
Бүгінгі цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуы қоғамға үлкен мүмкіндіктер сыйлағанымен, сонымен қатар жаңа қауіптерді де тудырып отырғаны жасырын емес. Қазіргі таңда алаяқтық іс-әрекетпен күнделікті кездесіп қалып жатамыз. Ал, сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік құрылымдар мен қаржы секторына бағытталған кибершабуылдар жылдан-жылға артып келеді.
Зиянкестер жасанды интеллектіні пайдалана отырып, шабуылдарын автоматтандырып, ауқымын кеңейте бастаған. Сондықтан киберқауіпсіздікке кешенді әрі жүйелі түрде қарау уақыт талабы саналады.
Осы өзекті мәселелер бүгін «Shymkent Hub» орталығында өткен «Цифрлық қауіпсіздік және сауаттылық» тақырыбындағы форумда талқыланды. Жиынға ІТ мамандар, стартап өкілдері және жастар қатысты. Шара барысында қатысушыларға заманауи қауіптен қорғану жолдары мен жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.
– Қазір әрбір азамат банк картасын пайдаланады және интернет арқылы сауда жасайды, түрлі қосымшаларға жеке мәліметтерін енгізеді. Осындай кезде қауіпсіздікті сақтамау үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Қазір тіпті «чат GPT» кеңістігіне жеке мәліметтерді жіберу немесе мекеме құжаттарын жіберіп, бір шешім табу белең алып барады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру – тек ІТ мамандардың емес, бүкіл халықтың міндеті болуы тиіс, – дейді хабтың резиденті Самал Райымжан.
Форум барысында жас мамандар жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қатерлерге қарсы тұрудың жолдарын ұсынып, азаматтарды киберқауіпсіздікті күшейтуге шақырды.
P.S. 2025 жылғы 13 наурыздан бастап дербес деректерді, электрондық құжаттарды және ЭЦҚ қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді: әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі ұлғайды, дербес деректерді қорғау саласындағы әкімшілік айыппұлдар 3 есеге, ал ақпараттандыру саласында 5 есеге өсті. ЭЦҚ-ны заңсыз пайдаланғаны және оның түпнұсқалығын тексермегені үшін жаңа шаралар енгізілді.
41 мың адамды оқытқан CITIZENSEC.KZ ұлттық білім беру платформасы да іске қосылды. 1 миллионнан астам дербес деректерді өңдейтін операторлар үшін міндетті кибер сақтандыру енгізілді. Заңсыз несиелердің алдын алуға және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға көмектесетін бұзылған деректер тізілімі жасалады.
Елімізде азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлық қоғам» ауқымды жобасы басталды. «Цифрлық қоғам» жобасының өзі — жай ғана жоба емес, цифрлық әлемдегі саналы және қауіпсіз болашаққа жасалған маңызды қадам. Жоба аясында ата-аналар жиналыстарын өткізу, «Серебренная лига» деп аталатын егде жастағы адамдарға арналған цифрлық сауаттылық орталықтарын ашу, цифрлық еріктілерді оқыту, цифрлық заңдармен жұмыс істеу және цифрлық сауаттылық индексін әзірлеу жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
