
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық. Оның ішінде, суармалы алқап 552 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.
«Осы орайда шаруа қожалықтарына ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезектілік тәртібімен берілуде. Алдағы уақытта ағын су тапшылығын толық шешу мақсатында «Бәйдібек ата», «Боралдай» суқоймалары жобалары қолға алынды. Нәтижесінде «Бөген» суқоймасына қосымша 113 миллион текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жобаны толық аяқтауға 5,4 миллиард теңге қаржы бөлу ұсынылды. Биыл облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға орналастырылатын болады. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы облыстағы 25 суқойма, 1 су реттегіш, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі», — деді Нұрбол Тұрашбеков.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде жаңа су құрылыстарын салу бойынша жобалар белсенді іске асырылуда. Қазірдің өзінде «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ «Боралдай» жобасының жұмысы басталды. Осы жобалар аяқталғаннан кейін «Бөген» су қоймасына қосымша 113 миллион текше метр су жіберіледі деп күтілуде, бұл суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді айтарлықтай арттырады.
Сонымен қатар өңірде Ордабасы мен Сауран аудандарында қосымша су қоймалары іске қосылады, бұл тәулігіне 194 текше метрге дейін су беруге мүмкіндік береді.
«Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға, өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық егілді. Оның ішінде, суармалы алқап 552,0 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі фермерлердің сұранысына сәйкес бөлінеді. Вегетациялық маусым басталды және қалыпты деңгейде өтіп жатыр», — деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Естеріңізде болса, кеше ғана облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков лездемелік мәжіліс өткізіп, аудандарға берілген тапсырмалардың орындалуын саралаған-ды.
Басқарма басшылары жылыжай шаруашылығын дамытудың, жылыжай қарқынды бау егу жоспарының, үшжақты келісім негізінде индикаторлық көрсеткіштердің орындалу кестесін ұсынып, есебін берді. Мәліметтерді саралай келе Нұрбол Тұрашбеков өзектілік картасына енгізілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды:
– Аудандардың жолдаған мәліметтерін тексеріп, қалыптасқан шынайы жағдаймен салыстыру керек. Шұғыл жұмысшы топ құрып, талдау жүргізуді тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Ендігі кезекте жұмысшы топ құрамына енген басқарма басшылары ауыл-аймақты аралап, жағдайды жеке баяндайды. Әсіресе, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдіктерінің ағын суды шығынсыз тиімді пайдалану, мал азығын дайындау және жайылымдық жерлерді қайтару бойынша атқарған жұмыстары қатаң бақыланбақ.
Жұмысшы топтың қорытындысымен облыс әкіміне кемшілікке жол берген аудан-қала басшыларының жауапкершілігін қарау ұсынылатыны ескертілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.