Түркістан облысы: Келес ауданында ауыз сумен қамтылу деңгейі 88,4 пайызға жетті

Келес ауданына қарасты 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған. Бұл ауыз сумен қамтылу деңгейінің 88,4 пайызға жеткенін көрсетеді. Тағы 19 елді мекенде ауыз су жүйесі әлі толық жүргізілмеген.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағында ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты арнайы жиын өткізді. Жиында елді мекендердегі сумен жабдықтау мәселелері талқыланып, өзекті түйткілдер мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

Қазіргі уақытта аталған 19 елді мекеннің 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Олар: Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғани Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту, Ақжар елді мекендері.

Жаз мезгілінде ауыз су тұтыну көлемінің артуына байланысты Абай ауылындағы кейбір шағынаудандарда судың тапшылығы байқалды. Бұл мәселені уақытша шешу мақсатында су тасушы көліктер арқылы ауыз су тасымалдау кестесі бекітіліп, тұрғындарға жүйелі түрде жеткізіліп жатыр Сонымен қатар Абай ауылындағы 4 аумақтағы су тазартатын модульді құрылғылар жөндеуден өтіп, толықтай іске қосылды. Қазіргі таңда тұрғындар сол нүктелерден қауіпсіз әрі сапалы ауыз суды еркін пайдалана алады.

Аудан бойынша ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» жобасы әзірлену үстінде. Жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 гектар жерге 20 000 текше метрлік су қоймасын және Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде 1 гектар аумаққа 600 текше метрлік су қоймасын салу жоспарланған. Бұл – 25 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба.

Орайы келгенде атап өтерлігі, Түркістан облысында туризм саласын дамытуға басымдық берілуде. Оның ішінде Шардара ауданындағы «Nur-delux» жағажайында шомылу маусымының ашылуы өтті.

Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Арман Қарсыбаев құттықтау сөз сөйлеп, шомылу маусымының сәтті әрі қауіпсіз өтуіне тілектестік білдірді.

Мерекелік іс-шара аясында жағажай аумағында түрлі спорттық жарыстар – волейбол, футбол, арқан тарту, қошқар көтеру және гір тас көтеру бойынша бәсекелер, сондай-ақ отбасылық «Толағай» сайысы өткізілді. Сонымен қатар аудандық көркемөнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара барысында спорттық жарыстар мен отбасылық сайыстардың жеңімпаздары марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, аймаққа келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Түркістан Қазақстанның және бүкіл түркі әлемінің ең ірі туристік орталықтарының біріне айналуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристер саны 500 мыңнан асты. Ал біркүндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Сондай-ақ 2024 жылдың III тоқсанында орналастыру орындарында демалған туристер саны 235 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12%-ға өсті.

Алып-қосар тағы бір ақпарат, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр. Тексеру барысында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады.

Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Сондай-ақ жергілікті әкімдікке анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары 20 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 заң бұзушылық анықталып, 10 ұйғарым шығарылып, 13,3 миллион теңге сомасына 133 әкімшілік айыппұл салынды. 2024 жылы бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заң бұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылды. Жалпы сомасы 48,4 миллион теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды.

«10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болады. Сонымен қатар Су кодексіне сәйкес, Әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтіледі», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You