
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Тұран су» мекемесінің өндірістік-техникалық базасында болып, жұмыс барысын бақылады.
Жалпы, 2 гектар аумақта орналасқан база мекеме техникаларына қызмет көрсетіп, қажетті жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады. Қазіргі таңда «Тұран су» мекемесінің теңгерімінде 81 арнайы техника бар.
Сонымен қатар Нұрбол Тұрашбеков параболалық лоток өндірісінің құрылысын аралады. Мұнда қажетті құрылғылар орнатылған. Жұмыс аяқталуға жақын. Іске қосылғанда, аталған өндіріс орны тәулігіне 30 параболалық лоток шығаратын болады. Параболалық лоток арық-атыздарға орнатылып, ағын судың шаруаларға шығынсыз жеткізілуіне мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары нысанды табиғи газбен қамту және шикізаттарды алу бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Тұран су» мекемесі облыс бойынша 2024 жылы 122,9 шақырым каналды механикалық тазалаудан өткізсе, биыл бұл көрсеткіш 236,7 шақырымға жетіп отыр.
2024 жылы 7 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 нысаның механикалық тазалауға 9,3 миллиард теңге бөлінді. 2025 жылға 12 су нысанын күрделі жөндеуге, 1 нысанды механикалық тазалауға 5,4 миллиард теңге қарастырылып отыр.
«Тұран су» мекемесіндегі өзгерістер өз тиімділігін дәлелдеді. Кәсіпорынның теңгерімінде 18 су қоймасы, 3 су торабы, 107 канал, 3 өндірістік-техникалық базасы және 81 арнайы техникасы бар. 2024 жылы кәсіпорын арқылы облыстық бюджет есебінен 9 су нысанының 96,42 шақырымына күрделі жөндеу жоспарланған. Мекеменің ауданға берілген эксковаторларының күшімен 1197,9 шақырым канал және қашыртқы механикалық тазалаудан өткізілген. Сонымен бірге кәсіпорын меншігіндегі арнайы техникалардың күшімен облыстағы 200 метр өзен арналарын нығайту және тазалау, 100 метр су қойма бөгетін қалпына келтіру жұмыстары атқарылған. Су үнемдеу технологиясын өндіретін кәсіпорын ашылып, жұмысын бастаған.
Айтпақшы, жуырда ғана Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында өткен келелі кеңес ұйымдастырылды. Оған облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы диқандарға зиянын тигізбес үшін ағын суды пайдалануда ортақ келісім мен тәртіп маңызды. Аталмыш басқосуға жиналғандар осы мәселе төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Еңбек ардагерлері тәжірбиелерімен бөліссе, мамандар шаруаларды бар суды барынша тиімді пайдалануға шақырды.
«Бөген» су қоймасы арқылы 67,8 мың гектар жер суғарылса, «Қараспан» су торабы 79 мың гектарға су жеткізуге қабілетті. «Бөген» су қоймасының сыйымдылығы 370 миллион текше метрді құрағанымен, қазіргі таңда жиналған су мөлшері 230,5 миллион текше метрді құрайды.
Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов өз кезегінде диқандарға тілектестігін білдіріп, мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Облыс әкімінің орынбасары диқандарға егілген өнім ерекшелігін ескере отырып, кезектілік түзу, бар суды өңірлердегі шаруалармен кеңесе отырып ортақ келісіммен пайдалану қажеттігін түсіндірді.
– Кез келген бау мен бақша байбаламмен өспейді, бабымен жетіледі. Әйтсе де, ғалымдар су қорының тұрақсыздығынан зардап шекпеу үшін, суды үнемдеу керектігін тұрақты ескертіп келеді. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологиясына көшу бойынша берген тапсырмасының түпкі мәні — осы, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Кездесу соңында «Бөген» су қоймасының басында шаруалардың бастамасымен, құрбандық шалынып, ас берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.