Түркістан облысы: Төлеби ауданында «Тұғыры биік – Қазақстан» атты әскери-патриоттық форум ұйымдастырылды

Төлеби ауданында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Тұғыры биік –Қазақстан» атты әскери-патриоттық форум өтті. Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа ала отырып қызмет ету маңыздылығын, өскелең ұрпақтың бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту жөніндегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымдарын айтып өтті.

Сондай-ақ Қазақстан жерін қорғауда ерлігімен есімдері тарих беттеріне жазылған тұлғалар өмірі жайында әңгімеледі. Жастардың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеу бағытында еңбек етіп жүрген азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын, ұстаздарға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті.

Форум барысында генерал-майор Ақжігіт Исабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Ахтаев, білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев сөз алды. Жиында патриоттық әндер шырқалып, Төлеби аудандық Шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл тобының сарбаздары қоян-қолтық күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Тәрбие демекші, таяуда Сайрам ауданында «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында «Әкелер мектебінің кеңесі» ұйымдастырылды. Аталған шара аудандық Ардагерлер кеңесінің жанындағы «Әкелер мектебінің» төрағасы Сейдуалы Темірбаевтың бастамасымен өтті.

Тағылымды жиында мәні бөлек, мазмұны ерек мәселелер көтерілді. Ортаға орамды ойлар тасталды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының мүшелері, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан, Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев сөз сөйлеп, жас ұрпақты түзу жолдан тайдырмай тәрбиелеу барлық жиынға қатысушылардың парызы мен міндеті екенін жеткізді. Сонымен қатар өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ата-аналар, ардагерлер, әкелер, әжелердің рөлдері туралы тілге тиек етіліп, нақты кеңестер берілді.

Аталған іс-шараға Сайрам ауданының барлық білім беретін жалпы орта мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, бала тәрбиесіне жауапты педагогтар, ата-аналар комитетінің төрағалары және де Сайрам ауданының әкелер, әжелер ұйымдарының алқалары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алдағы уақытта ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде осындай кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ал осы айдың басында Түркістан облысында азаматтарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мәселелері қаралған мәжіліс өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың қатысуымен өткен жиында әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарының барысы, жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмысының тиімділігі және алдағы жоспарлар талқыланды. Мәжіліске бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша олыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қ. Кулумбаев, Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің орынбасарлары Б.Ахметов, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Е.Бектаев, аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Облыс әкімінің орынбасары жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, өңірде әскерге шақыру науқаны бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керектігін жеткізді.

– Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Сондықтан жастарға Отан алдындағы парызды түсіндіріп, жігерлендірген жөн. Аудан, қала әкімдері мен жауапты басшылар патриоттық бағыттағы идеологиялық жұмыстарды жандандыру, әскерге аттану науқанын сапалы жүзеге асырып, жауапкершілікпен қараулары тиіс. Жұмысты бірлесе жандандырыңыздар. Осыған байланысты өз тараптарыңыздан ұсыныс беріңіздер, – деген облыс әкімінің орынбасары жастарға әскери борышын өтегендер үшін жоғары оқу орнына түсудегі және өзге де жеңілдіктер туралы түсіндіру керектігін айтты.

Басқосуда ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Жиынды қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары шақыру науқанын сапалы ұйымдастырып, жастарды отаршылдыққа баулитын іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары 2024 жылғы 6 қарашадағы жалпы отырыста әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған-ды. Парламент депутаттары азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің тұтас жүйесін құру және осы жұмысқа барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тарту мақсатында бастамашылық жасады.

«Заң жобасымен «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңын «әскери-патриоттық тәрбие», «әскери-патриоттық тәрбие жүйесі» терминдерінің анықтамасын бекітетін жаңа 14-1-баппен толықтыру ұсынылады. Бұдан басқа, осы нормада барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-қимылдарын үйлестіру және келісу мақсатында республикалық деңгейде, сондай – ақ жергілікті атқарушы органдар жанынан әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестіру кеңестерін құру көзделеді», — делінген жоба қорытындысында.

Әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестірілген және келісілген жұмысты іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңында көзделген орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларына тиісті толықтырулар енгізілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиені қосымша білім берудің бағдарламаларына енгізу көзделеді.

Бұдан басқа, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына мәдениет саласындағы уәкілетті органның жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жүзеге асыру бөлігінде толықтыру енгізіледі.

Сонымен қатар Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалық етуімен әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі жөнінде жиын өтті. Басқосуға Қорғаныс, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің басшылығы, Бас прокуратура, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері мен Парламент депутаттары қатысты. Жиында Мемлекет басшысының әскери-патриоттық тәрбие саласындағы бастамаларын тиімді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Ерлан Қарин мемлекеттік органдар ішкі саясат бағытындағы жұмыстары аясында әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жекелеген іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алғанына назар аударды. Атап айтқанда, мектептерде тәрбие жұмысының жаңа бағдарламасы жүзеге асырыла бастады, Парламент депутаттары тиісті заң жобасын қарастырып жатыр, Қорғаныс министрлігі Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі.

Мемлекеттік кеңесші атқарылып жатқан жұмысты жүйелеу және бір жерден үйлестіру қажет екенін айтты. Бұл ретте Ерлан Қарин, ең алдымен, тұжырымдамалық негіздемені айқындау, құқықтық базаны қалыптастыру және барлық мемлекеттік органдар мен институттардың бірыңғай іс-қимыл жоспарын әзірлеу міндеттерін айқындады.

Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, әскери-патриоттық тәрбие саласындағы жұмыс тәсілдерін жетілдіру үшін мұндай басқосулар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.

Реті келгенде атап өтерлік жайт, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасына сәйкес, полиция мамандығының оң имиджін қалыптастыру мақсатында аудандардағы жалпы білім беретін мекемелерде «Полиция сыныптары» ашылуда. Осы ретте Төлеби ауданындағы П.Тәжібаева атындағы №3 жалпы орта мектебінде Төлеби аудандық полиция бөлімінің «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.

Сыныпқа полицияда 25 жылғы жуық қызмет еткен, қаза тапқан полицей Бахтыбай Бейсембаевтың есімі берілді.

Салтанатты жиынға Түркістан облысы Полиция департаментінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полковник Мақсат Асқаров, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полковник Бауыржан Зиятаев, мектеп ұжымы, ішкі істер оргектарндары ардагерлері қатысып, өскелең ұрпаққа полиция мамандығының қоғамда алатын рөлі жайлы айта келіп, марқұм болған Бахтыбай Абдукаримулы туралы жылы естеліктерін айтты.

Жастарға патриоттық тәрбие беріп, олардың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін, құрметін арттыруға арналған «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуына арналған іс-шарада 8-сынып, 11 оқушылары ант беріп «Жас сақшы» қатарына қосылды.

«Жас сақшы» қатарына қосылған оқушыларға полицейдің нысанды киім үлгісі тігіліп, берілді. Ал сынып бөлмесі ел игілігі жолында еңбек еткен полицейге арналған арнайы бұрышпен жабдықталды.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша 12-полиция сыныбы Төлеби ауданында ашылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin