120,4 миллиард теңгені құрайтын 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл 1 319 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Негізгі бастамалар қатарына Түркістандағы «Medina Palace» қонақ үйінің құрылысы мен жаңа қонақ үй нысандарын қосу арқылы «Ақсу – Жабағылы» шипажайын жаңғырту кіреді.

Глэмпинг алаңдары мен қонақ үйлер құру арқылы 10 мың ауыл тұрғынын қосымша жұмыспен қамтамасыз ететін агротуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық парктер аумақтарындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қонақүйлерді жіктеу жүйесін жаңарту және жергілікті атқарушы органдар өкілеттіктерін кеңейту жоспарланып отыр.

Естеріңізде болса, биыл маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өткен-ді. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай, Бас прокурор Берік Асылов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Үкімет мүшелері, Астананың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері, ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторындағы бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.

– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент айрықша назар аударуды қажет ететін бірнеше басым бағытқа арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

– Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Бұл мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, бұл салада бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті туристер нөпірі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі аймақтарда жер телімін бөлу мәселесі заң тұрғысынан қиындағанына байланысты бизнес өкілдері тарапынан шағым түсіп жатқанын атап өтті. Ал бұл ұзақмерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

– Мысалы, туризм саласындағы 17 серпінді инвестициялық жобаның ішінде тек екеуі ғана ірі жоба екені мәлім болды. Бірақ оларға да бюджеттен қомақты қаржы құю керек. Соған қарағанда, Үкімет жобаларды өз қаржысымен жүзеге асыруға дайын инвесторлармен жеткілікті деңгейде тиімді жұмыс істей алмай отыр. Ал оларға керегі – тек инфрақұрылым жағынан қолдау. Туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет. Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының Бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн. Әлеуетті инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуға мүмкіндігі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайды. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін елеулі түйткілдің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы. 

– Еліміздегі теміржол саласы сын көтермейді. Вагондардың көбі әбден ескірген. Кейбір вагондарда, тіпті, кондиционер де жоқ. Үкімет алдағы бес жылда вагондар паркін жаңартуға тиіс. Бұл жұмысты созбай, жедел аяқтау қажет. Сондай-ақ теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс. Жаз айларында жолаушылар саны күрт артатыны белгілі. Жұрт жиі баратын жерлерге жайлы вагондары бар пойыздарды көбейту қажет. Бұл – өте жедел атқаратын міндет. Автомобиль жолдарының сапасы да нашар. Әсіресе, шалғайда орналасқан демалыс аймақтарына көлікпен жету оңай емес.  Тіпті, өте қиын. Тас жол жоқ деуге болады. «Астана – Алматы» бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұл – Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын байланыстырып тұрған күре жол. Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы демалыс орындарымен логистикалық байланыстың нашарлығы ішкі туризмге ғана емес, шетелдік қонақтардың да келуіне әсер ететінін айтты.

– Шетелдік туристердің 90 пайызына жуығы көршілес ТМД елдеріне тиесілі. Алыс шетелден келетін туристер әзірге аз. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, саяхатшылардың 70 пайыздан астамы ұшақпен 4 сағат айналасында жететін демалыс орындарына барғанды жөн көреді. Демек Қытай, Үндістан, Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін Қазақстан өте тартымды болуы мүмкін. Бұл ретте шетелдік туристердің ұлттық менталитетімен, олардың мүддесімен және сұраныстарымен санасып, өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайды. Ол үшін жоғары білікті мамандар керек және сапалы жұмыс істеу қажет.  Алдағы бес жылда елімізге келетін туристер санын екі есе, тіпті үш есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Әуе тасымалы саласын дамыту қажет. Ең алдымен, танымал әуе бағыттарындағы лоукостерлердің санын көбейту керек. Қазір Қазақстанның жолаушылар тасымалы құрылымындағы лоукостерлердің үлесі – небәрі 21 пайыз. Салыстырмалы түрде айтқанда, Грузия мен Әзербайжанда бұл көрсеткіш 56 және 37 пайызды құрайды. Сонымен қатар бизнес әуе тасымалы нарығында ұдайы өзгерістерге тап болып отыр. Тіпті оған бейімделіп үлгермейді. «Атамекен» палатасының мәліметі бойынша биыл Алакөл бағытындағы әуе рейстері субсидиясыз қалды. Бұл туралы туристік операторлар маусым басталар алдында ғана білді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жарияланғанын еске салып, көрші елден туристерді көбірек тарту үшін мәдени әлеуетімізді пайдалану, шекара маңындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беру маңызды екеніне назар аударды. Бұл ретте Үкіметке шекаралас аймақтардың әкімдерімен бірлесіп, елді мекендерді туристер қабылдауға дайындау, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтау, сондай-ақ Қазақстанға келген шетелдік туристердің қауіпсіздігін ұдайы бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берілді.

Президент туристік аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісінде де түйткілдер көп екеніне тоқталды. 

– Туристік базаларда энергия қуатының өзі жетіспейді. Сол себепті демалушылар көбіне жарықсыз қалады. Соның салдарынан адамдарға қатер төнеді. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар, тұрмыстық техника жарамсыз болып қалады. Кәсіпкерлер құралдардың істен шығуына және азық-түліктің бұзылуына байланысты зор шығынға батады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, курорт аймақтарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісіне тексеру жүргізуге тиіс. Туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен, соның ішінде электр энергиясымен, кәріз жүйесімен, тазарту құрылғыларымен, ауызсумен және кіреберіс жолдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бюджеттік бағдарлама қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын сынға алып, мұндай тәсіл тиімсіз екенін, мемлекеттің шектеулі ресурсын зая кетіретінін мәлімдеді. Президенттің пікірінше, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтірген жөн.

– Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, «Жылы жағажай» аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы тұмса табиғат, тарихи және мәдени ескерткіштер біздің бірегей байлығымыз екенін атап өтті.

– Бурабай Астанадан алыс емес. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бұл жерге жиі барады. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Жергілікті билік маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын созбалаңға салып отыр. Мысалы, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл – көзделген қаржының небәрі 28 пайызы. Он жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Үкімет пен жергілікті әкімдікке «Бурабай» курортының аумағында орналасқан «Ақбура», Жөкей көлі, Қатаркөл, Текекөл және басқа да жаңа туристік аймақтарды дамыту, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосу, Президент Іс басқармасы әзірлеп жатқан «Burabay Travel» бірыңғай цифрлық платформасында маңайдағы туристік аймақтарды түгел қамту міндеттері жүктелді.

Мемлекет басшысы Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдану қажет деп санайды. 

– Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен таратқанымыз жөн. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек. Биыл елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дода төл дәстүріміздің, мәдениетіміз бен спортымыздың үйлесім тапқанын көрсетеді. Бірақ әлемдік медиа-кеңістікте бұл туралы ақпараттар өте аз деуге болады. Мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды. Шетелден туристер тарту үшін елімізді барынша таныту керек. Халықаралық ірі медиа-компаниялармен тығыз жұмыс істеу қажет. Сыртқы істер министрлігіне осы шаруаны пысықтауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, экология мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, туризмді дамытамыз деп, табиғатқа зиян келтіруге болмайды.

– Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Бірақ өткір мәселелер де аз емес. Өкінішке қарай, өзен-көлдің жағасын, орман ішін қоқысқа толтыратындар әлі де азаймай тұр. Тазалықты сақтау үшін арнайы экологиялық шаралар өткізуге мәжбүрміз. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатқанын білесіздер. Бұл жұмыстың тиімді болуы, ең алдымен, жұрттың сана-сезіміне байланысты. Әрине, азаматтардың экологиялық сауатын көтеру де маңызды. Осыған орай Мәдениет, Экология, Оқу-ағарту министрліктері нақты шараларды қолға алуға тиіс. Бұл бағытта ағартушылық жұмыстармен ғана шектелуге болмайды. Кез келген азамат табиғатта емін-еркін демалуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Турист қай жерге тұрақтап, қай жерде от жағуға рұқсат етілгенін білуі керек. Сондықтан демалыс орындарында осындай лайықты инфрақұрылым болуы қажет. Бұл мәселемен әкімдіктер айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салыстыру үшін айтайық, ҚР Туризм және спорт министрлігі таратқан деректерге сенсек, Қазақстандағы ішкі туризм 2024 жылдың бірінші тоқсанында жақсы нәтиже көрсетті. Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 1 миллион 493 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 145 мың адамға көбейді.

Алматы, Астана және Шымкент қалалары жалпы ішкі туристер үлесінің 46%-ын тарта отырып, ішкі туристік бағыттар арасында көшбасшы атанды. Сондай-ақ, өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда Қазақстанның 14 өңірінде туристер санының өскені байқалды. Әсіресе, 187%-ға өсім көрсеткен Батыс Қазақстан облысы ерекше көзге түсіп отыр.

«2024 жылдың бірінші тоқсанында ішкі туризм көрсеткіштерінің айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Бұл – туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы мақсатты жұмысымыздың нәтижесі. Біз Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін одан да тартымды етуге тырысамыз. Сондай-ақ ішкі саяхаттар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, осы секторды серпінді дамытуды жалғастырамыз», – дейді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Ал, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5 миллион 973 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға артқан. 2023 жылы осы көрсеткіш 5,4 миллион адамды құрады.

Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы ішкі туризм бағыттары арасында көш бастап тұр. Бұл аймақтар туристерді ерекше табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және алуан түрлі туристік мүмкіндіктерімен тартып келеді.

«Ішкі туристер санының артуы қазақстандықтардың ел бойынша жиі саяхаттайтынын көрсетеді. Яғни, өз елін танып-білуге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз», деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Өз кезегінде Қазақстанда туроператорлар саны 210-ға артқаны да қуантады. Мемлекеттік электронды тізілімнің деректері бойынша, Қазақстанда туроператор қызметін жүзеге асыруға 590 лицензия берілген. Бұл 2023 жылмен (380 лицензия) салыстырғанда 210 лицензияға көп.

Лицензиялар мынадай бағыттар бойынша берілген:

  • 44 лицензия — шығу туризмі;
    • 43 лицензия — ішкі, келу және шығу туризмі;
    • 503 лицензия — ішкі және келу туризмі.

«Мемлекеттік тізілімді жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп, туроператорлар өз қызметтерін заң талаптарына тез арада сәйкестендірді. Біз үшін қызмет көрсету сапасы басты назарда. Лицензия иелері үшін заң аясында жұмыс істеу маңызды», – дейді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы туризм саласын дамыту бағытында Жол картасы әзірленді. Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin