2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Электрокар жүргізушілеріне қойылатын алаптар күшейтілді

Түркістан қаласындағы Мәдени-рухани орталық аумағында туристерге сапалы қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында электрокар жүргізушілерінің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді.

Атап айтқанда, жүргізушілердің бірыңғай киім үлгісі мен қызмет көрсету әдебінің сақталуын бақылау үшін күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл жұмыстар Жергілікті полиция қызметі мен Түркістан қаласы әкімдігінің Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мамандарының бірлесуімен жүзеге асуда. Нәтижесінде, электрокар жүргізушілері арнайы формамен қамтамасыз етіліп, туристермен қарым-қатынас жасау әдебі мен мәдениеті бойынша түсіндірмелер жүргізілді.

Бұл бағыттағы бақылау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Бұдан бөлек Түркістанда заңсыз сауда жасайтындармен де күрес мақсатында рейд ұйымдастырылды. Түркістан қаласының полиция басқармасы бастығының орынбасары Алмас Келдібекұлы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында заңсыз сауда жасаушыларға кезекті рейдтік іс-шараларын жүргізді.

Рейд барысында белгіленбеген орында сауда-саттық жасап жатқан ретсіз сауда орындары анықталып, 10-ға жуық тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы (Белгiленбеген орындарда сауда жасау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ әкімшілік аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторлары ретсіз саудамен айналысып жүрген азаматтарға профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасады.

Айта кетерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тұрақты түрде жүргізіледі.

Түсіндіру демекші, Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы “Автожанармай құю бекеттері мен автогаз құю бекеттеріндегі өрт қауіпсіздігі талаптары” бойынша төмендегі маңызды ескертулерді назарларыңызға салады. Жанармай мен газ құю бекеттерінің аумағында темекі шегуге қатаң тыйым салынады. Қозғалтқышы қосулы көлікке жанармай немесе газ құюға болмайды. Тұрмыстық газ баллондарын автогаз құю бекеттерінде толтыруға қатаң түрде тыйым салынады. Көгалдандыру кезінде гүлдену кезінде үлпек шығаратын немесе отқа тез жанатын талшықты ағаш-бұталарды отырғызуға болмайды. Бекет аумағы жанғыш қоқыстардан, құрғақ шөптен, жапырақтардан және төгілген мұнай қалдықтарынан тұрақты түрде тазартылып тұруы қажет.

Жалпы, Түркістан қаласындағы негізгі бағыттардың бірі – туризм. Аймаққа келушілер саны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген.

Туризмді дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы саяхатшылар көп келетін орындарға кезекті рет зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен сол маңдағы туристік нысандарды аралап, тазалық жұмыстары, келушілерге қолайлы жағдай жасау, қызмет сапасын көтеру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

– Мемлекет басшысы туристік инфрақұрылымды жақсарту міндетін жүктегенін білесіздер. Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Сондықтан туризм – басым бағытқа ие. Саяхатшылар мен зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасап, қызмет сапасын жақсарта түсу керек, – деген Нұралхан Көшеров анықталған кейбір кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Аралау барысында нысандардың жай-күйі, санитарлық талаптарға сәйкестігі және өзге де мәселелер қаралды. Тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, «E-qonaq» жүйесіндегі деректерге сәйкес, биылғы 5 айда Түркістан облысына 18699 шетелдік турист келген. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 2 есе көп. Әсіресе, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан елдерінен саяхатшылар көп келген. Келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Түркістан қаласындағы туристік полиция қызметкерлері бейнежетон, планшет, рация, арнайы киім және электрокармен қамтылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You