Түркістан облысы: Жетісай мен Қазығұрт аудандарында жалпыаудандық сенбілік өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Түркістан облысында белсенді жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен бүгін аудан аумағындағы қала, кент, барлық ауылдық округтерде жаппай сенбілік жұмыстары жүргізілді.

Екі мыңға жуық тұрғын мен 200-ден аса қызметкер және жергілікті кәсіпкерлер, 16 техника жұмылдырылған сенбілік барысында саябақтар мен гүлзарлардың, тарихи ескерткіштердің аумағы шөптерден, қураған ағаштардан тазартылып, көшелер мен арық-атыздардан 18 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар ағаштардың түптері әктеліп, көшеттер отырғызылды.

Сондай-ақ Қазығұрт ауданының барлық ауылдық округтерінде де аудан әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары аудан аумағында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сенбілікке аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев арнайы қатысып, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына қолдау білдіріп, аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға және табиғатты аялауға шақырып, арнайы үндеу жасады.

Сенбілікке аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен жастар өкілдері белсенді атсалысты. Олар ауыл көшелерін, мекеме маңын қоқыстан тазалап, жас көшеттерді суарып, түптерін қопсытып, қураған бұталарды кесіп, шөптерді шауып, күл-қоқыс алаңдарын ретке келтірді. Тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға шығарылды.

Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауыл әкімдері, имамдар мен учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар қоқысты тек рұқсат етілген орындарға тастауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You