Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтымақ

Түркістан облысында Үкіметтің инвестициялық жобалардың тізімін жасақтау жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімінің қадағалауымен елге кіріп жатқан импорт тауарларына талдау жүргізіліп, импортты азайтып, экспортты ұлғайту жұмыстары жандана түсті.

Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығында терең өңдеуге басымдық беріп, отандық нарықты қамту керектігін айтты.

– Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Барлық саланы терең зерделеп, мүмкіндігімізге сай келетін бағыттар бойынша жобалар мен жоспарлар әзірлеңіздер. Дамытатын салаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар қажет. Импортты азайтып, отандық нарықты қамтып қана қоймай, кейбір салалар бойынша экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Жұмысты жандандыру керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, импортты алмастыратын 6 сала, 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Аталған салаларда импортты алмастыратын 65 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 28 инвестициялық жоба 2025 жылы, 26 инвестициялық жоба 2026 жылы және 11 инвестициялық жоба 2027 жылы іске асады деп жоспарланған. Инвестициялық жобалардың жалпы құны – 707 миллиард теңге. Жоба саны мен қаржы көлемі ұлғаяды.

Жобалардың бірқатар ірілеріне тоқталсақ, Түркістан облысының өндіріс орындары алдағы уақытта алюминий профильдерімен елімізді толық қамтымақ. Сонымен бірге жиһазбен де отандық нарықты қамтып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бар. «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы толық қуатына енгенде өнеркәсіптік тоңазытқыштар құрылғылары импорты көлемін 48 пайызға төмендетсе, алдағы уақытта іске қосылатын зауыт арқылы елімізді сыртқы бейнебақылау камераларымен толық қамту көзделіп отыр. Кептірілген көкөніс шығару, жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару, жылу құбырларын шығару және өзге де салалар бойынша импортты төмендету бойынша жобалар жүзеге асады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өңірдің импортқа тәуекелділігін төмендету бағытында агроөнеркәсіптік кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі 10 бағыт айқындалған. Сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру бойынша жаңа кәсіпорындар ашылып, жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар күшейтілмек.

Айта өтейік, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеген болатын.

«Осы орайда шаруа қожалықтарға ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезектілік тәртібімен берілуде. Алдағы уақытта ағын су тапшылығын толық шешу мақсатында «Бәйдібек ата», «Боралдай» суқоймалары жобалары қолға алынды. Нәтижесінде «Бөген» суқоймасына қосымша 113 миллион текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жобаны толық аяқтауға 5,4 миллиард теңге қаржы бөлу ұсынылды. Биыл облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға орналастырылатын болады. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 140 мың гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, облыстағы 25 су қоймасын, 1 су реттегішті, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі» — дейді ол.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You