Түркістан облысы: Сауран ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде «Үкаша ата» кесенесінің аумағы тазартылып, абаттандырылды

Сауран ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды жалғасып келеді. Бүгін аталмыш акцияның «Киелі мекен» айдары аясында аудан аумағындағы тарихи-рухани нысандардың бірі — «Үкаша ата» кесенесінің маңы абаттандырылып, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ауқымды шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмысына атсалысты.

– Қасиетті орындарды көркейту – бұл тек сыртқы тазалық емес, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған игі іс. Туризмді дамыту үшін инфрақұрылыммен қатар, тарихи нысандардың айналасын ретке келтіру – басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 53 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағында жүйелі тазалау жұмыстары жүріп жатыр, – деді аудан басшысы.

Жалпы көлемі 90 гектарды қамтитын «Үкаша ата» кесенесінің аумағында бейберекет өскен ағаштар мен қураған шөптер жиналды. Шамамен 100 метрге жуық бұлақ көзі ашылып, құдық маңы қоқыстардан және тасталған металл шелектерден тазарды.

Экологиялық шараға ауылдық округтерден жиналған жүзге жуық тұрғын мен мемлекеттік қызметшілер бірлесе қатысып, аумақты ретке келтіруге өз үлестерін қосты. Іс-шараның басты мақсаты – киелі жерлердің тазалығын қамтамасыз етіп, табиғат пен тарихтың тұтастығын сақтау.

Еске салайық, Үкаша ата қабірі орналасқан кесене Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана қазір көптеген туристерді қызықтырып отыр. Халық арасындағы аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы ретінде белгілі. Мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаша ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған екен. Үкаша сахаба сондай-ақ қазақ даласына ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға ретінде айтылады. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді серіктерінің қатарында болған. Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Ал кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр. 

Бірқатар деректерде Ғакаша сахабаның ешқандай да аңыз емес екені айтылған. Ол Пайғамбардың (с.а.у.) жақын серігі, қасында бірге жүрген аяулы сахабасы болғандығын көрсетеді. Пайғамбар сахабасы — Әли Мұхаммед (с.а.у.) алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған екен. Мұхаммед (с.а.у) өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады» дегенді айтады. Енді бір деректе Мүбәрак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған.

Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған.

Ал кейбір деректерде Үкаша ата бейітінің жанындағы қасиетті саналатын құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Оның тереңдігі 22-25 метрді құрайды. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Құдықтан су алу үшін шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның жолы болғыш, бақытты адам деп саналады. Осы құдықтың басына барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Сондай-ақ ел арасында жаугершілік заман мен бертін келе соғыстан кейінгі жылдары да жараланған адамдамдар осы құдықтың суына шомылып, айығып кеткені туралы айтылады.

Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. 1990 жылдары ауыл ақсақалдарының күшімен ол жер қайта жөнделіп, тәубе ететін орынға айналдырылды. 1996 жылы облыстық Мәдениет басқармасының «Әзірет Сұлтан» музейі қармағына берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You