
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында бой көтеріп жатқан жаңа ипподром құрылысының барысымен танысты.
Ипподромның жалпы ауданы 99 гектарды құрайды. Жоба аясында ұзындығы 4 шақырымға жуық бәйге жолы, 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, 100 жылқыға арналған атқоралар мен жаттығу алаңдары қарастырылған. Кешен ат спортын дамытуға әрі көрермендерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Жаңа ипподромды 2026 жылдың қаңтар айында пайдалануға беру жоспарланған.
Нысан басына арнайы барған шаһар басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын басты назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, кешеннің заманауи талаптарға сай әрі көпфункционалды түрде салынуы қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ бүгін Түркістан қаласында құқықбұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шара Түркістан қалалық Ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» КММ және қалалық полиция басқармасының бірлесуімен өткізілді. Рейдтік шара барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүруі, шылым шегу, қоғамдық тәртіпті бұзу сынды құқыққа қайшы әрекеттер анықталды.
Аталған фактілер бойынша жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, әкімшілік жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және құқықтық мәдениетті арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
Қоса кетер тағы бір мәселе, Түркістан қаласында террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланған ресми жиын өтті. Шараға жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары және стратегиялық нысан иелері қатысты.
Жиын барысында Түркістан қалалық полиция басқармасы мен Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл қызметі бөлімдерінің өкілдері баяндама жасап, қала аумағындағы маңызды стратегиялық, әлеуметтік және көпшілік баратын нысандардың қорғалу деңгейіне тоқталды.
Сонымен қатар, террористік тұрғыдан осал объектілердің тізіміне енгізу, олардың қауіпсіздігін арттыру және төтенше жағдайларға дайындығын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысында қатысушыларға ашықтық пен жауапкершілік танытып, өз деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі ескертілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.