
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілері өзрара бірлесіп, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерде профилактикалық бағыттағы түсіндіру жұмыстарын қамтыған акция ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында тұрмыстық жағдайлардағы жазатайым оқиғалардың, оның ішінде терезеден балалардың құлауы, өрт жағдайлары, су айдындарындағы қайғылы оқиғалар мен жер сілкінісі кезінде қауіпсіз әрекет ету бойынша ақпараттандыру деңгейін арттырып, алдын алу шараларын насихаттау.
Акция барысында еріктілер мен құтқарушылар пәтер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «Қауіпсіздіктің 10 қадамы» атты жадынамалар мен парақшалар таратты. Сонымен қатар, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, шұғыл жағдайда дұрыс әрекет ету жолдары түсіндірілді.
Мұндай алдын алу шаралары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықтың төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға бағытталған.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Ерікті демекші, Түркістандағы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы өтті. Бұл игі шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы және «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырып отыр.
Байқаудың мақсаты – жастар арасында волонтерлік мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған тың жобаларды қолдау.
Бірінші күні қатысушыларға арналған оқыту семинар-тренингтері өтті. Онда волонтерлік жобаларды басқару, мотивация, көшбасшылық және командамен жұмыс істеу бағыттарында практикалық кеңестер берілді.
Екінші күні 18 команда өз жобаларын 7 минуттық презентация форматында қорғап, қазылар назарына ұсынды. Күн еріктілер еңбегін бейнелейтін бейнероликпен басталып, көркем би қойылымымен жалғасты.
Екі күнге созылған бұл байқау – Түркістан жастарының азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жолындағы маңызды бастама. Қазылар алқасы жобалардың әлеуетіне тоқталып, артықшылықтары мен дамытатын тұстарын атап өтті.
Байқау нәтижесі бойынша қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Түркістан қаласының «Жастар» командасы иеленді. Жүлделі 2-орын Сауран ауданының «Асыл мұра» командасына бұйырды. Ал 3-орынға Арыс қаласының «Hope Livers» командасы қанағат тұтты. 1-орынға — 500 мың теңге, 2-орынға — 300 мың теңге, 3-орынға 200 мың теңге қаржылай сыйақылар табысталды. Сондай-ақ қалған қатысушы командаларға ынталандыру сыйлығы ретінде 50 мың теңге және арнайы сертификаттар үлестірілді.
Қоса кетер тағы бір ақпар, Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы және Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары (сүңгуірлері) қала аумағында орналасқан жеке кәсіпкерлерге тиесілі бассейндермен түзілген өзара ынтымақтастық меморандумы аясында әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына тегін шомылу және жүзуге үйрету жұмыстарын ұйымдастыруда.
Аталған меморандумның негізгі мақсаты – балалар арасында суға шомылу мәдениетін қалыптастыру арқылы тыйым салынған өзендер мен каналдарда шомылу деректерінің және қайғылы жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Жүзуге үйрету және қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары шомылу маусымының соңына дейін жалғасатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.