Шымкент: «Таза Қазақстан» акциясы аясында бір күнде 172 тонна қоқыс шығарылған жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды

Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» ұранымен дәстүрлі жалпықалалық сенбілік өтті. Қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау мақсатында өткен бұл экологиялық шараға түрлі мекемелердің қызметкерлері мен еріктілер – ұзын-ырғасы 3 755 адам белсенді қатысып, 136 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 172 тонна қоқыс шығарылды.

Оның ішінде аудандық көрсеткіштерге тарқата тоқталсақ:

  • Абай ауданы — 445 адам, 16 техника, 28 тонна;
  • Әл-Фараби ауданы — 499 адам, 30 техника, 41,7 тонна;
  • Еңбекші ауданы — 1532 адам, 33 техника, 15,7 тонна;
  • Қаратау ауданы — 704 адам, 25 техника, 42,1 тонна;
  • Тұран ауданы — 575 адам, 32 техника, 44,5 тонна.

Сенбілік барысында қатысушылар жұдырықтай жұмылып, көшелер мен аулаларды қоқыстан тазалап, қураған ағаштар мен бұталарды кесті, шөп шауып, ағаштарды әктеді, сондай-ақ абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Бұл ретте сенбілікке Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы да өз үлесін қосқанын айта өтейік. Басқарма ұжымы Шоқан Уәлиханов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қызметкерлер жасыл аймақтар мен балалар алаңдарын ретке келтіріп, көше бойындағы қоқыстарды жинап, айналаны таза ұстауға күш салды.

Аталған шараға басқарма қызметкерлерімен қатар белсенді жастар да қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз септігін тигізді. Бұл игі бастама — қала тұрғындарына тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға жанашырлық таныту жөнінде маңызды үлгі.

Көптеген шымкенттіктер бұл акцияға қатысу қала тазалығына қосқан үлес қана емес, сонымен бірге бірлікті сезінудің мүмкіндігі болғанын айтады.

«Біз отбасымызбен келдік, балаларымызға тазалық әрқайсымыздан басталатынын көрсеткіміз келді», — дейді Қаратау ауданының тұрғыны.

«Студенттермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен және көршілерімізбен қатар жұмыс істегенде, бұл ортақ істің бізді біріктіретінін түсінесің», — деп қосты сенбілікке қатысушы.

Атап өтер жайт, «Таза Қазақстан» акциясы 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған аттас мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі Шымкенттің кешенді жоспарының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты — қаланың тазалығын сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Тазалық — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қала көркін арттыру мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру — баршамызға ортақ міндет.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You