
Бүгінгі таңда Түркістан облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 198 жер қойнауын пайдаланушы бар. Оның ішінде, 74-і — келісімшарт және 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Жыл басынан бері келісімшарттық лицензиялық міндеттемелерін орындамаған 24 жер қойнауын пайдаланушының жұмысы тоқтатылды.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Сонымен қатар мәжілісте жер қойнауын пайдалану мәселелері талқыланды.
Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасовтың мәлімдеуінше, өңірде жер қойнауын пайдалану бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында 24 жер қойнауын пайдаланушының жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік дамуына арналған төлемдерді міндеттеу үшін 8 жер қойнауын пайдаланушы бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 12 жер қойнауын пайдаланушыға қайта ескертпе хат жолданды. Одан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың кен орнындардың жерлеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шара жоспарын бекіту ұсынылды.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков жауапты тұлғаларға өңірдегі кен орындарына зерделеу жұмыстарын жүргізу жөнінде іс-шара жоспарын жасауды, заңсыздықтардың алдын алу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді, мониторинг жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиында жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Бегімхан Ахметовтың Түркістан облысы аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалану туралы есебі тыңдалды. Облыс аумағында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне байланысты, негізгі құрылыс материалдарына жататын топырақ, құм және қиыршық тасқа сұраныс артып, жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері орын алуда. Жыл басынан заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 155 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар Әкімшілік кодексінің 139-бабында (Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу) көзделген жауапкершілікке тарту үшін, құзырлығына қарай Экология департаментіне жолданған. Заңсыз жер қойнауына қатысты фактілер Ордабасы ауданы, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Отырар, Сауран аудандары мен Кентау, Арыс қалалары аумағында жиі тіркелуде.
Түркістан облысы аумағы бойынша Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобымен жер қойнауын өз бетінше заңсыз қазу, пайдалану деректерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Рейдтік іс-шара барысында өз бетінше заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 21 дерегі анықталса, заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 12 дерегі анықталды.
Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылау алынып, рейдтік іс-шаралар жалғасатын болады.
Осы орайда айта өтетін маңызды ақпарат, бүгін Түркістан облысының прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум өтті.
Форумға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, құқық қорғау және бақылаушы мемлекеттік органдардың, облыстық басқармалардың 40-тан астам мекеме өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор қатысты.
Шараның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, өңірдегі бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді анықтап, уәкілетті органдармен бірлесіп шешу жолдарын табу. Форумда маңызды баяндамалар жасалып, тиісті ұсыныстар берілді. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков кәсіпкерлікті дамыту, қолдау маңызды міндет екеніне тоқталды. Өзге де спикерлер осы бағыттағы мәселелерді, атқарылған жұмыстарды мәлім етті.
Айта кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы тарапынан 2025 жылы «Инвест-Караван 2025» іс-шарасы акция шеңберінде 3 көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғанын анықтап, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күштері жойылды, 4 инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылды. Нәтижесінде биылғы жылдың 5 айында 216 жеке кәсіпкердің және 6 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша кейстер шешілді.
Ал, 2024–2025 жылдың 5 айында Кәсіпкерлік палатасына 262 өтініш түсіп, 4,7 миллиард теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Сотта 57 істің 26-сы кәсіпкер пайдасына шешілді. Кеңесте қаралған 34 мәселе бойынша 191 ұсыныстың 78%-ы орындалды. «Бизнеске жол» жобасы аясында 30 отырыста 55 мәселе талқыланып, 19-ы оң шешімін тапқан.
Форум қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер бақылауға алынып, әрбір мәселе бойынша нақты уәкілетті орган жауапты болып бекітілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.