
Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше жобаның тұсауы кесілді. Саябақ аумағына 100 мыңға жуық батырлардың есімдері енгізілген 3 интерактивті LED экран орнатылды. Бұл бастама елі үшін ерлік көрсеткен ардагерлердің есімін ұлықтап, олардың ұрпақ санасындағы орнын айқындай түсуге бағытталған.
Қала тұрғындары мен қонақтары интерактивті экрандар арқылы өз ата-бабаларының есімдерін іздеп, олардың майдандағы ерліктері, өмірбаяны мен тарихи деректерімен таныса алады. Бұл — тарихты ұрпаққа жеткізудің заманауи әрі қолжетімді жолы.
Жоба Ұлы Отан соғысына қатысқан ерлердің рухына тағзым етумен қатар, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды мәдени бастама болып отыр.
Биыл Түркістан қаласындағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты іс-шарасы да осы «Жеңіс» саябағында өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік іс-шара әскери оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталды.
Аймақ басшысы салтанатты жиынға жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Сіздерді 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ халқы ерекше ерлігімен көзге түсті. Елде қалған жерлестеріміз тылда аянбай еңбек етті. Жеңіс күні – батырларды еске алып, ерлігін ұлықтайтын күн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты» деген болатын. Сондықтан, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, ерліктерін келешек ұрпаққа үлгі ету – баршамызға ортақ міндет. Биыл Кеңес одағының батырлары – Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл, ал Әлия Молдағұлованың туғанына –100 жыл толып отыр. Қос қаһарманның ерлікке толы өмірі – ұрпақ үшін өнеге! Біз ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпаймыз және мәңгі есте сақтаймыз! Елімізде әрқашан бейбітшілік заман, ұрпағымыз аман болсын! Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімі.
Орайы келгенде айта өтейік, Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Әжесінің тәрбиесінде болып, кейін көрші ауылдағы әкесі Момыштың тамыры Иванның үйінде жатып оқып, орысша тіл сындырады. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.
1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сығындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша, ақша алатындығын және сол, ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.
1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.
1932-1934 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарына қызмет етеді. 1933 жылы полк мектебін бітіреді.
Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М. Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты үздік бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына, аға консультант ретінде тағайындайды.
1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.
1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.
1941 жылы ІІ-ші дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан даңқты генерал-майор И. В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды, батальон, лейтенант шенінде жүріп-ақ полк командирі қызметтерін атқарды.
1942 жылдың 6 маусымында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
1944 жылы денсаулығына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.
1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы лекцияның стенограммасы кейінірек «Соғыс психология» деген атпен кітап болып басылды. Алғашында тек орыс тілінде жарық көрген бұл еңбек, 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қазақ тілінде де жарық көрді. Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты.
1941 жылдың 16–18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.
Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен ерекше көзге түседі. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А. Бек «Волокаламское шоссе» повесін жазды. Бұл повесть — бүгінде Израиль, Никарагуа, Куба елдерінің әскерилері оқуы тиіс оқулықтардың бірі. Соғыстан кейін ол Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында сабақ береді.
1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмысымен айналысады.
1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салады. «Кеңсай» зиратына қойылды. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталған. 1990 жылы қайтыс болған соң, Кеңес Одағының батыры атағын алады. Медаль нөмірі — 11637. Алайда бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
Бауыржан Момышұлы сондай-ақ көрнекті жазушы, шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазған. Алғашқы кітабы «Офицер күнделігі» деген атпен жарық көрді. Одан кейін «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва түбіндегі шайқас», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Куба әскерлері», «Адам қайраты» тағы басқада әңгімелері мен повестер жинақтары шықты. Бауыржан әңгіме, повестермен қатар өлең толғаулар да жазған.
Ал Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ол 7 жасында анасынан айырылып, нағашы ағасы Әубәкірдің шаңырағында тәрбиеленеді. 1935 жылы ағасы Әскери-көлік академиясына оқуға түсіп, кішкентай Әлияны отбасымен бірге алып кетеді. Ағасымен бірге кішкентай Әлия еліміздің бірнеше қалаларында болып, 14 жасынан Ленинградтың Охта ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
1941 жылдың қыркүйегінде Ленинград қоршауда қалады. Әлия өзімен қатарлас оқушылармен бірге Невадағы қала төңірегіндегі қорғаныс бекіністерін салуға қатысады. Ол аянбай жұмыс істеп қана қоймай, басқаларды қолдап, жігерлендіреді. Қайсар мінезі үшін 1941 жылдың қарашасында Әлия Молдағұлова сол кезеңдегі жетекші жастар ұйымы — комсомол қатарына қабылданады.
1942 жылғы наурыз айында балалар үйі Ярославь облысына көшіріліп, Әлия мектепті сонда бітіреді. Ол сол жылы Рыбинск авиациялық техникумына қабылданып, онда 3 ай оқиды. Әлия оқып жүргенде майданға бірнеше рет сұранады, бірақ өтініші қабылданбайды. 25 қазанда Әлия 17 жасқа толып, тура бір айдан кейін «майданға аттануына байланысты» деген негіздемемен техникумнан шығарылады. Осы сәттен бастап Әлия Молдағұлованың қысқа болса да жарқын, қаһармандық жолы басталады.
