Түркістан облысы: Отырар ауданында жасөспірімдер арасында «Адамзаттың ұлы ұстазы» атты облыстық Фараби оқулары байқауы ұйымдастырылды

Биыл еліміз үшін елеулі жыл. Олай дейтініміз, ұлы ойшыл, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, киелі Отырар өңірінен шыққан жерлесіміз Әбу Нәсір әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл. Осыған орай Отырар ауданының 90 жылдығы аясында Ұлы ғұламаның өмір жолы мен шығармашылығын дәріптеу мақсатында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында «Адамзаттың ұлы ұстазы» тақырыбында облыстық Фараби оқулары байқауы болып өтті.

«Даналықтың дәнін сепкен данышпан» атты кітап көрмесін таныстырудан бастау алған бұл байқауда «Әбу Нәсір әл-Фарабидің топырағын туған жерге әкелу» бейнефильмі көрсетілді. Сондай-ақ, байқау шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен өлкетанушы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Бекжан Бейсенбай алғы сөзбен ашып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіре келе, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Байқауға Түркістан облысының әр ауданынан 11 үміткер қатысып, байқау шартына орай ІІІ кезең бойынша сынға түсті.

І – кезең: Әбу Нәсыр әл-Фарабидің 5 трактатын жатқа біліп, біреуін оқу;

ІІ – кезең: Әбу Нәсір әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беру;

ІІІ – кезең: Әбу Нәсір әл-Фарабидің бір еңбегіне тоқталу, зерделеп, талдап, мазмұнын жеткізу.

Байқауға өлкетанушы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Бейсенбай Бекжан және Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің директоры Алмас Жұмашов сарапшылық жасады.

Үміткерлердің білімдері сараланып, нәтижесінде жетісайлық үміткер Адина Ибадулла 3-ші орын, отырарлық үміткер Балжан Егембердиева 2-ші орын, Кентау қаласынан қатысқан Әмина Бақтияр 1-ші орын иеленіп, түркістандық Исматулла Ерболұлы Бас жүлдені қанжығасына байлады. Басқа да қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен, алғыс хаттармен марапатталды.

Әбу Нәсір әл-Фараби: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», − деген екен. Міне, болашағымыз жарқын болуы үшін сол елді ертеңгі күні басқаратын, бастайтын жастарымыз білімді, сауатты, мәдениетті, яғни көзі ашық, көкірегі ояу болуы қажет. Солай болады деп сенеміз.

Еске салайық, Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар ауданының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні — Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел — оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.

Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана бар еді. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Бағдадта әл-Фараби ғылым мен әртүрлі пәндерді оқиды. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен, көркем сөз деректерімен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.

Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады. Оның атақты “Музыка туралы үлкен трактат” деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды.

Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Кемеңгерлік меруерті”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мәселелердің түп мазмұны”, “Ғалымдардың шығуы”, “Бақытқа жету”, “Азаматтық саясат”, “Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.

Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You