
Созақ ауданының аумағында жыл сайынғы дәстүрге сай жүргізілетін шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінгі күнге дейін Жартытөбе ауылдық округіне қарасты «Таскөмірсай» маңындағы егістік алқабы мен Құмкент ауылдық округіне қарасты Сарысу ауданымен шекаралас аумақта залалсыздандыру шаралары жүргізілді.
Жалпы көлемі 5 200 гектар аумақ зерттеліп, оның 1 250 гектарынан италиялық саяқ шегіртке түрі анықталған. Анықталған аумақ толықтай залалсыздандырылып, қажетті санитарлық жұмыстар атқарылды.
Аталған жұмыстарға 5 штангалы бүріккіш трактор, 4 пикап көлігі, 5 арқаға тағылатын бүріккіш құрылғы (ранцевый аппарат), 2 су тасушы техника (водовоз) және 25 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда өңделген аумақтарда тазалау және бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, маусым айының 5-і күні Құмкент ауылдық округіне қарасты Ақжар жайылымдық қамысты алқабында шегірткенің азиялық түрі анықталды. Мамандардың айтуынша, шегірткенің бұл түрі тек қамыспен қоректенеді.
Дер кезінде жүргізілген шаралардың нәтижесінде «АН-2» ұшағы арқылы 900 гектар алқап залалсыздандырылды. Қазіргі таңда зиянкестер анықталған аймақтар болжам орталығы мамандарының тұрақты бақылауына алынған. Шегіртке ошақтарының таралуына жол бермеу бағытында тиісті шаралар жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында шегіртке зиянкесіне қарсы нақты 703 мың гектар дәріленген. Оның ішінде, 367,7 мың гектары жоспарға сай жүзеге асса, 335,2 мың гектарында қосымша анықталған алқаптар бойынша жұмыс демеушілерді ұйымдастыру арқылы атқарылды.
5 маусым күні облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес, Келес ауданында кезекті штаб мәжілісін өткізді.
Бақылаушылар негізгі ошақтардың жойылғанын, ендігі кезекте экономикалық зиянды шегіне жетпейтін алқаптарды тазалау жалғасып жатқанын баяндады. Арыстағы Қожатоғай ауыл округінде Басқарбек шаруашылығының аймағы, Сарыағаш ауданында Әлімтау, Жылға, Дарбаза ауыл округтерінің белгіленген аймақтары, Келесте Жиделі ауылының жайылым жерлері, Ақтөбе, Жамбыл ауыл округтерінің белгіленген аймақтары күнделікті қадағаланып, қажеттілігіне қарай химиялық өңдеу жүргізілуде. Бәйдібек ауданының Жамбыл облысы, Сарысу ауданымен шекаралас алқаптарында кезекші техникалар жұмыс атқаруда. Анықтаушылар мониторинг нәтижесімен, жалпы 437 гектар аймақты залалсыздандыруға ұсынды.
Облыс әкімінің орынбасары аудандарда анықтаушылардың қатарын толықтыруды тапсырды. Техникалардың кезекшілігі тұрақты қадағалауда болатынын ескертті. Сондай-ақ, жауаптыларға көршілес Өзбекстанмен шектесетін аймақтарды күнделікті бақылауды, зерделеу нәтижесінің есебін күнделікті тапсыруды жүктеді.
2025 жылы 9 сәуірде шегірткеге қарсы фитосанитарлық іс-шараларды өткізу бойынша жедел штаб отырысы Түркістан облысында өткен-ді. Жиынға ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының м.а. Сакен Каныбеков қатысты. Кеңес барысында өңірде шегірткемен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар талқыланды. Шегірткенің таралуы тіркелген 9 ауданда 65 жұмыс тобы құрылып, профилактикалық және жедел әрекеттерді қамтитын егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленді.
Жағдайға мониторинг жүргізуге штаттық мамандар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін қосқанда мыңнан астам адам жұмылдырылған.
Шегіртке дернәсілдерінің алғашқы жер бетіне шығуы биыл 3 сәуірде тіркелді. Олардың әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес химиялық өңдеу жұмыстары басталды.
Жалпы, 2025 жылы Қазақстанда шегірткенің таралуы 2,1 млн гектар аумақты қамтиды деп болжанып, қорғау шараларын жүргізу үшін мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, кешенді қызметтер сатып алынды. Барлығы 443 бүріккіш техника жұмылдырылды. Оның ішінде Түркістан облысына 58 жерүсті бүріккіш, 4 ұшақ және 2 ұшқышсыз авиациялық жүйе тиесілі. Барлық техникалық құралдар қажетті техникалық тексеруден өтіп, жұмысқа кірісті. Олар нақты жағдайға байланысты іске қосылды.
Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіру жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер де мәлім етті. Аталмыш ведомствоның дерегінше, Қазақстанда 1,8 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқабы шегіртке зиянкестеріне қарсы өңделген. Әйткенмен елімізде үйірлі шегірткелерге қарсы ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау науқаны жалғасып жатыр.
«Бүгінгі таңда күрес шаралары аясында 1,8 миллион гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді. Бұл жоспарланған 2,1 миллион гектардың 86,6 пайызын құрайды. Өңдеу жұмыстарына 459 бірлік арнайы бүрку техникасы жұмылдырылды», — дейді министрлік жауаптылары.
Түркістан облысында химиялық өңдеу жұмыстары 371,79 мың гектар аумақта жүргізілді. Жамбыл облысында 86,12 мың гектар (80%) алқапқа өңдеу жүргізілді.
Жұмыстар еліміздің тағы 13 өңірінде жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда:
Қостанай облысында – 391,04 мың гектар;
Ақтөбе облысында – 388,93 мың гектар;
Батыс Қазақстан облысында – 191,48 мың гектар;
Ақмола облысында – 65,31 мың гектар;
Атырау облысында – 50,84 мың гектар;
Қарағанды облысында – 39,28 мың гектар және басқа өңірлерде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіру жағдайлары тіркелген жоқ.
Министрлік мәліметінше, өңірлер қажетті техникамен, химиялық препараттармен және басқа да ресурстармен толық қамтамасыз етілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.