
Түркістан облысындағы білім ордаларында күрделі жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңі басталды. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында республика көлемінде 1 300 мектепті жаңғыртудан өткізу тапсырмасы берілген болатын. Осы тапсырма аясында өңір бойынша 115 мектеп реновация жобасына енгізілді. Бұл бастаманы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бақылауына алып, қайта жаңғырудан өтетін мектептердің тізімі жасақталды.
Оқу процесі аяқталысымен-ақ реновациядан өтетін мектептерде дайындық және демонтаж жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Отырар, Төлеби, Шардара, Сауран, Қазығұрт, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласындағы мектептерде сынып бөлмелерін босатып, заттарды қоймаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күрделі жөндеу жүргізілетін білім ошақтары білім басқармасы ұсынылған заманауи стандарттарға сай дизайнды қолданады.
Реновациялық жұмыстар кезең-кезеңімен 2025 жылдан бастап 2027 жылға дейін жүргізіледі. Биыл 41 мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Оның ішінде, 15 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалса, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ал келер жылы – 38 мектеп, 2027 жылы 36 білім ордасы қайта жаңғырудан өтеді.
Бұл мәселені Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы күн тәртібінен түсірген емес. Бөлім басшыларын мен мердігілерге нақты тапсырмалар жүктелген. Бастысы оқу процесіне кедергі келтірмей, өз мерзімінде сапалы түрде аяқтау керектігі тапсырылған.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мектептерді жаңғырту жобасы аясында атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Жиынға білім басқармасының жауапты мамандары, білім бөлімдері басшылары мен мердегілер мекемелердің өкілдері қатысты. Жұмыстардың сапалы және уақтылы атқаруды тапсырған әкім орынбасары жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім ошақтарын толықтай өз қадағалауында ұстайтынын алға тартты.
— Жаңғырту жұмыстары оқу сапасын арттырумен қатар, оқушылардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік береді. Бұл — ауылдағы баланың да қаладағы замандасымен тең дәрежеде білім алуына жол ашатын әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі. Осыған байланысты бюджеттің әрбір тиынын үнемдеу қажет. Нақты, қажетті жобаларға қолдау көрсетілуде. Мектептерді жаңғырту жобасын жүзеге асыру барысы басты назарда. Оқу жылы басталғанға дейін аяқтау керек деп емес, білім ордалары сапалы қайта жаңғырудан өту керек деп жұмыс жүргізіңіздер. Мердігер мекемелердің басшылары да күнделікті бақылауға алыңыздар, — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жаңғырту жұмыстарына іліккен білім ошақтарының басым бөлігі — ауылдық жерлердегі, 30-40 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектептер. Жөндеу жұмыстарына тек ғимараттар ғана емес, асханалар, кітапханалар, спорт залдар, пән кабинеттері мен сынып бөлмелері толық жабдықталып, қауіпсіздік жүйесі мен жиһаздармен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты азайтып, білім алуға тең жағдай жасауға бағытталған. Жөндеу жұмыстары білім сапасын арттыруға, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 26 мектептің 6-ның қаржысы облыстық бюджеттен қаралған. Ал 3 мектепті «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен жөндеу көзделген. Ал 2026-2027 жылдары 74 мектеп жаңғыртудан өтеді деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1089 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы оқып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік 920 мектепте 503 665 оқушы оқыса, жекеменшік 167 мектепте 51 088 оқушы білім алуда.
Еске салайық, Қазақстанда орта білім беру ұйымдарының 67%-ы (5236 мектеп) аудандық және ауылдық жерлерде орналасқан, бұл білім беру ошақтарында 1,6 миллион бала оқиды. Қалалық және ауылдық мектептер үшін бірыңғай білім беру стандарттары енгізілуде. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес таяудағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1231 мектепті реновациялау жоспарлануда, оның ішінде 820 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектептерді реновациядан өткізудің жиынтық жоспары бекітілді, облыс әкімдіктері 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік жоспарларды әзірледі. Реновациядан өткізуде мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған.
Бұл шаралар мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, инновациялық білім беру технологияларын енгізуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба үш жылда жүзеге асырылады: 2025 жылы — 262 мектеп, 2026 жылы — 436 мектеп, 2027 жылы — 466 мектеп. Қосымша 2028-2029 жылдары Жамбыл облысында 67 мектеп жаңғыртылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.