![](https://anyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/таза.jpg)
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл жұмыстар күшейтіле түспек. Нақтырақ айтсақ, облыс аумағында күнделікті өткізілетін 7 263 сенбілік іс-шарасы бекітілді. Жоспарға сәйкес әр күні 40-қа жуық елді мекенде сенбіліктер өтіп, аптасына 200-ге жуық елді мекен толық тазалық жұмыстарымен қамтылмақ. Сонымен қатар іс-шаралар 9 ауқымды тақырыпқа бөлініп өткізіледі. Облыс көлемінде «Үлгілі ауыл», «Жомарт түлек» байқаулары өткізіліп, үздік елді мекендер анықталады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрғағалығымен өткен жиында бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар сараланды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, басымдық аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыруға, нысандардың қасбеттерін, жарықшамдар мен субұрқақтарды күтіп-ұстауға, жол белгілерін ретке келтіруге, жолдарды жөндеу жұмыстарына берілмек. Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, діни нысандардың тазалығы назарда болады. Бұл жұмыстарға тұрғындармен қатар, кәсіпкерлер де жұмылдырылады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, бағдарлама аясында 210 мыңнан астам кәсіпкерлік нысанның, соның ішінде 4 мыңға жуық орта кәсіпорынның аумақтарын ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында табиғатты қорғау және экологияны жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып, ел аумағында жасыл белдеу құруды тапсырған болатын. Осы ретте, республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1 млн. ағаш отырғызу бастамасы қолға алынуда. Ағаштар кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар 691 шақырым жол бойына орналастырылады. Ағаштардың күтімін қамтамасыз ету үшін ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, тамшылатып суару жүйесі мен арнайы қоршаулар орнатылады. Жобаға облыс аумағындағы «Қазатомөнеркәсіп», ҚТЖ, «KEGOC», «Инкай» және өзге де ірі кәсіпорындарды тарту көзделуде. Оған қоса осы жылы елді мекендерді көгалдандыру бойынша 1,2 миллионнан аса ағаш отырғызу межеленген.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметін жүйелендіру, қоқысты алып кету жиілігі мен қызмет көрсету сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.
– Елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы мерзімінде және сапалы орындалуы тиіс. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы енді «Таза Қазақстан» бағдарламасын орындау арқылы да бағаланады. Кейбір аудан, қалаларда жүргізіліп жатқан абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары тиісті деңгейде емес. Тазалық жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың жарғыларына тиісті өзгерістер енгізбеген әкімдіктер де бар. Біз тиісті жұмыстар жүргізу арқылы тұрғындардың қоршаған ортаға, тазалыққа деген сана-сезімін көтеріп, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрғындардың, жастардың тазалыққа деген жауапкершілігін арттыруымыз қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы облыс аумағындағы «Қазпочта» «Қазақтелеком», банктер және осы секілді халыққа қызмет көрсететін мекемелер «Таза Қазақстан» бағдарламасын орындаудан тыс қалмай, өздеріне тиесілі ғимараттар мен ауларын таза ұстауға міндетті екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының әкімдігі жергілікті атқарушы органның жанынан мемлекеттік коммуналдық мекеме құру арқылы санитарлық тазалық жұмыстарын аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде жүргізу жұмыстарын қолға алуда. Бағдарлама аясында санитарлық жұмыстар мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге 407 арнайы техника сатып алу жұмыстары басталды. Аудан, қалалар мен басқармалардың іс-шара жоспары бекітіліп, әкімдердің рейтингісі жасалады.
Айта кетейік, өткен жылы 1440 сенбілік өткізіліп, бұл жұмыстарға 300 мыңнан астам адам мен 1,5 мыңнан астам техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 3,4 мың тонна қоқыс шығарылып, 1,1 миллион ағаш отырғызылды. Одан бөлек, 120 көппәтерлі тұрғын үйлердің келбеті ретке келтіріліп, 83 арнайы техника сатып алынды. Аудан, қала әкімдіктерінің Полиция департаментімен бірге қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарған жұмыстардың нәтижесінде заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 702 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 318,5 млн. теңге айыппұл салынды. Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 2880 қоқыс үйіндісі анықталып, қысқа мерзімде тазалау жұмыстары жүргізілді. «Ғарыш сапары» космомониторинг арқылы 367 жерде заңсыз қоқыс орындары анықталып, қоқыстан тазартылды.
Бүгінгі таңда «TazaQazBot» платформасына мыңға жуық өтінім түскен. Оның ішінде, 988 өтінім орындалған болса, қалғандары орындалу барысында. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аталған жүйенің Түркістан облысында іс жүзінде қолданылуы республика көлемінде алғашқы орында қалыптасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.