2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Жылыту маусымына дайындық және білім мен мәдениет нысандарындағы құрылыс жұмыстарын қала басшысы бақылауына алды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына қатысты арнайы мәжіліс өтті.

Мәжіліс барысында 1-2-ші мөлтекаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйесінің жарамдылық деңгейін анықтау және тиісті дайындық шараларын уақытылы орындау мәселесі талқыланды.

Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаевтың баяндауынша, қазіргі таңда 74 көпқабатты үйдің 34-де дайындық жұмыстары аяқталып, қалған 41 үйде жаңарту, ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, 1-2-ші мөлтекаудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбеттерін ретке келтіру, ауыз су жүйесін жаңа желіге қосу, әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындық барысы талқыланды. Мұнда 32 көпқабатты үйдің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар үйлердің тек сыртқы келбетін ғана емес, жалпы тұрғындардың өмір сүру сапасын, қаланың көркін жақсартары сөзсіз.

Әзімбек Пазылбекұлы 1-2-ші мөлтекаудандардағы 74 көпқабатты тұрғын үйдің ішкі жылу жүйелерін биыл 10 тамызға дейін толықтай дайын күйге келтіруді қатаң тапсырды.

Еске салайық, Түркістан облысында жылумен қамту бағытында жалпы саны 7 кәсіпорын тұрақты қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, онда 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандық жұмыс істейді. Бүгін алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жұмыстары пысықталған кезекті аппарат мәжілісі өтті. Бұл мәселелерді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тікелей бақылауына алып, жауапты мамандарға сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.

Облыстағы жылу қазандықтарының 1297-сі білім ошақтарын, 685-і аурухана, 211-і мәдениет үйлерін, 7-і жұмыспен қамту орталықтарын, 73-і спорт нысандары мен қалған 737-і көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтиды.

Өңір басшысы салаға жауапты мамандарға жылыту жүйелерін қадағалап, дайындықты күшейтуді тапсырды. Бүгінде жылу энергия орталықтарына алдағы жылыту маусымына қажетті отын көлемі нақтыланған. Олардың қатарында, 109,7 мың тонна көмір, 20 мың литр дизель, 8,1 мың тонна мазут, 27 627 мың текше метр газ қажеттілігі анықталған. Сонымен қатар жоспарға сәйкес жылыту маусымының дайындық жұмыстарына бюджет есебінен қажетті қаржы бөлінген.

Осы аптадағы апталық аппарат мәжілісінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі де қаралды.

Аймақта жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 105,6%-ды құрап отыр. Яғни Түркістан өңірі бағаны тұрақтандыру жұмыстары бойынша өңірлер арасында алдыңғы қатарда келе жатыр. Дегенмен, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің баға тұрақсыздығы байқалған. Қазіргі таңда өңір көлемінде өнім жинау жұмыстары қарқын алып, баға тұрақтылығы орнады. Мәселен аймақта 271 мың тонна қырыққабат өндірілсе, картоптан 166 мың тонна өнім алынды, шілде-тамыз айларында қосымша 103 мың тонна күтілуде. 46 мың тонна сәбіз, 21 мың тонна пияз өндірілді.

Айта кету керек, облыста көкөніс өнімдерінің бағасы салыстырмалы түрде ең төменгі көрсеткішті құрайды. Тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қала аумағындағы 50-ге жуық ірі супермаркеттерге, базарларға және әлеуметтік дүкендерге тұрақты түрде жеткізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында азық-түлік тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсыну үшін әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттердегі әлеуметтік бұрыштар саны артып келеді. Атап айтқанда Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 40 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Тағы 10 әлеуметтік дүкенді іске қосу жұмыстары қаралып жатыр.

Әлеуметтік дүкендер және әлеуметтік бұрыштардағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен бағада саудаланып жатыр.

«Әрбір үй — әр отбасы үшін қасиетті, жылы мекен. Оның жылумен, су, жарық, кәріз жүйесімен ешбір кедергісіз қамтамасыз етілуі, инфрақұрылымның дамуы — біздің негізгі назардағы мәселелеріміздің бірі. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру – кезек күттірмейтін міндет. Қазір әкімдіктің барлық бөлімдері тұрғындармен бірге атсалысуда. Әрине, мұндай ауқымды жұмыс бір күнде бітпейді. Бірақ, жүйелі жоспар, жауапты атқарушы, нақты бақылау болған жерде нәтиже де болады деп ойлаймын. Тұрғындарға да айтарымыз, үйімізді, қаламызды күтіп-баптап, таза ұстайық» — дейді қала басшысы.

Мұнан өзге бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы күрделі жөндеуден өтіп жатқан №9 Некрасов атындағы жалпы орта мектебі мен №31 Абай атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысын аралады.

Аталған білім беру мекемелері бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігер ұйымдар анықталған. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың мамыр айының соңында басталып, қазіргі уақытта жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.

Әзімбек Пазылбекұлы алдымен №9 Некрасов атындағы жалпы орта мектебінде болды. Аталған оқу орнында бүгінде 2737 оқушы білім алуда. Қала әкімі мектеп ғимаратының оқушылар үшін қауіпсіз болуын, сондай-ақ сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлардың толық қамтамасыз етілуін қадағалауды тапсырды. Жауапты мекемелерге нысанды жаңа оқу жылына дейін толық дайын күйде тапсыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, қала әкімі №31 Абай атындағы жалпы орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда 780 бала білім алып жатқан мектептің жай-күйімен танысқан шаһар басшысы мердігер мекемеге құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, жұмыс сапасына ерекше мән беру және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы нысандардың құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарының орындалуына ерекше назар аударып, білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз етуге баса назар аударды.

«Біз үшін білім саласы – басым бағыттардың бірі. Балаларымыздың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалатын болады» — дейді шаһар әкімі.

Сонымен қатар Түркістан қаласында мәдениет саласын дамыту және тұрғындардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жаңадан салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы бүгінде 90% аяқталған.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралау барысында мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты.

Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жақын арада 500 орынға арналған көрермен залы бар заманауи мәдениет үйін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Шаһар басшысы мердігер мекеме өкілдеріне уақытылы, сапалы, қауіпсіздік пен техникалық талаптар бойынша кемшіліктерді түзетуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You