2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе алған шаһар: Заңсыз құрылысқа қарсы бақылау күшейтілді

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы заңсыз құрылыс мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиын барысында қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов заңсыз құрылыс нысандарына қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, нақты деректер мен құқықтық негіздерді ұсынды.

Жыл басынан бері қала аумағында 71 нысанның құрылыс талаптарын бұза отырып салынғаны анықталған. Сондай-ақ, нысандардың бір бөлігі рұқсат етілмеген күйде пайдалануға берілген.

Анықталған заң бұзушылықтардың нәтижесінде 21 нысанға әкімшілік айыппұл салынса, 3 нысан бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 24 нысанға қатысты іс қаралу сатысында, ал 23 нысан бойынша заң аясында шара қолдану мүмкін болмаған.

Сонымен қатар, Тәуке хан даңғылы бойындағы бірнеше нысанға қатысты сот шешімдерінің орындалмауы өзекті мәселе ретінде көтерілді. Жаңа қала аумағындағы №11 көше бойында орналасқан «Верано» мейрамханасының да рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқаны анықталды. Сондай-ақ, қала аумағында 7 жекеменшік мектептің құрылысы заңсыз салынып жатқаны тіркелген.

Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс саласындағы тәртіпті қатаң бақылауға алып, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, заңсыз құрылысқа жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Құрылыс дегеннен шығады, бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы бірнеше нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын аралады. Алдымен Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, сала мамандарымен кездесті. Сонымен қатар, Кеңбайтақ көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстырының барысын қадағалап, «Парасат» саябағында және тұрғындардың сұранысымен салынып жатқан Хақназар хан көшесіндегі футбол алаңшасында болды.

Заң демекші, сонымен қатар бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар бойынша жиын да өтті. Жиынға Түркістан қаласының прокуроры Каукен Бахытбайұлы, қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы, прокуратура, полиция және қала әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде алаяқтық және кәмелетке толмағандарға қарсы немесе олардың қатысуымен жасалған қылмыстардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың барысы және жол-көлік оқиғаларының деңгейі және алдағы кезеңге қойылған міндеттер қаралды.

Жиын барысында Түркістан қаласының прокурор орынбасарлары Н.Оңғарбаев және О.Мұсаев тақырыптар бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелерге тоқталды.

Құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін Сауран, Отырар, Яссы және Шауғар секторларында жергілікті полиция қызметінің жұмысын күшейту қажеттігі туралы бұған дейін де нақты тапсырмалар берілген болатын. Бұл бағытта қайта жоспар құрып, учаскелік инспекторлардың жауапкершілігін арттыру қажет. Осыған байланысты барлық құзырлы мекемелерге қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тиімді және жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 9,3%-ға азайған. Бұл бағыттарда да алдын алу шараларын жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімімен бірлесіп, жұмысты жандандыруды тапсырды.

Орайы келгенде айта өтейік, бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында азаматтардың әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылым, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыруға қатысты өтініштері тыңдалды. Қабылдауға Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев, қала әкімінің орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары қатысты.

Әзімбек Пазылбекұлы көтерілген мәселелердің шешілуі үшін оларды тиісті сала мамандарына тапсырып, толық зерттеу және қажетті шаралар қабылдау мақсатында жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, жеке қабылдау әр айдың үшінші сәрсенбісінде бекітілген кестеге сәйкес әкімдікте өтеді. Ал жазылу үшін «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына (Фронт офиске) келіп тіркелуге болады.

Еске салайық, өткен аптада Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы 6 секторда тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініш-шағымдарын тыңдаған болатын. Кездесулер барысында жалпы саны 179 мәселе көтеріліп, жеке қабылдауда 73 арыз-өтініш тіркелді.

Маусымның 10-ында қала басшысы көтерілген мәселелердің орындалу барысымен арнайы танысып, бірқатар 420мен қала инфрақұрылым нысандарын аралап шықты. Атап айтқанда, Жаңа қаланың 11-көшесі №17/2, 9-көшедегі №28/1, №38/2, №38/3, №40/4 тұрғын үй кешендеріне қала әкімі арнайы барды. Құрылыс сапасына қатысты тұрғындар тарапынан айтылған ескертулер бойынша мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде кейбір үйдің жертөлесіне су кіруін тоқтатып, ішіндегі қоқыстарды шығару, ойын алаңшаларында анықталған ақаулар жөнделіп, Есімхан көшесі жағындағы арықша үстінен көпір орнату тапсырды.

Сондай-ақ, 9-көшедегі №28 мектеп-лицей ауласы да жабайы шөптерден тазартылып, үйлердің қасбеттерін жөндеу, аулалардағы көгалдарды қалпына келтіру, құлаған мраморлар мен брусчаткаларды ауыстыру, жарықшамдарды ретке келтіру, сондай-ақ өртке қарсы дыбыстық дабыл қаққыштарды орнату жұмыстары осы аптада басталатын болады.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әрбір көтерілген мәселенің шешілу барысы тұрақты бақылауда болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You