Әлия Мәскеу түбіндегі Вешняки ауылында орналасқан мергендерді даярлайтын орталық мектептің алғашқы жасақталған тобына алынады. 1943 жылдың шілдесінде 22-ші армияның 54-ші арнайы атқыштар бригадасында мерген болып, әскери қызметін бастайды. Әскери мұрағатта оның майдандастарының естелігі сақталған. Я.К. Прокопенкова «біздің бригадаға мерген Әлия Молдағұлова келді. Қазақстаннан келген талдырмаш денелі және өте сүйкімді қыз. Ол бар-жоғы 18 жаста еді, бірақ қазан айына дейін оның есебінде 32 өлі фашист болды», — деп еске алады. Н.А.Матвеева «Лия екеумізді төртінші батальонның бір взводына орналастырды. Біз, мергендер, тапсырмаға жұппен баратынбыз, бізде алдын-ала дайындалған позициялар болатын. Сонда немістерді қарауылға түсіргенше отыратынбыз. Жаудың оғы мен миналары төніп жататын. Лия осындай сәттерде ержүректілік танытатын. Ол фашистерді қырып қана қоймай, ұрыс алаңынан жараланғандарды сүйреп әкеліп алғашқы медициналық көмек көрсетіп жататын», — деп еске алады.
1944 жылдың қаңтар айының басында Ленинград-Новгородтық операция кезінде 54-ші атқыштар бригадасы майданды бойлай Новосокольники қаласына (Псковск облысы) қарай маршпен алға шығады. Онда олар жаудың қорғанысын бұзып, қаладан солтүстікке қарай алға жылжиды. Мерген Әлия Молдағұлова қызмет еткен 4-ші батальонның саяси жетекшісі Г.В. Варшавскийдің естелігі бойынша, бригаданың бөліктері Насва бекетіндегі темір жолға шыққанда жау оғының астында қалады. Түнде шабуылға арналған негізгі шекараларға орналасып, кеңес жауынгерлері 1944 жылғы 14 қаңтардың таңында шабуыл жасайды. Әрекеттерін мергендер көлегейлеп жүрген батальонға Насва бекетінің ауданындағы Новосокольники-Дно темір жолын кесіп өтіп, Казачиха ауылына басып кіру тапсырылған. Қорғаныстың алдыңғы шебі сәтті бұзылғанымен, кеңестік шабуылшылар неміс әскерінің жауапты атысына төтеп бере алмай қалады. Осындай күрделі сәтте Әлия Молдағұлова «Жауынгерлер, алға!» деген ұранмен, алға ұмтылады. Кеңес әскерилері оның артынан шабуылға шығады. Қарсылас жау бұрынғыдай белсенді жауап қайтарып жатады. Күні бойына жалғасқан ұрыста Әлия үш рет жаудың шабуылына тойтарыс береді. Минаның жарықшақтарымен қолы жараланғанымен, ол немістердің орында қоян-қолтық ұрысады. Қазақтың батыр қызы осы жерде өмірін қиған екінші жарақатын алса да, фашист офицерін жер жастандырып үлгереді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен көз жұмған Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұловаға Кеңес одағының Батыры атағы берілді.
Жалпы, алапат майданға Оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам азамат аттанып, Отанды қорғады. Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 8 ардагері бар. Қарт майдангерлерге мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетілуде. Олардың қатарында тыл ардагерлеріне, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген 3 мыңнан астам ардагер бар. Батырлар тиісті материалдық көмек пен толық қамтылды.
Нұралхан Көшеров мерекелік жиынға қатысушылармен бірге «Даңқ» аллеясын аралап, көрмені тамашалады. Батырлар рухына құрмет көрсетіп, «Мәңгілік алау» алдында гүл шоқтарын қойды.
Биыл елімізде цифрлық «Batyrlarga tagzym» интерактивті платформасы іске қосылды. Платформада батырлардың есімдерімен қатар архивтік фотосуреттер мен құжаттар цифрлық форматта ұсынылған. Платформаны қолдану үшін «Жеңіс» саябағында үш интерактивті LED экран орнатылды. Мерекелік іс-шараға қатысушылар өз ата-бабаларының есімін іздеп, олардың ерліктері мен тарихи деректерімен, өмірбаянымен танысуға мүмкіндік алды.
Салтанатты іс-шара қала тұрғындарына арналған мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт шымылдығы театр актерлері және «Шаттық» би ансамблінің «Сағынышты сарп еткен Ұлы Жеңіс» театрландырылған хореографиялық қойылымымен түрілді.
Аймақ басшысы бірқатар азаматқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Республикаға һәм облысқа танымал әншілер мен өзге де өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерт соңында әншілер «Жеңіс күні» әнін шырқады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.